Accessibility links

Атышулы 155-бригада. Францияда жаттыққан украин әскерінің қауқары қандай?


Украинаның 155-механикалық бригадасының сарбаздары Франциядағы жаттығу кезінде әскери көліктің алдында тұр.
Украинаның 155-механикалық бригадасының сарбаздары Франциядағы жаттығу кезінде әскери көліктің алдында тұр.

Украинаның Францияда жаттыққан 155-жеке механикалық бригадасында дезертирлер көбейіп, командирі қамауға алынып, қалған жауынгерлер құрал-жабдық тапшылығына шағынып жатыр. Қазір бұл бригада Покровск қаласын Ресейдің шабуылынан қорғау міндетін атқарып отыр.

Биыл көктемде Украина қарулы күштерінің француздар дайындаған 155-жеке механикалық бригадасының құрылғанына бір жыл толады. Аталған бригада осы уақытқа дейін келеңсіз себептермен ғана танылған.

Бұл әскери бөлімде дезертир көп. Әскери тілшілердің бірі бригаданы "ұйымдастырудағы барып тұрған бейберекетсіздік" деп атаған. Әскери бөлім Украина қарулы күштерін НАТО стилінде қайта құруға болады деген идеяға күмәнді күшейтті.

Қазір бригада Донбастағы қызу шайқас жүріп жатқан Покровск қаласында жүр. Жауынгерлердің әскери бөлімнің басындағы мәселелерді ойлауға мұршасы жоқ.

"Қашқысы келгендер қашып кетті. Қалғысы келгендер қалды", – деген Петро есімді жауынгер "Настоящее время" басылымына. Ол Украинаның әскери хаттамасына сәйкес, мақалада атын ғана көрсетуді сұрады.

Батыстың әскери кеңесшілерін былай қойғанда, украин командирлерінің өзі майданға жауынгер жинаудың ауыртпалығын ескеріп, Ресей басқыншылығына қарсы тұратын жаңа, модернизацияланған бригада құруға НАТО-ның тәжірибесі мен қару-жарағын пайдаланамыз деп үлкен үміт артқан.

Бірақ олардың үміті ақталмады. Украин әскері енді 1100 шақырымға созылған майдан шебіндегі қорғаныс бұзылмауы үшін барын салып жатыр.

Украина мен Батыс елдеріндегі көп адам 155-бригаданың басындағы қиындықтар Киев қарулы күштеріндегі институционалды мәселелердің көрінісі дейді.

Покровскіде соғысып жатқан 155-бригада жауынгерлерін "Француздар жіберген AMX-10 жедел, ширақ, бірақ әлсіз брондалған көлігі Украинаның әуе кеңістігінде жүрген ресейлік дрон соққыларына төтеп бере ала ма?" деген сұрақ мазалайды.

"Мені көздеп жүр, бірақ басқа экипаждар жапа шегіп үлгерді", – дейді Петро FPV дрондары жайлы.

FPV – ұшқышсыз басқарылатын аппарат. Оны шынайы уақыт режимінде бақылайтын көзілдірігі бар адам басқарады. Ресей-Украина соғысында бұл құрал қос тарап үшін де маңызды қаруға айналған.

Украинаның дронмен күрес бөліміндегі сарбаздар әуеден Ресей дрондарын іздеп тұр. Авдеевка бағыты, Украина. 2024 жылғы 6 мамыр.
Украинаның дронмен күрес бөліміндегі сарбаздар әуеден Ресей дрондарын іздеп тұр. Авдеевка бағыты, Украина. 2024 жылғы 6 мамыр.

БРИГАДАДАН ҚАНША АДАМ ҚАШТЫ?

Былтыр 155-бригада Францияда AMX-10 көлігі мен басқа да қару-жарақты басқаруды үйренген. Кей жауынгерлер сол жақта жүріп, әскери қызметін тастап, қашып кеткен. Басқалары Украинаға келген соң, бригада қатарынан шықты. Ақпарат құралдарының дерегінше, дезертирлердің жалпы саны 1700 адам. Бұл – бригаданың үштен бірі.

Желтоқсанда тергеушілер дезертирлікке қатысы бар деген күдікпен әскери бөлім командирі, полковник Дмитрий Рюмшинді ұстады. Өткен айда Киевтегі Печерский аудандық соты "әскери жағдайдағы әрекетсіздік" айыбымен полковникті 2 айға қамауға алу туралы қаулы шығарды.

Рюмшин тағылған айыпты мойындаудан бас тартты.

Украинаның қауіпсіздік қызметі мен мемлекеттік тергеу бюросы бірлескен тергеу бастап, бригададағы ықтимал жемқорлық пен дезертирлікті зерттеген.

Петро бригада жайлы оптимистік пікір білдіріп, "ұжым жұмыла білді", "енді бұл майданға жаңа келгенде ештеңе білмейтін, жаңадан құрылған бригада емес" деді.

Әскери бөлімнің тағы бір мүшесі Геннадий қолына темекі алып, AMX-10 көлігіне отырмас бұрын, бригада бірнеше ресейлік жауынгерді кепілге алғанын айтып үлгерді

Ол "жағдай әртүрлі болуы мүмкін" деп, дезертирлерді сынамайтынын білдірді.

155-механикалық бригаданың туы.
155-механикалық бригаданың туы.

БРИГАДАНЫҢ ҚАЗІРГІ АХУАЛЫ ҚАНДАЙ?

Әскери бөлім кездескен мәселелер қатарында бригаданың ретсіз жасақталуын, дезертирлер салдарынан әскери рухтың түсуін, расталмаған деректерде айтылған, желтоқсанда Покровскідегі шайқастың алғашқы күндері болған көп адам шығынын атауға болады. Кей жауынгерлер ұшқышсыз басқарылатын аппараттар жоғын айтып, шағынған.

Покровск түбіндегі шайқасқа басқа бөлімдерден қосылған кей украин жауынгерлері Украина Ресей шабуылын тоқтатуда бірқатар жетістікке жетті дейді.

"Біраз уақыт жау алға жылжып, біз кері шегініп отырдық. Енді өз позициямызды қорғап ғана қоймай, құрлық әскеріміз ілгері жылжи бастады", – деді Рана есімді жауынгер осы айдың басында "Настоящее время" арнасына берген сұхбатында.

Кей украин жауынгерлер AMX-10 көлігін қорғанысы әлсіз деп сынаған: бір майор "бұл көлік әуеден жойқын бомбалау жүретін майдан шебіне жарамайды" деген.

Көп жері қаңырап бос қалған Покровск көшелерінде Ресей дрондары шабуылынан қираған әскери және азаматтық көліктер жатыр. Ресейдің кей дрондары оптоталшықты кабельдер көмегімен ұшады, осының арқасында оларға электронды құралдарға қарсы шабуыл нысандары әсер етпейді.

"Атқылауға көп мәрте ұшырадым", – дейді украин ұшқыш Антон. "Бір рет дөп тиді. Бірақ көліктен шығып үлгердім. Әріптесіп келіп, алып кетті. Құдайға шүкір, аман қалдық".

Мақаланың ағылшын тіліндегі түпнұсқасы.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG