Accessibility links

73 миллиард теңгені "желге шашу" және студенттердің айыптауы. Назарбаев Университетінде не болып жатыр?


Назарбаев Университеті Орталық Азия мен Кавказ аймағындағы үздік университет деп танылған, ТМД елдерінің оқу орындары арасында бесінші орында тұр. (nu.edu.kz сайтындағы фото)
Назарбаев Университеті Орталық Азия мен Кавказ аймағындағы үздік университет деп танылған, ТМД елдерінің оқу орындары арасында бесінші орында тұр. (nu.edu.kz сайтындағы фото)

Назарбаев Университетінен шу шықты. Мемлекеттік аудит оқу орны 73 миллиард теңгені "тиімді пайдаланбады", бұған қоса 500 млн теңге көлеміндегі қаржыға қатысты заң бұзылған деп отыр. Университеттің бірінші президенті Шигео Катсу оқу орнының қазіргі әкімшілігін жемқорлыққа барды деп айыптады. Басшылықтан жауап талап еткен студенттер қуғын көріп жатқанын мәлімдеді. Азаттық Азия редакциясы Қазақстандағы ең озық оқу орнында не болып жатқанын бажайлап көрді.

"Бәле іздемей жүріңдер"

"Бастарыңа бәле іздемей, тыныш жүріңдер, бұл сендер айналысатын мәселе емес". – 73 миллиард теңге далаға кетті деген әңгіменің жай-жапсарын түсіндіруді талап еткен Назарбаев Университетінің студенттері осындай хабарлама алғанын мәлімдеді.

Назарбаев Университетіндегі ірі қаржылық заң бұзу жөнінде 2024 жылдың желтоқсан айында мәлім болды. Жоғарғы аудиторлық палата (ЖАП) төрағасы Әлихан Смайылов 11 желтоқсан күні журналистерге университетті тексерудің нәтижесін жария етті.

– Аудит қорытындысы бойынша, дұрыс жоспарламау және тиімді пайдаланбау салдарынан 73 млрд теңге (шамамен 147 млн доллар) далаға кеткенін, бұған қоса 500 млн теңге (шамамен 1 млн доллар) қаржылық заң бұзу болғанын анықтады, – деді ЖАП басшысы мәжілістегі брифингте.

Смайыловтың сөзінен университеттің 97 пайыз республикалық бюджетке тәуелді екені, мемлекеттік сатып алу конкурстан тыс және бір көзден өтетіні, университет қаржы есебін тапсырудан босатылғаны белгілі болды.

Graduation of students at Nazarbayev University. Astana, June 7, 2024. Photo from nu.edu.kz
Назарбаев Университетінің түлектері. Астана, 7 маусым, 2024 жыл. nu.edu.kz сайтындағы фото

Университетті қолдау шараларын Смайылов "бұрын-соңды болмаған" деп бағалады.

Назарбаев Университетінің жауабында 500 млн теңге көлеміндегі қаржылық заң бұзудың академиялық және ғылыми қызметке қатысы жоқ екені, ол студенттердің жол ақысына берілетін өтемақы мен мемлекеттік стипендияға қатысты екені айтылды. НУ өкілдері аудиторлар 2017 жылдан 2023 жылға дейінгі кезеңді, яғни Шигео Катсу (2010 жылдан 2023 жылға дейін университет президенті болған) басқарған уақытты тексергенін айтты.

Екі аптадан кейін желіде taylorwilliams010819 деген пайдаланушы жазған хат пайда болды, авторы Катсу деп көрсетілген. Ол көпшілік алдында хат авторы екенін нақтыламады, жоққа да шығарған жоқ. Жазба авторы аудиторлық есепті жариялауды талап етті.

Назарбаев Университетінің бірінші президенті Шигео Катсу. nu.edu.kz сайтындағы фото
Назарбаев Университетінің бірінші президенті Шигео Катсу. nu.edu.kz сайтындағы фото

"Мені біліксіз, жемқорлыққа жол берген деп көрсетуді көздегендей әсер қалдырды. Сөйтіп 2023 жылы жұмыстан кеткенімді жуып-шайғысы келген сияқты", – деп жазады автор.

Жазбада оқу орнының қазіргі басшыларына сын айтылып, бірқатар топ-менеджерді жемқорлыққа барды деп айыптаған, олардың қатарында Аслан Сәрінжіпов те бар (2013 жылдан 2016 жылға дейінгі Қазақстанның білім министрі болған). Хатта Сәрінжіповтің Назарбаев Университетінің "Әлеуметтік даму қорына" тиесілі 14 млрд теңгені жеке мақсатына жұмсағаны көрсетілген.

Жасырын қоңырау, қорқыту, митингіге рұқсат бермеу

"Жауап беруді талап етеміз!", NUAgainstCorruption, "14 000 000 000". Назарбаев Университетінің студенттер бірлестігі мен клубтарының әлеуметтік желідегі парақшаларында осындай жазбалар мен хештегтер пайда болды.

Protecting Students Rights бастамасы 2024 жылдың аяғында НУ-де жемқорлық болуы мүмкін деген хабардан кейін туды. Оның негізін қалаған Назарбаев Университетінің 2-курс студенті Темірлан Қазақстанның жоғары оқу орындарында студент құқығын бұзу дерегін анықтап, құжаттауды мақсат тұтатынын айтады. Оның ішінде харассмент, кемсіту, саяси іс-шараларға қатысуға мәжбүрлеумен қатар, университеттер мен студенттер жатақханасында тиісті инфрақұрылымның болмауы бар.

Дегенмен қазір белсенділердің бар назары қаржылық тартыс төңірегінде.

Protecting Students Rights мүшелері "Жетпіс үш миллиард теңге. NU студенттері жемқорлыққа қарсы" деген жарияланымда оқу орнынан хаттағы айыптауға жауап беруді, аудиторлық есепті толық жариялауды, қаржылық заңсыздыққа жол бергендерді жауапкершілікке тартуды талап етті.

Осыдан кейін Темірланға біреу белгісіз нөмірден қоңырау шалыпты.

– Мұндай болады деп күткен жоқпын. Тұтқаны көтердім. "Бәле іздемей, тыныш жүр" деп ескертті де, қоя салды. Нақты бір адамдардың аты-жөнін атайтындай қолымда дәлел жоқ. Әйтсе де, мұндай түсініксіз нәрсе жемқорлық туралы жазбалардан кейін басталды, – деді студент.

Айтуына қарағанда, басқа студенттерге де осындай хабар келген, алайда олар журналистермен сөйлескісі келмеді. Темірлан редакция қызметкерлеріне Telegram желісіндегі аноним аккаунттардан университеттегі жемқорлық туралы айта бастаған студенттерге жіберілді деген хабарламалардың скриншоттарын табыс етті. Онда: "Бастарыңа бәле іздемей, тыныш жүріңдер", – деп жазылған.

Telegram желісіндегі Назарбаев Университеті студенттерінің тыныс-тіршілігі туралы жазатын NU York Times арнасының авторлары "Катсудың хаты" мен оған университет басшылығының көзқарасы туралы жан-жақты жазды. Желтоқсан айының аяғында NU York Times админдері Telegram арнаны сату және қоғамдық жұмыстан бас тарту туралы ұсыныс түскенін мәлімдеді. Арна авторлары мұны "үнін өшіру" әрекеті деп бағалайды. Ал қаңтар айында арнаға боттар шабуыл жасаған. "Мұндайды әдетте жағымсыз жазбалар жариялайтын жаңалық арналарына жасайды", – деп жазды паблик. NU York Times арнасының админдері де сұхбат беруге құлық танытпады.

Назарбаев Университетінің вице-президенті Аслан Сәрінжіпов (2013 жылдан 2016 жылға дейін Қазақстанның білім министрі болған)
Назарбаев Университетінің вице-президенті Аслан Сәрінжіпов (2013 жылдан 2016 жылға дейін Қазақстанның білім министрі болған)

Азаттық Азия редакциясы Назарбаев Университетінің президенті Вакар Ахмад пен вице-президент Аслан Сәрінжіповке сұрау жолдады. Сұрақтардың бір парасы қаржылық заңсыздық жөнінде еді. Редакция оқу орны басшылығынан 73,5 млрд теңгенің қайда және қалай жұмсалғаны туралы ақпарат, "14 млрд теңгені иемденіп кетті" деген айыптауға байланысты пікір сұрады. Студенттерге қысым жасалып жатыр деген ақпаратқа қатысты екі сұрақ болды. Редакция ешкімнің аты-жөнін келтірмеді және студенттер туралы ешқандай жеке ақпарат беруді өтінген жоқ. Журналистер менеджменттен қорқыту туралы мәлімдемелерге де пікір білдіруді сұрады.

Бізге берген жауабында университет алдында жарияланған баспасөз релизін жолдаған және 73 млрд теңгенің жұмсалуы жөнінде ешқандай қосымша ақпарат бермеген. НУ "Катсудың хатын" "жауапкершілікті басқаларға жабу әрекеті" деп атады.

Университет жауабында Катсу басқаратын америкалық New Generation Foundation стартабын сотқа беріп, Қазақстанға 50 млрд теңгені қайтаруды талап еткені көрсетілген. Сонымен бірге университет Катсудың жеке өзіне HeartStitch стартабына жұмсаған 15 млрд теңгені қайтару жөнінде сотқа талап әзірлеп жатқанын жеткізген. Талаптың жай-жапсарын ашып көрсетпеген.

НУ басшылары әкімшілікке студенттер тарапынан қорқытып-үркіту туралы шағым болмағанын айтты. "Ал азаматтық белсенді, түрлі қоғамдық бастаманың, соның ішінде queer.kz жетекшісі Темірланға келсек, қазіргі кезде оның университетте оқымайтынын, академиялық демалыста екенін хабарлаймыз" деген. Студенттің онлайн жобалары туралы ақпараттың қорқытып-үркіту туралы хабарға қандай қатысы барын түсіндірмеген.

Мұнымен бір мезгілде қазақстандық ақпарат құралдарының бірінің telegram-арнасында Темірланның ЛГБТИК+ қатарында екені туралы ақпарат пайда болды. Студент мұны қудалау және ақпараттық шабуыл деп бағалайды.

19 желтоқсаннан бастап Темірлан бастаған бірқатар студент Астанада студенттердің құқығын қорғау мақсатында митинг өткізуге тоғыз рет талпынғанымен, қала әкімдігі рұқсат бермей қойған. Белсенді акцияны әртүрлі күндері және осындай акциялар өткізуге арналған орындарда өткізуге әкімдіктің келісімін сұраған, алайда барлығында "ол күні қоғамдық іс-шара өткізу жоспарланған" деген жауап келген.

– Хабарламада халықты сапалы білімнің маңызы туралы хабардар ету, университетте қауіпсіз кеңістік құру мақсатын көздейтінімізді жаздық. Мейлінше жұмсақтау естілетіндіктен, митингінің мақсатын осылай деп көрсеттім. Жолымыз болар, рұқсат берер деп ойладым. Бәрібір рұқсат берген жоқ.

"Катсудың хаты – жеке пікір"

Жоғарғы аудиторлық палата қаржыны тиімді пайдаланбау туралы айтқанда, 25 млрд теңгеге жуық мақсатты қаржыны екінші дәрежелі банктерге депозитке салу, 18 млрд теңгенің инвестициялық жобасын тоқтату дерегі болғанын, сонымен қатар 30 млрд теңге "ұйымның жарғылық мақсатына жұмсалмағанын" жеткізді.

Аудиторлардың дерегі бойынша, Назарбаев Университетінде басқа да жайттармен қатар, мемлекеттік білім беруге тапсырыс сомасын көтеру нәтижесінде 435,2 млн теңге (шамамен 880 мың доллар), қайтарылатын қаржылық көмек көрсетуге – 60 млн теңге (шамамен 121 мың доллар), бағынышты ұйымдарға 19,6 млн теңге (шамамен 40 мың доллар) заңсыз жұмсалған. Мекеме университет 295 млн теңгені (595 мың доллар) қазынаға қайтарғанын хабарлады.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) Назарбаев Университетінің президенті Шигео Катсуды (сол жақта) қабылдап отыр. Астана, 11 мамыр, 2017 жыл
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) Назарбаев Университетінің президенті Шигео Катсуды (сол жақта) қабылдап отыр. Астана, 11 мамыр, 2017 жыл

ЖАП қызметтік ақпаратты тарату ережесіне сүйеніп, басқа нақтырақ мәлімет берген жоқ.

"Университеттің бұрынғы президенті Шигео Катсудың хатына келсек, ол мемлекеттік органның пікір білдіруін қажет етпейтін жеке пікір", – деп мәлімдеді аудиторлар.

Редакция ғылым және жоғары білім министрлігінен Назарбаев Университеті ашылған 2010 жылдан бастап оны қаржыландыруға қанша ақша жұмсалғанын, соның ішінде елдегі барлық жоғары оқу орындарына бөлінетін республикалық бюджет қаржысының қаншасы НУ-ге жұмсалғанын, сонымен бірге неге әлі күнге дейін Назарбаев Университетіне қаржының 97 пайызы республикалық бюджеттен алынатынын сұрады.

Министрлік құрғақ сандарды келтірумен шектелді. Қолымыздағы мәліметке сүйенсек, 2022 жылы 42,8 млрд теңге (қазіргі бағаммен шамамен 86 млн доллар) жұмсалған, 2023 және 2024 жылдары 42,5 млрд теңге бөлінсе, 2025 жылғы шығындарға 43,7 млрд теңге (шамамен 88 млн доллар) жоспарланған. Министрлік Назарбаев Университеті қаржы-экономикалық басқару және шешім қабылдауда дербес және тәуелсіз ұйым екенін де еске салды.

Студенттерді қорқытып-үркітуге қатысты министрліктегілер ештеңе білмейтін болып шықты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік пен Бас прокуратура Назарбаев Университетінің қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс пен тексеру жүріп жатқан жоқ деп хабарлады.

"Кісі қызығатын мигранттар"

Экономист, "Талап" іргелі зерттеулер орталығының өкілі Рақым Ошақбаев Назарбаев Университетін дамытуға жұмсалған бюджет қаржысы әлі күнге дейін ойлағандай нәтиже берген жоқ деп есептейді.

– Экономикалық тұрғыдан қарасақ, он жылда 500 млрд теңгеден астам инвестиция салдық, 9000 түлек лайықты білім алып шықты. Алайда олардың 40 пайызға жуығы әрі қарай білімін жалғастыру үшін сыртқа кетті. Кейбіреуінің оқыған мамандығына, менің ойымша, Қазақстанда сұраныс жоқ. Мәселен, бізде ядролық қауіпсіздік бойынша оқып шыққан мамандарға жұмыс бар деп ойламаймын. Университет түлектерінің айтарлықтай бөлігі диплом алғаннан кейін ғылым мен білім саласына кетті, экономиканың нақты секторына келген жоқ, – деді ол.

Ошақбаев Назарбаев Университеті он жылда "университеттің үшінші миссиясын", яғни қоғамның дамуына үлес қосу деген миссияны орындаған жоқ деген пікірде.

– Экономика, бюджет пен салық, монетарлық саясат саласында жақсы эконометристер бар екенін білемін. Бірақ солардың теңге бағамы, базалық мөлшерлеме, салық мөлшерлемесі туралы қандай да бір ұсыныс-пікір айтқанын естіп пе едіңіз? Ондайды естіген жоқпын. Сондықтан жүздеген миллиард теңгеге "кісі қызығатын мигранттар", демек озық білім алған, бәсекеге қабілетті, шетелде сұранысқа ие мамандар дайындадық па деген қорқынышым бар. Ал ел экономикасына пайдасы жұмсалған бюджет қаржысының ширегіне де жуымайды.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Назарбаев Университетінде. Астана, 4 мамыр, 2022 жыл
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Назарбаев Университетінде. Астана, 4 мамыр, 2022 жыл

Экономист жоғары оқу орнындағы кейінгі болып жатқан дау-дамай, бұрынғы және қазіргі топ-менеджерлердің бір-бірін айыптауы алдыңғы қатарлы университетке лайық емес деп есептейді.

– Назарбаев Университетінің мысалы нені көрсетеді? Бюджеті үлкен кез келген мекемеде тайталас пен интрига болмай тұрмайды. Менің ойымша, бірінші басшылық та, қазіргі менеджмент те алдымызда тұрған күрделі міндеттерге орай алдыңғы қатарлы университетті жетілдіретін көзқарас ұсынған жоқ. "Бар жақсыны жапсырған" университетті түрлі салада өзекті мәселелерді шешу көзіне қалай айналдыруға болатынын көрсетпеді.

Назарбаев Университеті табысты зерттеу жүргізіп, ғылыми жаңалық ашқанын тұрақты түрде жариялайды. Мәселен, 2025 жылғы 4 ақпанда Назарбаев Университетінің UMC медицина орталығы жүзінші донор жүрегін трансплантация жасағанын хабарлады. Ол ағза ауыстыруды төрт жыл күткен 54 жастағы алматылық азаматқа салынған. Орталықта мұндай операцияның алғашқысы 2012 жылы жасалған. Науқас "аман-сау, белсенді өмір сүріп жатыр" деседі.

НУ базасында 2019 жылы ашылған ISSAI ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институты қазақстандық Soyle App аудармашысын таныстырды. Бұл өнім әп-сәтте қазақ, орыс, ағылшын, түрік тілінен және керісінше аударма жасайды, аударманың сапасы Google Translate, Yandex Translate және GPT-4 сервистерінен кем емес деп айтылды.

Назарбаев Университетінің медицина орталығында мамандар науқасқа ота жасап жатыр. Астана. 7 ақпан, 2025 жыл. nu.edu.kz сайтындағы фото
Назарбаев Университетінің медицина орталығында мамандар науқасқа ота жасап жатыр. Астана. 7 ақпан, 2025 жыл. nu.edu.kz сайтындағы фото

НУ профессоры Дос Сарбасов қатерлі ісікке қарсы дәрі жасап жатыр. Профессор клиникалық сынақ кезінде қатысушылардың ісігі өспегенін, ал бір науқастың ісігі 30 пайызға қысқарғанын айтты.

2022 жылы оқу орны түлектерінің 70 пайыздан астамы "Теңізшевройл", Ұлттық банк, "Самұрық-Қазына", басқа да аудиторлық және консалтинг компанияларында жұмыс істейді деп есеп берді. Студенттердің 22 пайызы оқуын магистратура мен докторантурада жалғастырса, 8 пайызы уақытша үзіліс алған немесе декреттік демалысқа кеткен. Тек 8 пайызы ғана шетелде Apple, Google, Microsoft, Amazon, Facebook, BMW сияқты компанияларда жұмыс істейді екен.

Озық әрі қымбат болса да, айтылар сын көп

Астанадан "халықаралық деңгейдегі озық университет" ашу туралы идеяны Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2006 жылы айтты. 2009 жылы үкімет "Астананың Жаңа Университеті" коммерциялық емес акционерлік қоғамын құру туралы қаулы жариялады. 2010 жылдың маусым айында оқу орнының атауын Назарбаев Университеті деп өзгертіп, университет алғашқы студенттерін қабылдады. Сол кездегі президенті Аслан Сәрінжіпов болды.

2010 жылдың қараша айында оның орнына Дүниежүзілік банктің Еуропа мен Орталық Азия аймағы бойынша вице-президенті қызметін атқарған Шигео Катсу келді. Катсу бұл қызметтен 2023 жылдың маусым айында кетті.

Назарбаев Университетіндегі оқу тілі – ағылшын тілі. Оқу орны әлемнің жетекші университеттерімен әріптестік байланыс орнатқан. Қазір ол Орталық Азия мен Кавказ аймағындағы үздік университет ретінде мойындалған, ТМД елдерінің оқу орындары арасында бесінші орында, әлемдегі оқу орындарының Times Higher Education рейтингінің нұсқасы бойынша, үздік халықаралық зерттеу университеттері арасында 30 пайызға кіреді.

Грантқа түсу үшін IELTS сынағынан кемінде 6.0 алу керек. Назарбаев Университетіндегі оқу ақысы жылына 5,8 млн теңге (12 мың долларға жуық). 2024 жылдың аяғында оқу орны бірінші рет ақылы негізде оқу шартының жеңілдетілгенін хабарлады. Енді IELTS сынағынан 5.5 балл алып, Ұлттық бірыңғай тестілеуде 140 балдан 75 жинау жеткілікті. Бұрын НУ ҰБТ нәтижесіне мүлдем қарамайтын.

Forbes.kz жазуынша, Назарбаев Университеті жыл сайын бакалаврда студент оқытуға бөлінетін бюджет қаржысының сомасы жөнінен алдыңғы орыннан түспейді. Бакалаврда оқитын бір студентке орта есеппен 6,5 млн теңге (шамамен 13 мың доллар) бөлінеді. Одан кейінгі орында Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (ЕҰУ) тұр, мұнда грант құны жеті есе арзан – 920 мың теңге (1900 доллар шамасында). 2023-2024 оқу жылында НУ мемлекеттік грант есебінен 12 млрд теңге (шамамен 24 млн доллар) пайда көрген, сарапшылардың айтуынша, бұл алдыңғы жылдан 5 пайыз артық. Forbes.kz нұсқасында екінші орында мемлекеттен 5 млрд теңге (10 млн долларға жуық) алатын ЕҰУ тұр.

Республикалық бюджеттен бөлінетін қаржыдан бөлек, Назарбаев Университетіне ұйымға мәдени және әлеуметтік қолдау көрсететін эндаумент қорлар да қаржы береді. Олар инвестиция салып, тапқан табысын институттарды қолдауға жұмсайды. Солардың бірі – "Назарбаев қоры". Бұл қор OCCRP, Kloop және "Власть" журналистерінің бірлескен зерттеуінде Назарбаевтың активі ретінде аталады. Қор табысы туралы жария есеп бермейді, зерттеушілердің айтуынша, оның активін елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзі басқарады.

Қазір университетте 7500 студент білім алып жатыр. Оқытушылар құрамының 70 пайызға жуығы – әлемнің 58 елінен келген шетелдік мамандар.

Назарбаев Университетінің бұрынғы оқытушысы Салтанат Жаненова 2024 жылы "Власть" басылымындағы бағанында қазақстандық оқытушыларды кемсіту барын жария етті. Оқытушының айтуынша, отандық мамандар шетелдік профессорлардан 2-3 есе аз айлық алады. Сырттан келгендерге әлеуметтік қызмет пакеті бар, оған жылына екі рет отбасының бүкіл мүшесіне еліне барып-келу билеті; балаларының оқу ақысы (әр балаға жылына 5000 доллар); медициналық сақтандыру; салтанатты тұрғын үй кешендерінде тегін тұру кіреді. Жаненова қызметте өсу және сыйақы алу жағынан да шетелдік қызметкерлерге басымдық берілетінін, соның салдарынан қазақстандық мамандар елден кетіп қалғанын жазды.

"Елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай мәз емес, ал шетелдік менеджмент пен басқа елдерден келетін қызметкерлер қазақстандық салық төлеушілердің есебінен сән-салтанатты өмір сүреді", – деп жазды мақалада.

XS
SM
MD
LG