Accessibility links

Үйіңізге соғыс зұлматы келсе


9 жасар қыз Софийка Луганск облысының шығысындағы Макеевкадан эвакуациялау кезінде теңіз шошқасын құшақтап тұр. 2022 жылғы 19 қараша.
9 жасар қыз Софийка Луганск облысының шығысындағы Макеевкадан эвакуациялау кезінде теңіз шошқасын құшақтап тұр. 2022 жылғы 19 қараша.

Ресей басқыншылық соғысының құрбандары қатарында украин журналистері де бар. Солардың бірі – Азаттық радиосы Украин қызметінің штаттан тыс тілшісі Виктория Рощина. Ол Ресей тұтқынында көз жұмған.

27 жастағы журналистің қазасы былтыр қазанда мәлім болған, бірақ оның сүйегі әлі күнге дейін отбасына қайтарылған жоқ.

Ол жалғыз емес.

Ресейдің үш жылға ұласқан соғысы бірталай украин журналисінің өмірін қиды. Көбі шындықты жеткіземін деп ажал құшты. Арасында Азаттық тілшілері де бар.

Наурызда журналист Владислав Есипенконың Ресей басып алған Қырымда түрмеде отырғанына төрт жыл толады. Мәскеу бұл түбекті әскери базаға айналдырған.

Владислав Есипенко Симферопольдағы сотта. Ресей басып алған Қырым түбегі. Архивтегі фото.
Владислав Есипенко Симферопольдағы сотта. Ресей басып алған Қырым түбегі. Архивтегі фото.

Әлеуметтік және экологиялық мәселелерді қозғап, Азаттыққа жұмыс істеген Владислав жарылғыш зат тасыды деген айыппен сотталған. Бірақ журналист бұл айыпты жоққа шығарады. Сот кезінде ол түрмеде азапталғанын айтқан.

Азаттық журналисі Дмитрий Евчин Украина оңтүстігіндегі майданда ауыр жараланды. Бірнеше айға ұласқан оңалту шараларынан кейін ол Азаттықтың Киевтегі кеңсесіне оралды.

Евгения Китаева 2023 жылы Украина шығысындағы майданға жақын маңда хабар таратып жүргенде Ресейдің арттилериялық шабуылына тап болған. Атқылаудан аман қалған ол жараланған украин сарбазына алғашқы медициналық жәрдем көрсеткен.

Евгенияның бұл оқиғадан соң ес жиюына бірнеше ай кеткен. Бір жылдан соң босанып, қызды болды. Қазір ол майданға оралып, Украина әскеріне қосылған сотталушы әйелдер жайлы хабар таратып жүр. Киев бұл қадамға сарбаз тапшылығынан барған.

Журналист Мариан Кушнир (мырза) соғыстың ең бір ауыр сәттерін видеоға түсірді. Ол өзі жеңіп алған журналистік марапаттар жайлы сөйлескісі келмейді. Бірақ қызмет бабындағы сапар кезінде егде жастағы азаматтың эвакуациялануына көмектескені жайлы айтып берді. Ол егде адам майдан шебінде қалған ауылының ең соңғы тұрғыны болған.

Кейде қауіп-қатер майдан шебінен шалғай жерде жүрсе де төніп тұрады.

2024 жылғы қазанда Азаттық радиосының Киевтегі кеңсесіне бомба қойылғаны туралы хабар түскен. Қоқан-лоқы сипатындағы мұндай хабар Украинадағы жүздеген мектепке, бизнес орталықтарына және үкімет ғимараттарына келген.

Соның алдында ғана Азаттықтың Украин қызметі зерттеу жүргізіп, ресейліктер Украинадағы жасөспірімдер мен балаларды алдап-арбап, ел әскеріне бүлік салуға үгіттеп жүргенін әшкерелеген. Алдап-арбауға ұшырағандар арасында 12 жасар балалар да болған.

Адам қазасы – біз таратқан хабарлардың бір бөлігі ғана. Біз сондай-ақ Украина әскеріндегі жемқорлықты әшкерелеп, шетелден қымбат мүлік сатып алған шенеуніктер мен Ресей азаматтығы барын жасырған судьяларды анықтадық.

Кейбір хабарымыз тарихқа айналды. Украинаның ұлттық пошта қызметі 2022 жылы Киев облысының азат етілгенін атап өтетін марка шығарған. Маркадағы үш суреттің екеуін Азаттық фототілшісі Сергей Нужненко түсірген.

Суреттердің бірінде Буча қаласы бейнеленген. Соғыс басталғанда Ресей әскері Киев түбіндегі осы қаланы басып алған. Қала азат етілген кезде көшеден жүздеген адамның мәйіті табылды. Буча Ресейдің Украинаға жасаған қатыгездігінің символына айналды. Мәскеу қанша дәлел болса да, жаппай кісі өлтіргенін мойындаған емес.

Буча қырғыны құрбандарының бірі – дүкенші Алексей Погебай болатын. Оның сүйегі орман ішінен табылды. Оны өлтірген кім? Не үшін өлтірді?

Азаттық радиосының ашық дереккөздерге сүйеніп зерттеу жүргізетін журналисі Дмитрий Джулай Бучадағы қылмыстарды зерттеп, оның артында тұрған Ресей әскери бөлімін анықтаған.

Журналистің зерттеуінен соң Украина прокурорлары ресми тергеу бастады.

Ресей күштері Бучадан 15 минуттық жердегі Немешаево кентін де уақытша басып алған.

Елдімекен ішіндегі зиратта, әке-шешесінің үйінің жанында Вера Гиричтің сүйегі жатыр. Ол да Азаттық тілшісі еді. 2022 жылы сәуірде Ресей әскері Киевті зымыранмен атқылап, салдарынан Гирич өз пәтерінде қаза тапты.

Оның ең соңғы хабары Холокостан аман қалған қарт әйелге арналған. Ол әйел Ресей әскері құрсауға алған Мариупольдан тірі шыққан. Украинаның оңтүстік‑шығысындағы бұл қаланы Ресей 2022 жылы басып алды.

Азаттық Гиричтің қазасын тергеп, шабуылды ұйымдастырған Ресей әскери қызметкерлерін анықтап, соларға қоңырау шалған, осы оқиға туралы сұрақ қойған.

Соғыс зұлматы үйіңізге келсе, осылай болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG