Accessibility links

Қазақстан әскерінің қауқары қандай? Министрлік өкілі мен сарапшының айтқаны


"Батыл тойтарыс-2023" стратегиялық командалық-штабтық әскери оқу-жаттығуына қатысып жатқан қазақстандық сарбаздар. 2023 жылдың қыркүйек айы. Қорғаныс министрлігінің телеграм-арнасынан алынған сурет.
"Батыл тойтарыс-2023" стратегиялық командалық-штабтық әскери оқу-жаттығуына қатысып жатқан қазақстандық сарбаздар. 2023 жылдың қыркүйек айы. Қорғаныс министрлігінің телеграм-арнасынан алынған сурет.

Биыл Қазақстанда екі әскери колледж ашылмақ. 27 ақпанда Астанада журналистерге осы жаңалықты жеткізген қорғаныс министрлігінің өкілі Мұрат Олжабаев қазіргі кезде Қазақстан армиясында жоғары деңгейдегі офицерлер жеткілікті, кадр тапшылығы жоқ деді. Бұл сөзге бірқатар депутаттар да қосылады. Ал кейбір сарапшы ел армиясына кәсіби білікті маман мен қорғаныс саласына түбегейлі реформа жүргізу қажет деп есептейді.

"АРМИЯДА ЖОҒАРЫ БІЛІКТІ МАМАН ЖЕТКІЛІКТІ"

Астана, Щучинск пен Шымкент қалаларында әскери колледждер бұрыннан бар, енді олардың саны беске жетпек. Қорғаныс министрлігі әскери білім және ғылым департаментінің бастығы Мұрат Олжабаевтың айтуынша, жақында Алматы мен Қарағанды қалаларында жаңадан ашылатын екі әскери колледжде мотоатқыштар, танк, артиллерия және инженерлік бөлімшелер, байланыс әскері, қару-жарақ пен әскери техниканы пайдалану және жөндеу бөлімшелері үшін кәсіби сержанттар дайындалады.

Мұрат Олжабаев қазіргі кезде шетелде де білім алып жатқан әскери қызметкерлер бар, жалпы саны 600-ден асады деді. Министрлік өкілінің айтуынша, әскери қызметшілерді шетелде оқыту жауынгерлік іс-қимылдарды жүргізудің жаңа тәсілдері мен әдістерімен, сондай-ақ қорғаныс пен қауіпсіздік саласындағы халықаралық стандарттармен танысуға мүмкіндік береді.

Елде кәсіби білікті мамандар тапшы деп айтып жүрген әскери сарапшылардың сөзіне қорғаныс министрлігінің өкілі келіспейді. Ол Қазақстан қарулы күштеріндегі офицерлердің барлығы жоғары деңгейдегі мамандар, кадр тапшылығы жоқ дейді.

– Қазақстан қарулы күштерінде офицерлер құрамында тапшылық жоқ. Барлығы профессионал деңгейде жаңағы аталған жоғары оқу орындарында біліктіліктерін арттырады және жоғары деңгейдегі офицерлер бітіріп шығады. Өйткені ол жердегі мұғалімдер кемінде әскерде 15-20 жыл қызмет атқарып, кейін ғана мұғалімдік салаға барады. Сол себепті кәсіби мамандар жеткілікті, – деді 27 ақпанда Астанада өткен баспасөз мәслихатында Қазақстанның қорғаныс министрлігі әскери білім және ғылым департаментінің бастығы Мұрат Олжабаев.

Әскердің әлеуеті, Темірланның соты, қырғыз-тәжік шекарасы – AzatNEWS | 27.02.2025
please wait

No media source currently available

0:00 0:31:16 0:00

"ТЕРЕҢ РЕФОРМА, ЗАМАН ТАЛАБЫНА САЙ МАМАН КЕРЕК"

Қазақстанның солтүстігіндегі ірі көршісі әрі одақтасы Ресей Украинаға қарсы кең көлемді соғыс бастағанына төртінші жылға ауды. Бұл соғыс Еуропа құрлығында ғана емес, әлемдегі геосаяси ахуалды күрт өзгертіп жіберді. Қазақстан әскері ел мен жерді қорғауға қаншалықты қабілетті? Сырттан қауіп төнсе, қарсы тұрар қауқары бар ма?

Қазақстандық әскери сарапшы, отставкадағы полковник Ермек Сейітбатталов елдің қарулы күштеріне түбегейлі реформа керек деп есептейді. Әсіресе заманауи технологияның тілін білетін мамандар даярлаудың маңызды екенін айтады.

– Терең реформа керек, оны кадрдан бастап, буынды лауазымдарға білімді, тәжірибелі, жаңа шешім шығаратын жігіттерден қою керек. Екіншіден, жақсы қару-жарақ болуы керек. Ол үшін қорғаныс саласының қару-жарақ шығаратын өндіріспен қарым-қатынасы өте жақсы болуы керек. Қорғаныс министрлігі мен қарулы күштерде ғана емес, күштік құрылымдардың барлығында және қауіпсіздік кеңесінде реформа жүруі керек.

Кейбіреулер біздің қорғаныс саламызға ішкі істер министрлігі, ұлттық қауіпсіздік комитеті, шекарашылар және тағы басқалар кіреді деп ойлайды. Ол дұрыс емес. Соғыс кезінде олардың атқаратын өз міндеттері бар. Бізді қорғайтын қарулы күштер ғана: ғарышта, аспанда, теңіз үстінде, су астында, жер бетінде [қорғайды].

– Қазақстанның қорғаныс саласына бөлетін қаржысы жалпы ішкі өнімнің 1 пайызына да жетпейді екен. Мәселен Батыс елдерінде 2-2,5 пайызын қорғанысқа жұмсайды. Ал бүгінгі геосаяси ахуалда Батыс елдері оның өзі де аз деп отыр. Бес пайызға жеткізу туралы ұсыныс көп. Қазақстанның бөліп отырғаны тым аз емес пе? Жаңа сіз айтып отырған реформаларды іске асыруға жетпей қалмай ма?

– Әрине жетпейді. Батыспен, дамыған елдермен салыстырғанда Қазақстанның бөлетін қаржысы аз. Оны кезінде 2000 жылы қорғаныс министрі болып келген генерал-полковник Сәт Тоқпақбаев енгізген. Мынау бюджет шартты түрде екіге бөлінеді. Жанармайға, әскери жаттығуға, тамағы мен киіміне, жалақысына төленетін бюджет бар. Содан кейін даму бюджеті бар, оған қару-жарақ кіреді. Сол қару-жарақтың қаражаты кешегі күнге дейін өнеркәсіп министрлігіне берілетін, онда қорғаныс комитеті болатын. Жақында президент жарлыққа қол қойды, енді ол қорғаныс министрлігінің өзіне қарайтын болды.

Украинадағы соғыс басталғалы үш жылдан асты. Осы уақыт ішінде Қазақстан қорғаныс саласына қаншалықты көңіл бөлді және бұған дейінгі ұстап келген қорғаныс саясаты қаншалықты өзгеріп, дамып жатқанын байқап отырсыз?

– Көзқарас өзгерді, өмір өзгертті. Әрине, бұлар қаражат қоспақ болып, әскери күштер санын көбейткелі жатыр. Бірақ та оның жұмыстары бүгінгі заманның талабына сай емес. Сол кадр мәселесі. Қорғаныс саласына басқа жүйеден келген кадрлар сала қалай жұмыс істейтінін білмейді. Олардың істеп жатқан жұмыс бүгінгі заманауи талапқа сәйкес келмейді.

Заманауи технология дамыды деген күннің өзінде қарапайым сарбаз, кәдімгі адам саны да әлі маңызды екенін осы Украина-Ресей соғысынан көріп отырмыз. Қазақстан әскеріндегі адам сапасы мен технология балансы қалай? Біріне бірі сәйкес келе ме?

Жоқ, екеуі де төмен. Ал енді Украина мен Ресей ескі әдістермен соғысып жатыр. Содан кейін мұнда адам саны өте жоғары рөл ойнайды. Егер де бұлар заманауи соғыстың әдісін қолданса, соғыс баяғыда, бір-екі айда бітіп қалушы еді. Бұл 1914 жылғы, 1941 жылғы, жалпы 1991 жылға дейінгі соғыстардың әдісі. Бұлардың ойы, стратегиялық әдістері, стратегия деңгейлері артта қалып қойғанын көрсетіп отыр. Екі жақта да. Украинада қазір екі-үш жыл болды, жаңа қарулар келіп жатыр. Олар оны дұрыстап қолдана алмай отыр. Стратегиялық жоба жасай алмайды. Тактикалық деңгейде, бригада деңгейінде кейбір талантты қолбасшылары бар, ал енді одан жоғары ауқымда, стратегия ауқымында белгілі адам жоқ.

Қазақстанға сырттан төнетін қауіп-қатерлерге (арасында терроризм де бар) дайын болу үшін не істемек керек? Сіз айтып отырған дайындықтарды қалай жүзеге асыру керек?

Жаңағыдай зерттеу жүргізу керек. Жаудың көзқарасын біліп, оны қалай тойтаратынымызды анықтау қажет. Өзімізге қажет қару-жарақты жинап алуымыз керек. Ал негізі өндіріс өзімізде болуы қажет. Қорғаныс арзан болмайды, қымбат болады. Содан кейін белді буып, жұмыстарды жасау керек. Күшті қорғаныс үш компоненттен тұрады. Бірінші, заманға сәйкес, алыстан ұратын, навигациясымен дәл тиетін, бір тигенде жарып жіберетін қару-жарақ. Сонда көп снаряд керек болмайды. Екінші, сол қару-жарақты жақсы басқаратын, жақсы қолдана білетін білікті мамандар керек. Маманды даярлайтын адамдар керек. Үшінші, жаудың бірінші снаряды түскенде қашып кетпейтін жоғары моральдық, психологиялық дайындық керек. Осы үш компонент әскердің мықтылығын көрсетеді.

ҚАЗАҚСТАН ӘСКЕРІНІҢ ӘЛЕУЕТІ

Әлем елдерінің әскери әлеуетін бағалайтын америкалық Global Firepower (GFP) талдау ұйымының биылғы рейтингісінде Қазақстан 145 елдің арасында 57-орынға тұрақтаған. АҚШ бастап тұрған тізімде Ресей – екінші, Қытай – үшінші орында. Бұл үшеуіне қоса алғашқы ондыққа Үндістан, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, Франция, Жапония, Түркия мен Италия да енген.

Түрлі ашық көздердің, негізінен АҚШ-тың барлау қызметінің деректеріне сүйенетін GFP ұйымы әр елдің әскери күшін әскери бөлім саны, қаржысы, логистикасы, географиясы, қазба байлығы сияқты жиынтығы 60 факторға қарап анықтайды. Ұйым сүйенген кей дерек кейде жаңармайды, сондықтан сарапшылардың біразы бұл рейтингіге күмәнмен қарайды.

Әйткенмен GFP биылғы рейтингісінде келтірген Қазақстанның көрсеткіштерін шолып шықтық.

Әскери экономика үшін маңызды фактор саналатын табиғи ресурстар бойынша:

  • мұнай қоры жөнінен – 12-орында;
  • көмір қоры – 11-орында;
  • мұнай өндірісі – 13-орында;
  • көмір өндіруден – 9-орында тұр.

Көлік инфрақұрылымы:

  • темір жол – 17-орын;
  • 132 әуежай – 38-орын;
  • тасжол желісі – 50-орын.

Құрлық әскері әлеуеті:

  • дүркіндете зымыран ататын қару түрлері – 287 дана (17-орын);
  • сүйретіп жүретін артиллериялық қару-жарақ – 194 дана (27-орын);
  • беренді техника – 8 мыңға жуық;
  • әскери танк – 350 (30-орында).

Географиялық артықшылығы. Жер аумағы бойынша әлемде 9-орында тұрған Қазақстан шекарасының ұзақтығы бойынша 130-орында. Рейтинг авторлары бұл – құрлықтағы қорғаныста басымдық береді дейді.

Ал енді Қазақстан әскерінің әлсіз тұстары деп мыналар аталған:

Әскери-теңіз күштері жоққа тән. 26 қайық бар, оның 23-і – атрульдік қайық. Бірақ жауынгерлік кемесі жоқ.

Беренді танк күші әлсіз. Танкі саны бойынша 34-орында, жауынгерлік машина саны жөнінен 50-орында қалып тұр. Шабуылдаушы тікұшақ саны жағынан 30-орында. Бұл салыстырмалы түрде аз дейді рейтингі авторлары.

Авиация күші шектеулі. 198 жауынгерлік авиация құралымен 46-орында. Жойғыш ұшақ саны бойынша – 30-орын. 65 – тікұшақ, 63 – жойғыш ұшақ бар.

Қаржы мүмкіндігі шектеулі. Әскери бюджеті бойынша Қазақстан 145 елдің арасында 72-орында тұр. Рейтинг авторлары елдің әскери бюджеті – 2 млрд долларға тең деп көрсеткен, 91,3 млрд доллар сыртқы қарызды да есепке алған.

Энергия импортына тәуелді. Қазақстан көп мөлшерде мұнай өндіретініне қарамастан, сырттан келетін мұнай өнімдеріне тәуелдігі жағынан 83-орында тұр.

Қазақстан билігі әскер санын жария айтпайды. Бірақ әлемдік рейтинг елдің қарулы күштерінде 80 мың адам бар дейді, оның көбі құрлыққа бейімделген. Әуе-қорғаныс күштерінде 12 мың жауынгер, әскери-теңіз күштерінде 3 мың адам бар деп көрсеткен.

Қызмет атқарып жүргендерді және запастағыларды қоса есептегенде елде 300 мың әскери қызметкер бар.

Қазақстанның мобилизация ресурсы – 9,1 млн адам, бұл – халықтың 45 пайызы. Олардың 7 миллионы әскерге жарамды деп жазылған рейтингіде.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG