АҚШ және Украина басшыларының келіссөзі сәтсіз аяқталды. Тараптар Украинаның пайдалы қазбаларын бірігіп игеру туралы келісімге қол қойған жоқ. Ақ үйдегі президенттің кабинетінде журналистердің көзінше сөз таластырған екі елдің басшылары кездесуді аяқтамай шығып кетті.
Келісөздің басында Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ басшысы Дональд Трампқа пайдалы қазба бойынша келісім үшін алғыс айтып, АҚШ қандай нәрсеге баруға дайын екенін талқылағысы келетінін жеткізді. Ол Ресей президенті Владимир Путинді меңзеп, "бірігіп оны тоқтата аламыз" деді.
Украина басшысы Трампты "қанішермен ымыраға келмеуге" шақырды.
ПРЕЗИДЕНТ КАБИНЕТІНДЕ НЕ БОЛДЫ?
Ақ үйде президенттің кабинетіндегі кездесудің соңы дауға ұласты. Журналистер алдында сөйлеген сөзінде Зеленский АҚШ-тан қауіпсіздік кепілдігін алу қажеттігін алға тартып, онсыз атысты тоқтатуға дайын емес екенін жеткізді.
"Бізге атысты тоқтатудан да көп нәрсе керек... Мен Путинмен Макрон және Меркельдің көзінше келісімге қол қойғанмын. Бұл жерде қандай дипломатия болуы мүмкін?" деп бір тоқтады Зеленский.
Ал Трамп оған жауап ретінде Украина "соғыс басталғалы бері өте қолайсыз жағдайда тұрғанын" айтып , оның АҚШ-қа "рахмет айтуы керек екенін" жеткізді. Украина билігі Ақ үйге "Киев атысты тоқтатуды қалайды немесе қаламайды деп айта алмайды" деді.
Трамп бейбітшілік келісімін жасау үшін Киевке "мәмілеге келуге" тура келеді деді. Егер Украина билігі келісімнен бас тартса, АҚШ бейбітшілік келісім жасауға қатыспайтынын айтты.
"Бізсіз қолдарыңызда карта жоқ, бізге алғыс айтуларыңыз керек. Біз сіздің еліңізді сақтап, соғысты тоқтатқымыз келеді. «Соғысты тоқтатқым келмейді» деп айта алмайсыз. Сізге 350 миллиард доллар бердік, бірақ сонда да риза емессіз. Бізге бір нәрсені күшпен таңуға құқығыңыз жоқ. Қазір жағдай сізге тиімді болып тұрған жоқ" деді Трамп.
"Мен мұнда карта ойнау үшін келген жоқпын" деді Зеленский.
Трамп Украина президенті "үшінші дүниежүзілік соғыспен ойнап отыр" деп мәлімдегеннен кейін АҚШ вице-президенті Вэнс Зеленскийді құрметсіздік танытты деп айыптады. Осыдан кейін Трамп кеңесшілерімен бірге кеңесуге шығып кетті. Пайдалы қазбалар туралы келісімге қол қойылған жоқ. Кездесуден кейін жоспарланған ортақ баспасөз жиыны да өтпей қалды. Түскі ас ішу рәсімі де болған жоқ, Зеленский шұғыл Ақ үйден кетті.
ЕКІ ПРЕЗИДЕНТТІҢ МӘЛІМДЕМЕЛЕРІ
Келіссөзден кейін Трамп мәлімдеме жасап, "президент Зеленский бейбітшілікке дайын емес, ол келіссөздерге біздің қатысуымыз оған үлкен артықшылық береді деп санайды. Маған артықшылық керек емес, маған БЕЙБІТШІЛІК керек. Ол сопақ кабинетте АҚШ-қа құрметсіздік көрсетті. Ол бейбітшілікке дайын болған кезде орала алады" деді.
"Америкаға рахмет, қолдауыңыз үшін рахмет, осы сапар үшін рахмет. Президентке, Конгресске және Америка халқына рахмет. Украинаға әділ және тұрақты бейбітшілік керек, біз сол үшін жұмыс істеп жатырмыз" деп жазды Зеленский Х желісінде.
FOXNEWS-ҒА СҰХБАТ
Украина президенті Владимир Зеленский FoxNews телеарнасына сұхбат беріп, Ақ үйдегі келіссөз туралы сұрақтарға жауап берді.
"Келіссөздің дауға ұласқаны үшін кешірім сұрауға дайынсыз ба?" деген жүргізушінің сұрағына Украина басшысы Трамп пен Америка халқын құрметтейтінін айтты. Ол екі жақ бір-бірін жақсырақ түсінуі үшін осындай "ашық әрі әділ әңгімені" бұрынырақ өткізуге болар ма еді деді.
Зеленский сұхбат барысында Трамппен әңгімені "жайлы болды деп айта алмайтынын", осыншалықты ауыр қайғы мен қасіреттен кейін өзінің де, Украина халқының да Путинге қатысты көзқарасы өзгермейтінін бірнеше рет қайталады. Оның сөзінше, соғыс Ресей Украинаға басып кіріп, оның аумағын жаулап ала бастаған кезде басталған.
"Біз бейбітшілікті, дипломатияны қалаймыз. Бізге әділ әрі ұзақ бейбітшілік керек. Бірақ ол орнауы үшін позициямыз мықты болуы керек. Ол үшін одақтасымыздың біз жақта екеніне көз жеткізгіміз келеді" деді Зеленский.
Жүргізуші тағы бір сұрақ қояр кезде АҚШ президенті Трамптың Ақ үйдегі кездесуден кейін айтқан видеомәлімдемесінен үзінді көрсетті. Ол Зеленский жөнінде "ол соғыса бергісі келеді, соғыса бергісі келеді" деді.
"Біздің соғысқымыз келмейді. Мен азаматтарымызды, жауынгерлерімізді құрметтеймін. Сондықтан Украинаның қашан және қандай [қауіпсіздік] кепілдіктерін алатыны туралы нақты ақпаратсыз орала алмаймын" деді Зеленский.
Жексенбі күні Зеленский Еуропадағы басшылармен кездесу үшін Лондонға бармақ.
КЕЛІССӨЗГЕ РЕАКЦИЯ
Еуропаның көптеген саясаткері Украинаны қолдап, мәлімдеме жасады.
Польшаның премьер-министрі Дональд Туск Х желісінде "президент Зеленский, Украина, сіздер жалғыз емессіздер" деп жазды.
"Украина, Испания сіздермен бірге" деді Испанияның премьер-министрі Педро Санчес.
"Бұл соғыстағы басқыншы – Ресей. Украинаға көмектесіп, Ресейге қарсы санкция салған біз осы уақыт бойы дұрыс істедік және осыны әрі қарай жалғастырамыз" деді Франция президенті Эммануэль Макрон. Оның сөзінен AFP үзінді келтіреді.
Германияның сыртқы істер министрі Анналена Бербок "Украина Германия, Еуропа және өзге елдердің айнымас қолдауына сүйене алады. Оның демократияны қорғауы және бейбітшілік пен қауіпсіздікке ұмтылысы – бұл біздің де міндет" деп мәлімдеді.
АҚШ-та келіссөздерге реакция саясаткерлердің қай партияға мүше екеніне қарай ерекшеленеді.
"Зеленский өз қимыл-әрекетімен америкалықтардың алдында өзін "жойып жіберді" деп жазды Трамптың жақын серігі, үкіметтің тиімділігі жөніндегі департамент басшысы Илон Маск.
Өкілдер палатасына Флоридадан сайланған республикашыл конгресмен Рик Скотт Трампқа "Америка үшін" болысқаны үшін алғыс айтты.
Трамп пен Вэнс "Путиннің лас жұмысын атқарып жатыр" деді демократ сенатор Чак Шумер. Ол сенаттағы демократтар еркіндік пен демократия үшін күресті ешқашан тоқтатпайды деді.
АҚШ конгресінің өкілдер палатасындағы демократтар жетекшісі Хаким Джеффрис те мәлімдеме жасады.
"Президент Трамп пен оның әкімшілігі Американы халықаралық аренада ұятқа қалдырып жатыр. Ақ үйдегі Украина президентімен кездесу өте сұмдық болды. Ол қатыгез диктатор Владимир Путинді одан әрі күшейте түседі. АҚШ Ресейдің басқыншылығына дем бермеуі керек", - деді ол.
Саясаткерлердің реакциясынан "Америка дауысы" үзінді келтірді.
ПІКІРЛЕР