Accessibility links

Зеленский мен Трамптың дау-дамайы: төрт түйін


АҚШ президенті Дональд Трамп (сол жақта) пен Украина президенті Владимир Зеленскийдің суреттерінен коллаж
АҚШ президенті Дональд Трамп (сол жақта) пен Украина президенті Владимир Зеленскийдің суреттерінен коллаж

Бұдан нашар болуы мүмкін емес...

Владимир Зеленскийдің Ақ үйге сапары біраз мүмкіндікке жол ашатындай көрінген. Кездесу нәтижелі болған жағдайда, шартты түрде Украина мен АҚШ-ты байланыстыратын сирек кездесетін металдар туралы келісімге қол қойылуы мүмкін еді. Сонымен бірге Дональд Трамп үшін Киевті Ресейдің шабуылынан қорғауға қосымша ынталандыру болар еді. Бұған қоса, ел басшыларының кездесуі Ресеймен бітімге келу немесе бейбіт келісімге қол қою жағдайында Вашингтон Киевке қандай қауіпсіздікке кепіл бола алатынын көрсетіп, жалпы кепіл бола ала ма, жоқ па, соны анықтап берер еді.

Тіпті мұның ешбіріне қол жетпеген күннің өзінде, таяуда ғана бір-біріне сын айтқан Зеленский мен Трамп кемінде достық рәуішпен тарауы ықтимал еді.

Алайда, барлығы керісінше болды, екеуінің арасы бұрынғыдан бетер ушыға түсті. Зеленский Ақ үйден шұғыл аттанды. Сирек металдар туралы келісімге сол күйі қол қойылмады, бірлескен баспасөз мәслихаты өтпей қалды, ал Зеленский журналистердің көз алдында шырқау шегіне жеткен дау-дамайда барысында Трамп пен вице-президент Джей Ди Вэнс тарапынан қатаң сынға ұшырады.

Бұл көрініс табиғи ресурстар туралы келісімнің тағдырын күмәнді етіп қана қоймай, Американың болашақта Украинаға көмек беру-бермеу мәселесін де таразыға тартты. Ресейдің Украинаға қарсы соғысын тоқтатуға немесе аяқтауға мүмкіндік беретін кез келген келісімнің болашағын бұлыңғыр етіп тұр деуге болады.

Кездесудің салдары қандай болуы мүмкін дегенде төрт негізгі түйін бар.

Залалы айтарлықтай болады

Трамп пен Зеленский қол қоюға тиіс болған сирек металдар туралы келісім бар болғаны шекті келісім еді. Сарапшылардың айтуынша, дәл қазіргі сәтте оның мәні де шартты еді: бұл екі президент үшін де дипломатиялық табысқа қол жеткізу мүмкіндігі әрі Трамп әкімшілігінің бұған дейін Украинаға көрсетілген және болашақта берілуі мүмкін көмегінің орындылығына қатысты күдік-күмәнді ақтап алу мүмкіндігі еді.

Трамп бұл жобаны Украинадағы бейбітшілікке қол жеткізу жолындағы маңызды қадам деп атады. Сондықтан оған түбінде қол қою не қоймау және оның қашан жүзеге асуы Киев пен Вашингтон Ресеймен бітімге немесе бейбіт келісімге келу мүмкіндігі бойынша бірлесе жұмыс істей алатынын не алмайтынын көрсететін белгі болмақ.

Әйтсе де, бұдан гөрі маңызды сұрақ бар: АҚШ Украинаға қатысты саясатын түбегейлі өзгерте ме? Мәселен, әзірге жалғасып жатқан әскери көмекті тоқтатуы немесе айтарлықтай қысқартуы мүмкін бе? Немесе Ресеймен бітімге келу туралы келіссөзді күшейтіп, Киевті ешқандай қолдаусыз қалдыруы мүмкін бе?

Алауыздық ұзаққа созыла ма, әлде?..

Ақ үйдегі кездесу Америка мен Украинаның қарым-қатынасындағы кезекті құлдырау болды, онсыз да Трамп пен Зеленскийдің арасы 2019 жылдан бері ширығып келе жатыр еді.

Дегенмен, осымен бәрі бітті деуге ерте. Бұл жағдай Трамп Зеленскийді "диктатор" деп айыптап, Зеленский Трамп Ресейдің пропагандасына еріп кетті деген емеурін білдіруі саябырлай бастаған сәтте болды. Кейінгі сапары алдында Трамптан Зеленскийді диктатор деп атағаны жайлы сұрағанда: "Мен сөйтіп айттым ба? Олай дегеніме сене алар емеспін", – деп жауап қатты.

Екінші жағынан, Зеленский соңғы кездесу кезіндегі дау-дамайға қарамастан, әлі де АҚШ-тан қосымша көмек алып, Американың күш-қуатын пайдалана отырып, қауіпсіздік кепілдігіне қол жеткізгісі келеді. Сондықтан да, көпшіліктің көз алдында болған оқиғаға қарамастан, алауыздықты жоюға аз да болса мүмкіндік бар.

АҚШ пен Еуропаның арасындағы жік тереңдеуі мүмкін

20 қаңтарда Трамп Ақ үйге қайта оралғаннан кейін АҚШ пен Еуропа одағы құрамындағы көптеген елдің қарым-қатынасы ширыға түсті. Келіспеушілік тудырып отырған негізгі себептің бірі Украина мен Ресейге қатысты саясат болса, сауда келісімінен бастап, либерал құндылықтарға дейінгі басқа да бірқатар мәселе және бар.

Вице-президент Вэнстің 14 ақпанда Мюнхендегі қауіпсіздік конференциясында сөйлеген сөзінен кейін бұл жік тереңдей түсті. Жиында Вэнс Ресей, Қытай немесе басқа сыртқы ойыншылардан гөрі Еуропаға өз ішкі мәселелері көбірек қауіп төндіреді деп мәлімдеді.

Франция президенті Эммануэль Макрон мен британ премьер-министрі Кир Стармер Зеленскийден бір апта бұрын Ақ үйге барып, келіспеушіліктің қызуын бәсеңдетуге тырысқан, әсіресе Ресейдің агрессиясы мен Украинадағы соғыс мәселесіне назар аударған.

Зеленский мен Трамптың кездесуі табысты аяқталған жағдайда, бұл АҚШ пен Еуропаның да бірлігінің нығаюына жол ашар еді. Алайда бәрі керісінше болып шықты: Еуропа елдері басшыларының көпшілігі Украинаны қолдағандықтан, трансатлантика қарым-қатынасы бұрынғыдан бетер ширыға түсті.

Еуропа комиссиясының басшысы Урсула фон дер Ляйен Х әлеуметтік желісінде украин тілінде былай деп жазды: "Күшті, батыл және ержүрек болып қала беріңдер". Украинаның "ешқашан жалғыз қалмайтынын" да айтып, Еуроодақ "әділ әрі мықты әлем" құру жолындағы жұмысын жалғастырады деп қосты.

"Әділ әлемге" қауіп төніп тұр

Зеленский мен еуропалық көшбасшылар "әділ де мықты әлем" дегенде Ресейге тиімсіз, Украинаны Мәскеудің ықпалында қалдырмайтын және оған жаңадан шабуыл жасауға жол бермейтін әлемді айтады.

Алайда 12 ақпан күні Трамп пен Путиннің телефонмен сөйлесуі және Ақ үй әкімшілігінің 18 ақпанда Эр-Риядта өткен ресейлік шенеуніктермен кездесуге өкілдерін жіберуі Украинаға тиімсіз келісімді таңа ма деген Киев пен Брюссельдің қаупін арттыра түсті.

Зеленский мен Трамптың кездесуі жақсы өтсе, қауіп сейілер еді. Трамп алдымен Путинмен емес, өзімен кездесуі маңызды екенін Украина басшысының баса айтуы тегін емес. Алайда бәрі ойдағыдай болмай шықты да, әділетсіз келісім жасалуы ықтимал деген қауіп қайтадан күшейе түсті.

XS
SM
MD
LG