Украина Қазақстан мұнайын әлемдік нарыққа тасымалдайтын станцияға шабуылдады. Шабуылға ұшыраған Каспий құбыр желісі Қазақстан аумағында емес, Ресейдің оңтүстік-батысында орналасқан. Мәскеу қазақ мұнайының тасымалы енді қатты тежелуі мүмкін деп болжайды. Қазақстанның ұстанымы қандай? Сарапшылар не дейді?
17 ақпан күні Ресей оңтүстігіндегі Кубань өңіріне дрон шабуылдады. Нысана – Ресейдің мұнай өңдеу зауыты мен екі мұнай айдау станциясы. 18 ақпанда Украина қарулы күштері шабуыл жасаған өзі екенін мойындады. "Жаудың отын-энергетика құрылымдарына жойқын соққы жасалып, нысанаға дөп түстік" деп мәлімдеме жасады.
– "Кропоткинская" және "Андриаполь" мұнай айдау станциялары да нысанаға алынды, олар оккупациялық күштерге отын тасымалдауда шешуші рөл атқарды. Соққыдан кейін олар істен шықты. Бұл агрессорды отынмен қамтамасыз етуді едәуір қиындатты. Ресейдің қарулы агрессиясын қолдайтын стратегиялық нысандарға соққы беруге Украина қорғаныс күштерінің хақы бар. Ресейдің заңсыз соғысына күш беретін энергетикалық инфрақұрылымды бөлшектеуге бағытталған операциялар жалғасады, – деді Украина Қарулы күштерінің бас штабы.
"Кропоткинская" станциясы – Қазақстан мұнайын таситын Каспий құбыр консорциумының Ресей аумағындағы ең ірі бөлігі. Ресей билігінің дерегінше, станцияға 7 дрон түсіп, қатты зақым келген. Станция істен шыққан. Бірақ Қазақстан үкіметінің дерегінше, бұл шабуылдан кейін мұнай тасымалы тоқтамаған. Энергетика министрлігі "қазақ мұнайын айдауда шектеу жоқ, жұмыс графикке сай жүріп жатыр" деп мәлімдеме жасады.
Бірақ Мәскеудің мәлімдемесі Астананың сөзіне кереғар шықты. 18 ақпанда Ресей билігі Қазақстан мұнайын тасымалдау 30-40 пайызға дейін қысқаруы мүмкін деп ескертті. Каспий құбыр консорциумы да ресейлік акционері "Транснефтке" сілтеме жасап, станцияны қалпына келтіруге 1,5-2 ай қажет деді. Консорциум шығыны Ресей үкіметі жиынында да сөз болды. Ресей вице-премьері Александр Новак құбырды жөндеуге Ресейге тасымалы шектелген Батыс компаниясының құралдары керек" деді. Президент Путин консорциумдағы батыс акционерлерін бұл тауарларды Ресейге жеткізуге көмектесуге шақырды.
– Дрон шабуылына дейінгі деңгеймен салыстырғанда, мұнай айдау көлемі шамамен 30-40 пайызға төмендейтінін көріп отырмыз. Нысанды қалпына келтіруге көп жұмыс істеу керек, өйткені онда Батыс елдерінің энергетикалық жабдықтары да бар. Ол газ турбиналық қондырғысын жасайтын "Сименс" компаниясы. Қазір нысан тексеріліп жатыр. Бірақ жалпы айтқанда, Владимир Владимирович, біз бұл жұмысты қалпына келтіруге ұзақ уақыт кетеді, сол үшін мұнай айдау көлемі де азая түседі, – деді Александр Новак
Қазақстандық мұнай сарапшысы Олжас Байділдиновтің есебінше, Қазақстан мұнайының тасымалы Ресей айтқандай 30 пайызға қысқарса, ел бюджетіне 300 млрд теңге шығын келмек. Алайда апат шығынын кесіп айту мүмкін емес дейтін сарапшылар да бар. Қаржыгер Расул Рысмамбетов мұнай тасымалы азаяды деген Мәскеудің болжамына күмәнмен қарайды.
– Каспий Құбыр Консорциумына қанша шығын келгенін айту үшін Қазақстанға тағы бір-екі апта керек. Шығынды бағалайтын комиссияның қорытындысын көрмей ол туралы айту қиын. Күтейік. Бұл жол апаты сияқты ғой. Апат бойынша комиссарлар оқиға орнына келеді, қарайды. Бір анығы – Қазақстанда мұнай өндіріп отырған "Теңізшевройл" компаниясына қиын болуы мүмкін. Өйткені олар келесі жылы өндірілетін мұнай көлемін көбейткелі отыр. Ал оны бір жаққа экспорттау керек. Сондықтан қазір бізге Ресей мен Украинаның бейбіт келісімге келгені өте маңызды болып отыр. Яғни, келер жылға дейін соғыс тоқтап, Қазақстанның ең ірі салық төлеушісі "Теңізшевройл" еш қорқынышсыз мұнайын өндіре бергені керек. Сондай-ақ, Каспи құбыры инфрақұрылымына дрон шабуылы алдағы уақытта қайталана ма, жоқ па деген сұрақ та маңызды. Бұл оқиға консорциум құрылған кезде Қазақстанның стратегиялық қателік жасағанын тағы бір рет дәлелдеді, – деді Рысмамбетов.
Мәскеудің Украинаға ашқан басқыншылық соғысының салқыны жалғыз Каспий мұнай құбырына тиген жоқ. 2022 жылы Ресей мен Германия арасын жалғап тұрған, Балтық теңізі арқылы өтетін "Солтүстік ағын" құбыры жарылып, істен шыққан. Құбыр акциясының 51 пайызы "Газпромға" қарайды. Батыс басылымдары мұның артында Украина қарулы күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы Владимир Залужный тұрғанын жазған. Соғыс басталғалы Ресей мен Украина әскері бір-бірінің мұнай өңдеу зауыттары мен қоймаларына жиі шабуыл жасап келе жатыр.
ҚАЗАҚСТАН БИЛІГІ НЕ ДЕЙДІ?
Каспий құбыр консорциумына қарасты станцияға жасалған шабуылға Қазақстан сыртқы істер министрлігі қысқа ғана пікір білдірді. Министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияров Азаттыққа "бұл Қазақстан экономикасы үшін өте маңызды мәселе және оны украиналық серіктестерімізбен дипломатиялық арналар арқылы талқылаймыз" деді. Ал Ресей сыртқы істер министі Сергей Лавров мұны "Қазақстан энергетика инфрақұрылымына тікелей шабуыл" деп бағалады.
– Іс жүзінде Қазақстанның энергетика инфрақұрылымына шабуыл жасалды және оған не түрткі болды дегенге келсек... Киевте отырған әлдекімнің мұндай бұйрық беруіне көп себеп келтіруге болады немесе оның негізінде не жатқанын тек болжай аламыз. Десе де осы жағдай бәріне "бұлай жалғасуға болмайды" дегенді айқындап, [Зеленский] мен оның командасын жөнге келтіріп, қолын қағатын уақыт келді дегенді нақ көрсетті, – деді Лавров.
Қазақстан парламентінің халықаралық қатынастар комитетіне мүше депутаттарынан да осы жағдайды қалай бағалайтынын, Ресей сыртқы істер министрінің "бұл Қазақстанға шабуыл" деген уәжімен келісесіз бе деп сұрадық. Депутаттардың кейбірі бұл үшін басқыншы елмен күресіп жатқан Украинаны кінәлауға болмайтынын айтса, енді бірі шабуылдың шынайы себебін анықтау үшін тергеу жүргізу керек дейді.
Шағыстырсын-шағыстырмасын, Ресей өзінің мүддесін қорғағандықтан, ол Ресейді жақтаушылардың және Украинаны қолдамаушылардың санының артқанын қалайды. Бұл – қақтығыстың, соғыстың логикасы. Бірақ енді екінші жағы да бар ғой. Мысалы үшін бізге 300 млрд [теңгеден] астам шығын келейін деп отыр. Ол бюджетке, салыққа салмақ, Сондықтан олардың айтпағы – сіздер де Украинаға қысым жасаңыздар, біздің инфрақұрылымға шабуыл жасамасыншы дейтін әңгіме ғой. Соғыста енді кейбір кезде келіссөздерді болдырмау мақсатында, басқа мақсатта бәсті көбейту деген болады. Яғни ертең бізбен отырмайтындай және біз емес Ресей айтса екен дегендей ниет болуы ықтимал.
Лавров – Ресей пропагандасының бір тұлғасы. Ол – Қазақстанды Украинаға қарсы қою әрекетінен туған пікір. Ал нақты жағдайда Украина – Ресеймен соғыс жағдайындағы ел. Украина қайда шабуылдағысы келеді, қандай нысананы өзіне қауіпті деп есептейді, оның өз қақысы. Ол КҚК-ға шабуылдай ма, Мәскеуге шабуылдай ма, Ленинградқа (Санкт-Петербург қаласының бұрынғы атауы – ред.) шабуылдай ма – бұл жерде ешкім ештеңе дей алмайды. Мұндай жағдайда Қазақстан Украинаға қарсы [уәж] айтуға қақысы жоқ деп ойлаймын. Украина – өзінің елін, отанын, мемлекеттігін қорғап жатқан ел. Ол – агрессорға қарсы соғысып жатқан ел. Біз оған не деп айтамыз? Біздің құбырымызды жарып кеттің деп айтамыз ба? Ол құбыр Ресейдің жерінде тұр. Ол Қазақстанның жерінде тұратын болса, әрине біз айта аламыз. Ал енді одан Қазақстан зардап шекті деген – ол басқа мәселе.
[КҚК] – біздің мұнай сатуымыздың негізгі тамырының бірі ғой. Мұнай сатылымы 30 пайызға төмендеп, бюджетіміздің толуына қатер бар. Сондықтан бұл – бізге өте ауыр жағдай. Бірақ бұл жағдай неліктен болып жатқаны - енді ол геосаяси жағдай. Лавров мырзаның айтқаны бар, басқа бар. Мүмкін сол алпауыт елдердің, соғысып жатқан елдердің сол қақтығысқа Қазақстанды тарту мақсатында істеп жатқан шығар. Оны кім істеп жатқанына ешкім нақты дәлел келтіре алмай отыр.
Бұл енді халықаралық жағдай. Сондықтан да бұған біріншіден тергеу жүргізілуі керек. Ол тергеу Қазақстанның қатысуымен жүргізілуі керек және сол тергеудің қорытындысы бойынша жалпы ақпарат берілуі керек деп ойлаймын. Енді қандай жағдайда, қалай болды, қандай дрондар келді, біз оны білмейміз ғой.
Каспий Құбыр Консорциумы
Каспий құбыр консорциумы немесе КТК құбыр желісі Қазақстанның "Теңіз" кен орны мен Ресейдегі Новороссийск түбіндегі Қара теңіз терминалын жалғайды. Оның ұзындығы — 1,5 мың шақырым. Онымен мұнай айдау тез әрі оңай. "Теңіз" кенішіндегі құбырға айдалатын мұнай Құрманғазы, Исатай аудандарындағы станциялар арқылы Ресей аумағымен Новороссийск жанындағы Южная Озереевка кентіндегі теңіз терминалына жеткізіледі. Ары қарай танкерлерге тиеліп, теңіз порттары арқылы Еуропаға жөнелтіледі.
Каспий құбыр консорциумының 24 пайызына — Ресей, 19 пайызына Қазақстан иелік етеді. Қалған ірілі-ұсақ акцияларды Батыстың бірнеше ірі мұнай өндіруші компаниясы бөліседі.
Қазақстан осы құбырға 21 жыл арқа сүйеп келді. Бірақ 2022 жылы Мәскеу Украинаға басып кірген соң бәрі өзгерді. Құбыр өтетін Қара теңіз соғыс аймағына айналды. Украинаның теңіз дрондары Новороссийск терминалына жақын жерге шабуыл жасап, қазақ мұнайының тасымалдануына қауіп төнді.
Қазақстан бюджеті мұнайға тәуелді. Қазынаға түсетін кірістің 55-65 пайызы мұнайдан келіп отыр. Қазақстан 2024 жылы өндірілген 87 млн тонна мұнайдың 63 млн тоннасын, яғни 80 пайызын Еуропаға осы – Каспий құбыр желісі арқылы тасымалдаған. Каспий құбыр консорциумының жұмысы бір айға тоқтаса, бюджет 250 миллиард теңге кірістен айырылады. Бұл 1200 орындық 78 мектеп салуға жұмсалатын сомамен парапар.
Азаттық Краснодар аймағындағы мұнай айдау станциясына жасалған шабуылды Украина қарулы күштері бас штабының бұрынғы орынбасары, генерал Игорь Романенкомен талқылады.
— Украина шабуылының қандай да бір саяси астары бар ма?
— Мұнда мынаны түсіну маңызды, жанар-жағармайға байланысты объектілер, олардың өндірісі, сақталуы, тасымалы стратегиялық нысандар болып саналады. Бұған, сонымен қатар, қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің кәсіпорындары, мысалы, ұшақтары бар аэродромдар, инфрақұрылымар да жатады. Жалпы алғанда, аэродромдар дегеніңіз жанар-жағармай қоймалары, қару-жарақ пен оқ-дәрі қоймалары және тағы басқалар.
Мұндай нысандар соғыс жүргізудің объективті заңдарына сай стратегиялық маңызыды нысан деп танылған. Мысалы, мұндай нысандарға Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде АҚШ пен Ұлыбритания авиациясы фашистиік немістердің объектілеріне шабуыл жасаған. Бұл жаңалық емес.
Дегенмен, АҚШ-тың алдыңғы үкіметі, Байден әкімшілігі, Украина Қорғаныс күштерінің мұндай соққылары әлемдегі жанармай бағасының өсуіне әкелуі мүмкін деп сескеніп келді. Өйткені АҚШ-та бензин бағасы қымбаттап, бұл жайт олардың сайлауалды науқанына әсер етеді деп алаңдады. Алайда, қалай болғанда да, Украина шабуылдарын жалғастырды, өйткені бұл маңызды.
Украина шамамен 50 пайызға жуық мұнай өңдеу зауыттарына тиісті тасымалдау станцияларына және жанар-жағармай сақтау орындарына шабуылдағанын атап өту керек. Бұл, әрине, әсерін тигізіп жатыр. Ресейлік үгіт-насихат бұл тұрғыда не айтса да, шындықты өзгерте алмайды.
Бұл сыртқы саудаға да әсер етеді. Мысалы, Усть-Лугадағы мұнай өнімдері қоймалары бар, бірақ тасымалдау станциялары кемелерді тиеуді қамтамасыз ете алмайды және рейдте тұрған танкерлер де шабуылға ұшырап, батып кетіп жатыр.
Біз үшін ең бастысы – Ресей бөлімшелері мен әскери бөлімдерін қамтамасыз ету мәселесі. Сондықтан Ресейдің құрлықтағы әскері мен ұшу аппараттарын қамтамасыз етіп отырған Краснодар өлкесі мен Ильинск зауыты сияқты нысандар жақын жерде орналасқан. Біз дронмен бұл нысандарға жете аламыз. Екіншіден, осы аймақтағы Ресейдің құрлық және әуе күштері соғысқа белсенді қатысып отыр. Сондықтан Украина соғыс жүргізу ережелерін сақтай отырып, бұл нысандарға соққы жасауға толық құқылы.
Шабуылдар тиімді болды. Зауыттағы және тасымалдау станцияларындағы өрт оларды біраз уақытқа істен шығарды. Бұл Ресей қарулы күштерінің бөлімдері мен бөлімшелерін материалдық-техникалық қамтамасыз ету тұрғысынан маңызды болды.
— Соғыс басталғалы Украин әскері Ресейлік бірнеше энергетикалық және мұнай нысандарына шабуыл жасады. Бұл әрекеттері діттеген нәтиже берді ме? Кремль сезіп жатыр ма?
— Біз шамамен нысандардың жартысына жуығын жойып, істен шығарып жатырмыз. Кейін Ресей олардың шамамен 14 пайызын қалпына келтіреді. Бірақ мұндай соққылар мен операциялар жалғасып жатыр. Біздің бұл бағыттағы мүмкіндіктеріміз де артып жатыр. Қазіргі таңда дрондарымыз 2500 шақырымнан астам қашыққа жете алады. Олардың соққы беру қуаты да артып келеді. Бұрын пайдалы жүктеме 50 келі шамасында болса, қазір 300 килограмға дейін жетеді. Бұл – авиациялық бомба мен танкке қарсы мина қосылған 300 келілік жүктеме. Сонымен қатар, дрондардың жылдамдығы артып келеді. Ресей Федерациясы Қарулы Күштерінің әуе қорғаныс аймақтарын айналып өтуге мүмкіндік беретін реактивті қозғалтқыштар қолданып жатырмыз. Осылайша, дрондарымыз жетіле түсті. Бұдан бөлек, соңғы уақытта дрон-зымырандар жасалып жатыр. Бұл – дрондардың және зымырандардың ең үздік мүмкіндіктерін біріктіретін жаңа қару түрі.
Қару-жарақтың соққы беру қуаты жеткіліксіз екенін түсінеміз. Сондықтан 2022 жылдан бері зымыран бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Былтыр біз зымырандарды сынақтан сәтті өткіздік. Бұл туралы біздің президент баллистикалық және қанатты зымырандарға қатысты айтқан болатын. Біз бұл бағдарламаларды дамытып келеміз және осы жылы оларды соғыс жағдайында, яғни қарсылас нысандарына нақты соққы жасау үшін сынақтан өткізуді жоспарлап отырмыз.
— Каспий құбыр консорциумында Қазақстанның иелігі бар. Бұл шабуылдан кейін Қазақстан мен Украина арасындағы жағдай күрделеніп кетпей ме? Қазақстанда қазір Украинаның елшісі жоқ, Украина ұйымдастырған Бейбітшілік саммитіне Қазақстанның қатыспағанын белгілі.
— Біз бұл жағдайлардың барлығын жақсы білеміз. Қазір бітімге келу мәселесі қарастырылып, келіссөз жүріп жатыр. Әскери қимылдарға қатысты Украина барлық елдермен жұмыс істеп келеді, әсіресе бұл соғысты шынайы бағалап, кімнің агрессор, ал кімнің әділ қорғаныс жүргізіп жатқанын түсінетін мемлекеттермен жұмыс істеп отыр. Бұл өте маңызды. Сондықтан біздің әрекеттеріміз осындай факторларды ескере отырып жүзеге асырылады. Ал Қазақстанға қатысты айтар болсақ, қазір бұл елге шабуыл жасау туралы әңгіме жоқ. Ресей нысандарына келсек, бұған дейін айтқанымдай, бұл бағыттағы әрекеттер жалғасады. Кейбір мемлекеттер Украинаға белсенді қолдаудан бас тартты, ал кейбірі керісінше бізге жаңа, күшті одақтас ретінде қосылып жатыр. Бұл – үнемі өзгеріп отыратын динамикалық процесс. Сондықтан Украина осы өзгерістерді есепке алып, әскери қимылдарды, соның ішінде нысандарға соққы жасау уақытын стратегиялық тұрғыдан реттеп отыр.
— Ресей мен АҚШ өкілдері Сауд Арабиясында кездесіп, келіссөздер өткізді. Енді Трамп пен Путин кездеспек. Зеленскийдің бүгінгі Сауд Арабиясына жоспарланған сапары кейінге шегерілгені белгілі болды. Нәтижесі бұлыңғыр бұл кездесудің алдында Украина Қарулы Күштерінің қазіргі жағдайы мен әлеуеті қандай?
— Бұл жағдайдың салдарына келсек, Украина бұл мәселеге қатысуға дайын. Бұл – соғыс қимылдарын тоқтату, яғни уақытша бітімге келу. Бірақ мұнда Ресей Федерациясы мен Путин қалай қаласа, солай емес екенін ерекше атап өткен жөн. Олар барлық басып алынған жерлерді заңдастырып, Украина ресми түрде бұл аумақтардың Ресейге өткенін мойындап, ешқандай одақтарға қосылмай, әрі қарай күресті тоқтатуы үшін құжатқа қол қоюды талап етеді. Мұндай ұстаным біз үшін мүлде қолайсыз. Иә, бізге қазір уақытша бітім қажет, бірақ бұл біздің қайта топтасып, құрылымдық өзгерістер жасап, өз жерімізді қайтару үшін дайындалуымыз үшін керек. Сондықтан тек осындай шарттар аясында ғана қандай да бір құжаттарға қол қоюға дайынбыз. Бірақ басқыншыға жерімізді, халқымызды беруге ешқашан келіспейміз.
ҚАЗАҚСТАН БАЛАМА ТАСЫМАЛ ЖОЛДАРЫН ҚАРАСТЫРДЫ МА?
Қазақстанның Каспий құбыр желісіне балама болатын жол іздеу қажеті бұрыннан айтылып келеді. Украинадағы соғыс басталғанда мәселе қайтадан күн тәртібіне қосылды. 2022 жылы құбыр жұмысы уақытша тоқтатылғаны туралы кезекті ақпарат шыққан уақытта президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай тасымалын әртараптандыруға айрықша назар аударып, Транскаспий дәлізін дамыту қажетін айтып, үкіметке тапсырма берген. Президент тағы бір жиында Каспийдегі Ақтау, Құрық порттары мұнай тасымалын жылына 20 млн тоннаға жеткізуді жүктеген. Ресейді айналып өтетін бұл бағытта мұнай теңіз арқылы Бакуге жеткізіліп, "Баку – Тбилиси – Жейхан" құбыр желісімен Еуропаға жөнелтіледі. Әзірге Қазақстаннан Әзербайжанға теңіз арқылы шикізат тасымалдайтын құбыр салына ма деген мәселе басы ашық күйде қалып отыр. 2009 жылы бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев бұл жобаға француз тарабы қатысады деген мәлімдеме жасағанымен, жоба жүзеге асқан жоқ.
ПІКІРЛЕР