Бірнеше апта бұрын сирек кездесетін пайдалы қазбалар, стратегиялық маңызы бар минералдар және өзге де табиғи ресурстар Ресейдің Украинаға қарсы соғысын аяқтау талпыныстырының бір ғана факторы болған.
Бірақ дәл қазір бұл келісім АҚШ пен Украина арасындағы келіссөздің және Вашингтон дипломатиясының негізіне айналып отыр. Ресейдің Украинаға қарсы соғысы төртінші жылға ұласқан тұста бұл дипломатия Мәскеу мен Еуроодақты және өзге де тараптарды қамтып отыр.
25 ақпан күні келісімнің қос тараптан пысықталғаны, Украина президенті Владимир Зеленский осы апта аяғында Вашингтонға сапарлап, оған қол қоятыны айтыла бастады.
Көптеген баспасөз құралдарының хабарлауынша, келісімнің мәні – Украинаның стратегиялық маңызы бар минералдары мен мұнай және газ секілді өзге де табиғи ресурстарын бірлесіп игеру. Баспасөз құралдарының жазуына қарағанда, осы келісім сирек кездесетін пайдалы қазбаларды игеру мен елді қалпына келтіру жөніндегі кең ауқымды экономикалық әріптестіктің іргетасы болмақ.
Әзірге АҚШ қауіпсіздік кепілдігін мойнына алған-алмағаны немесе Украинаға әскери көмек көрсетуді жалғастырар-жалғастырмасы белгісіз деді Reuters агенттігі. Бірақ Associated Press агенттігінің Украина үкіметіндегі дереккөзі келісім жөнінде пікір білдіріп, Киев бұл құжат АҚШ әскери көмегінің жалғасуын қамтамасыз етеді деп үміттеніп отыр деді.
Келісімнің пысықталғанын АҚШ ресми түрде растаған жоқ. Бірақ ел президенті Дональд Трамп өз сөзінде Зеленский Вашингтонға келіп, келісімге қол қойғысы келеді деп мәлімдеді.
"Мен оны естіп жатырмын. Жұма келеді келеді деп естідім" деді Трамп Ақ үйде журналистер алдында. Оның сөзінше, келісім нақтыланған, Зеленский келісімге АҚШ президентімен бірге қол қойғысы келеді.
Трамп "бұл – үлкен келісім" деп, оның ішінде "сирек кездесетін қазбалар мен өзге де заттар" барын айтты.
Соның алдында Bloomberg агенттігі өз хабарында 26 ақпан күні Украина құжатқа қол қоюды ұсынғалы отырғанын айтқан. Ал AFP агенттігі Украина үкіметіндегі лауазымды дереккөзіне сілтеп, Киев келісімнің кейбір мән-жайларын нақтылап, жұма күні келісімге қол қою үшін Вашингтонға сапарлауды қарастырып отырғанын жазды. Reuters агенттігінің аты-жөні атамалмаған екі дереккөзі Зеленский 28 ақпан күні Вашингтонға барып, Трамппен кездесуді жоспарлап отыр деді.
CNN телеарнасымен сөйлескен украин шенеунігі "қисынсыз талаптар мәтіннен алынып тасталған соң, Украина келісімге көнді" деген. "Қазір бұл келісім Украина қауіпсіздігі мен бейбітшілігіне қалай үлес қосатыны нақтылана түсті" деп келтірді шенеунік сөзін CNN телеарнасы.
Financial Times басылымы бұған дейінгі хабарында Украина шенділеріне сілтеп, АҚШ "ресурстарды игеруден түскен қаражат ішінен 500 млрд долларды иемдену талабынан бас тартқан соң", Киев шартқа қол қоюға келіскен деп жазды. Басылымның жазуына қарағанда, келісім жобасында АҚШ-тың нақты қауіпсіздігі кепілдігі қарастырылмаған. Киев бұған дейін келісімге осы үшін шағынған.
Келісімнің пысықталғаны Трамп осы мәселені көтергеннен бір айға жетер-жетпес уақыт өткенде белгілі болып отыр. 3 ақпанда ол АҚШ әкімшілігі Украинамен сирек кездесетін пайдалы қазбалар жөнінде келісімге келуді қарастырып отырғанын мәлімдеген. Сол сөзінде Трамп келісімнің жалпы бағытын ғана атап өткен. Ол бойынша, Вашингтон осыған дейін берген әскери көмегінің өтеміне Украинаның стратегиялық маңызы бар қазбаларына қол жеткізбек болған.
Бұл келісім қызу талқыға түсіп, 15-16 ақпан күндері өткен Мюнхен қауіпсіздік конференцияда бас тақырыпқа айналды. Артынан Трамп пен Зеленский бір-бірін сынай сөйлеген. Зеленский нақты қауіпсіздік кепілдігі қарастырылмаған деп АҚШ-тың бастапқы ұсынысынан бас тартатынын мәлімдеді.
ТРАМП ЗЕЛЕНСКИЙ КЕЛІСІМГЕ ҚОЛ ҚОЯДЫ ДЕП ОТЫР
Ақ үй осыдан соң Киевпен келісімге келуге деген талпынысын күшейте түсті. Сөйтіп 24 ақпан күні Трамп мәлімдеме жасап, Зеленский алдағы екі аптада Вашингтонға келіп, құжатқа қол қояды деп күтіп отырғанын айтты. Сол күні мұның алдында Украина вице-премьері Ольга Стефанишина X платформасындағы жазбасында құжат бойынша келіссөз "ақырғы межесіне" жетті, "негізгі мәселелердің барлығы дерлік келісілді" деді.
Санаулы сағаттардан соң Ресей президенті Владимир Путин АҚШ-Украина келіссөзін қиындатқысы келгендей көрініп, тың ұсынысын жариялады. Ресей үкіметінің сирек кездесетін металдар жөніндегі отырысында Путин АҚШ-қа Ресей кен орындарын бірге игеруді ұсынды. "Мұндай ресурстар Украинаға қарағанда бізде әлдеқайда көп екенін атап өткім келеді" деді ол.
Путиннің бұл сөзі Трамптың бітім келісімі қарсаңында АҚШ-Ресей экономикалық әріптестігін жаңғырту туралы мәлімдемелерінен кейін айтылып отыр. Осылайша ол Украинаға қарсы соғыстың түпкі мәні саналатын мәселені қозғады: Путин сирек кездесетін металдар жөніндегі ықтимал келісімге Украинаның шығысындағы оккупацияланған аумақтарды да қосуға болатынын айтты. Ресей Украинаның табиғи ресурстарға бай Донбасс дейтін өңірін басып алған. Владимир Путиннің бұл ұсынысы бітімге келуді қиындатушы факторға айналуы мүмкін.
23 ақпан күні өткен баспасөз мәслихатында Украина вице-премьері Юлия Свириденко сөз сөйлеп, Ресей оккупациялаған аумақта "құны шамамен 350 млрд доллар болатын стратегиялық маңызы бар материалдар" деді.
АҚШ Геологиялық барлау қызметінің бағалауынша, Ресейде 3,8 млн тонна сирек кездесетін металл қоры бар. Бұл жөнінен Ресей әлем бойынша бесінші орында. Азаттық радиосы Орыс қызметінің "Система" тобының 25 ақпан күні жарияланған зерттеуіне қарағанда, Ресей Украинаға қарсы кең ауқымды басқыншылық соғысын бастағалы сирек кездесетін металлдарды өндіру және өңдеумен айналысатын ірі компанияларды мемлекет меншігіне тартып алған, қазір оларды "Росатом" басқарып отыр. Зерттеу авторлары Ресейдің негізгі ядролық компаниясы саналатын "Росатомды" Путиннің серігі Михаил Ковальчукпен байланыстырады.
Сирек кездесетін қазбалар тобына 17 минерал жатады. Олардың арасында иттрий, церий және лантан бар. Бұл қазбалар жер бетінде өте аз көлемде кездеседі. Аталған минералдар батарея, компьютер, смартфон, магнит, электрокөлік және жоғары технологиялы қару-жарақ өндірісінде үлкен сұранысқа ие.
УКРАИНАНЫҢ ҚАЗБАЛАР ҚОРЫ ҚАНДАЙ?
Киевтің айтуынша, АҚШ экономикасы мен ұлттық қауіпсіздігі үшін стратегиялық маңызы бар 50 минералдың жартысы Украина аумағында бар. Кеңірек алғанда, бұл санатқа литий мен титан, сондай-ақ көмір, темір кені, мұнай және газ да кіреді.
АҚШ шенеуніктерінің айтуынша, аталған минералдар бойынша келісім Украинаның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, өйткені Вашингтн өзінің мүддесін қорғауға талпынады. Бірақ Зеленский бітім немесе бейбітшілік келісімі жасалатын жағдайда бұдан да қуатты әрі сенімді қауіпсіздік кепілдігі қажетін айтып отыр.
Киевті қауіпсіздік кепілдігімен қатар АҚШ-тың келісімдегі қаражат жөнінде айтқан мәлімдемелері де алаңдатып қойды. Мұның алдында Трамп құны 500 млрд доллар болатын сирек қазбаларға қол жеткізуді қалайтынын айтқан. Украина құжаттың алғаш ұсынылған жобасынан бас тартқан соң, Вашингтон екінші жобаны ұсынды. Ол бойынша, Украина АҚШ басқаратын қорға сол сомаға жеткенше жарна құйып отыруы керек болды.
Зеленский соғыс кезінде АҚШ көрсеткен көмек 500 млрд долларға жетпейтінін, қаржының көп бөлігі АҚШ қару-жарақ өндірушілеріне кеткенін мәлімдеген.
Былтырғы қыркүйектегі дерек бойынша, АҚШ Конгресі Украинаға төтенше қолдау ретінде 174,2 млрд доллар бөлген. Оның 64 пайызы АҚШ қорғаныс министрлігіне және қорғаныс саласына қатысы бар мекемелерге бағытталған. Мұны Конгрестің зерттеу қызметі айтып отыр.
Financial Times басылымы келісімнің "ақырғы жобасын" көргенін хабарлады. Оған қарағанда, 24 ақпан күнгі жобада 500 млрд доллар туралы талап жоқ. Келісім аясында қор құрып, Украина алда мемлекет меншігіндегі минералды ресурстардан, соның ішінде мұнай мен газдан және соған қатысы бар логистикадан түскен табыстың 50 пайызын осы қорға аударып отыруы қажет болады. Ал бұл қор Украинадағы "жобаларға инвестиция құяды".
Басылымның жазғанына қарағанда, келісімге Украина қазынасын осы күнге дейін толтырып келген минералдар кірмейді. Яғни келісім Украинаның ең ірі деген мұнай-газ өндірушілері – "Нафтогаздың" немесе "Укрнафтаның" қазіргі өндірісін қамтымайды.
Құжат жобасында нақты қауіпсіздік кепілдіктері қарастырылмағанымен, AFP агенттігі сөйлескен Украина шенеунігі келісімде "АҚШ тұрақты әрі өркендеген тәуелсіз Украинаға инвестиция құяды. Бұл ұзаққа ұласатын бейбітшілікке қызмет етеді. АҚШ қауіпсіздік кепілдігі жөніндегі талпыныстарды қолдайды" деген сөздер барын айтқан.
ЕУРООДАҚ ПЕН УКРАИНА АРАСЫНДАҒЫ ҚАЗІРГІ МЕМОРАНДУМ
АҚШ пен Еуроодақ Ресеймен қарым‑қатынас және Украинадағы соғыс жөнінде бір-бірімен дауласып отырған тұста AFP ақпарат агенттігі Еуроодақтың Киевпен бөлек келісім жасау жөнінде ұсыныс білдіргенін хабарлады. Еуроодақ пен Украина арасындағы бұл келісімді 24 ақпан күні Киевке сапары кезінде Еурокомиссия президенті Урсула фон дер Ляйен ұсынған деді басылым.
"Өзара тиімді әріптестік аясында Еуропаға қажет 30 стратегиялық маңызы бар материалдың 21-ін Украина бере алады" деп келтірді AFP индустриялық стратегия жөніндегі еурокомиссар Стефан Сежурнның сөзін. "Еуропаның артықшылығы сол, біз қос тарапқа қатар тиімсіз болмайтын келісімді ешқашан талап етпейміз".
Еурокомиссия баспасөз хатшысы 25 ақпан Томас Ренье 25 ақпан күні Еуропа ешқандай "ұсыныс жасамағанын" айтты. Оның сөзінше, Еуроодақ пен Украинаның стратегиялық маңызы бар минералдар жөніндегі әріптестігі 2021 жылғы өзара түсіністік меморандумынан кейін басталған.
Фон дер Ляйен Еуроодақ өзара түсіністік меморандумын жүзеге асыруға және өзара тиімді әріптестікті күшейтуге ынталы екенін қуаттады деді ол. "Өздеріңіз көріп отырғандай, бұл мәселе АҚШ-пен бәсеке құру жайлы емес, бұл Украинамен әріптестік мәселесі".
Аты-жөнін жасыруды сұраған Еуроодақ шенеунігі Азаттыққа айтқан сөзінде Урсула фон дер Ляйен мен Еурокомиссия АҚШ-қа қарсы шықса "таңғалар едім" деді.
ПІКІРЛЕР