Accessibility links

Қазіргі Ресейде аз ұлттың тілінде сөйлеудің азабы. Татарлардың жанайқайы


Ұлттық киімін киген татар мен башқұрт. Көрнекі сурет
Ұлттық киімін киген татар мен башқұрт. Көрнекі сурет

21 ақпан — Халықаралық ана тілі күні. Азаттықтың Татар-Башқұрт редакциясы (Idel.Реалии) татар ұлтының үш өкілімен сөйлесіп, қазіргі Ресейде аз ұлттардың тілінде сөйлеудің жайы қалай екенін, олардың ана тілі қандай қиындыққа кез болып отырғанын талқылады.

Таралуы жағынан Ресейдегі екінші тіл саналатын татар тілінде сөйлесу кейінгі жылдары азайды. Бұл татар ұлты өкілдерінің саны азаюымен байланысты: 2010 жылы елде 5,3 млн татар тұрған болса, 2021-де олардың саны 4,7 млн болған.

Татар тілі Ресейдің кейбір аймағында әлі де кең тараған, әйтсе де негізгі ошағы — Татарстан. Оның өзі кейінгі он жылда 400 мыңға жуық (20%) азайып қалған.

Халық санағындағы қайшылыққа орай бұл көрсеткіш дау тудырса да, ана тілінде сөйлейтін татарлардың саны айтарлықтай қысқарғанына ешқандай күмән жоқ.

Кремльдің айналасында жүрген кейбір сарапшылар мұның себебін көші-қон сияқты сыртқы факторға жабады. Ал басқа бір тобы Мәскеу қолға алған шаралар Ресейдің аймақтарында, соның ішінде Татарстанда жергілікті ұлттардың тілі құлдырауын жеделдетті деп санайды.

2018 жылы Ресей білім туралы заңға өзгертулер енгізіп, мектепте аз ұлттардың тілін оқу ерікті деп бекітті. Орыс тілі оқу бағдарламасындағы міндетті тіл болып қалды. Бұл қозғалыс татар тілінде оқу мүмкіндігін айтарлықтай азайтып, мектеп пен қоғамдық өмірдегі тілдің қолданысын бұрынғыдан бетер әлсіретіп жіберді.

21 ақпан күні әлем елдері Халықаралық ана тілі күнін атап өтеді. Idel.Реалии татар ұлтының үш өкілімен сөйлесіп, қазіргі Ресейде аз ұлттардың тілінде сөйлеудің жайы қалай екенін сөз етті. Сұхбат берген азаматтар қауіпсіздік үшін тегін көрсетпеуді сұрады.

«ҰЛДАРМЕН СӨЙЛЕСКЕНДЕ БІРДЕН ОРЫС ТІЛІНЕ КӨШЕМІЗ»

Тимур «11-сыныпқа дейін тек қана татар тілінде оқығанын» біледі. 1980-жылдары Татарстандағы ауыл мектебіне барған.

Жасы елуге таяған, қазір Мәскеуде тұрады. Бұрынғы мұғалім қазір татар тілінде орта білім алудың мүмкін емес екенін айтады.

«1982–1992 жылдары мектепте оқыдым, біздің мектебімізге 200-дей оқушы болатын. Қазір онда 30 шақты ғана оқушы бар», — дейді ол. Өйткені жоғары сынып оқушыларының көпшілігі «сабақтың көп бөлігі орыс тілінде жүретін» ірі елді мекендердегі мектептерге барады дейді.

Орыс тілі біртіндеп Татарстандағы басым тілге айналды.

«Үйде татар тілінде сөйлессе де, ата-аналардың көпшілігі балаларын татар тілінде оқытқысы келмейді, — дейді ол. — Олардың көпшілігі орыс тілінде сөйлейтін қоғамға бейімделу барысында көп қиындық көрген, енді балаларының осындай мәселеге кез болғанын қаламайды».

Тимурдың үлкен қызы татар тілінде сөйлейді, ал кіші ұлдары татарша білмейді.

«Ұлдармен сөйлескенде бірден орыс тіліне көшеміз, себебі олар орыс балабақшасына барды, орыс тілінде оқыды, ал татар тілі қосымша пән ретінде ғана жүрді, — дейді Тимур. — Бұл біздің кемшілігіміз. Ана тілімізге саналы құрмет көрсетіп, тиісті қамқорлық жасай алмадық».

Тимур «татар тілін біліп, татарша сөйлегені үшін ешқашан ашықтан-ашық жау көруді байқамағанын» айтады, дегенмен 2018 жылы білім туралы заңға өзгерту енгеннен кейін мемлекеттік мектептерде татар тіліне деген көзқарас бірден өзгеріп шыға келгенін жасырмайды. Ол кезде Тимур Татарстанда мектепте сабақ беретін.

«Мектепте татар сыныптары, балабақшада татар топтары болды, бұған министрлік тікелей қолдау көрсетіп келді, — дейді ол. — Бірақ бір сәтте [шамамен 2018 жылы] бәрі өзгеріп шыға келді... Татар тілін оқытуға бөлінетін сағат санын қысқарту жөнінде тікелей бұйрық болды... мен мұны ашықтан-ашық саясат деп санаймын».

Әйтсе де, татар тілінің алдында тұрған қиындықтарға қарамастан, Тимур ана тілінің «жойылмайтынына және әрі қарай өркендей беретініне» сенімді. Бұрынғы педагог тіл тірлік ететін «мәдени орта» құрып кеткен жоқ дейді.

«Театрлар, фильмдер мен кітаптар бар, — дейді ол. — Татар мәдениетіне жататын классикалық туындының көпшілігі ашық дереккөзде [желіде] бар. Өзім көптеген кітапты жүктеп алғанмын, арасында оқып тұрамын».

«ЖАУ КӨРЕТІН РЕСЕЙШІЛ БОТТАР»

30 жастағы Талғат татар тілінде сөйлейтін отбасында дүниеге келген. Бірақ мектепте татар тілі пәні міндетті болса да, ана тілін үйренуге мүмкіндік аз болғанын мойындайды.

«Татар тілін оқытатын сыныпқа ауыстым, бірақ сынып жетекшім маған айтарлықтай көмектесе алмады, — дейді ол. — Татарша университеттің төртінші курсында ғана, онда да акцентпен сөйлей бастадым».

Талғат ол кезден бері Татарстандағы жағдай нашарлап кетті, «қазір ана тілінде оқу деген атымен жоқ» дейді.

Сонымен бірге, әлеуметтік желіде де татар тіліне деген жаулық көзқарасты байқайтынын айтады.

«Сондай бір жау ретінде қарайтын, ресейшіл екі-үш ботпен ұдайы бетпе-бет келіп қаламын, — дейді ол. — Олар біздің жақта ешқашан болмаған сияқты. Бізде жәй сынап көру үшін олардың көзқарасына қарсы пікір айтып көріп едім... бірден ашуға басып шыға келгенін көріп таңғалдым».

Талғат белгілі бір дәрежеде ана тілін білсе де, татар тілі мен мәдени дәстүрлерді қолдауға бағытталған әлдебір ресми іс-шараларға «қызықпайтынын» айтады. Ол мұндай шаралар мемлекеттік органдардың «грант игеруін көздейтін көзбояушылық» деп санайды.

Татар тілінде хабар тарататын негізгі телеарналар мен радиостанцияларға да назар аудармайды. «Татар тілінде хабар тарататын бес-алты радиостанция немесе телебағдарлама бар, олардың ешқайсын тыңдай алмаймын, себебі негізінен жасы келген орындаушыларды береді», — дейді Талғат.

«САЛТАНАТҚА АРНАЛҒАН» ТІЛ

43 жастағы Қазан тұрғыны Алсу бұрын білім беру саласында жұмыс істеген. Ол мемлекеттік мектептерде татар тілін оқу «ерікті» деп бекіткен 2018 жылғы заң онсыз да қалт-құлт етіп тұрған татар тілінің жағдайын нашарлатып тастады деп санайды.

«Шартты түрде әркім қалауы бойынша оқи алады, — дейді ол. — Ал шын мәнінде бәрі директорға және білім бөліміне байланысты. Әдетте рұқсат бермейді. Олар да бас қатырғысы келмейді, мәліметтерді бұрмалап, ешкім оқығысы келмейді деп көрсетеді. Ал оқысы келетіндер бар. Оларға мүмкіндік берілмей отыр».

Татарстан мектебіндегі балалар
Татарстан мектебіндегі балалар

Алсу бұл заң ата-аналар мен оқушылардың алдында татар тілінің дәрежесін де түсіріп тастады деп есептейді.

«[Тілдің] маңызы мен орны бірден төмендеп кетті. Татар тілі республиканың мемлекеттік тілі дәрежесінен белгілі бір салтанатқа арналған тіл деңгейіне дейін түсіп кетті», — дейді Алсу.

Өзінің ұлы қазір татар тілін үйреніп жүр, оқулықтары да «керемет». Соған қарамастан әрі қарай ана тілінде оқу мүмкіндігі аз деп ойлайды.

«Ұлым татар тілінде білім алғанын қалап едім. Маған рұқсат берген жоқ. Тіпті прокуратураны айтып қорқытты. Басқа елде емес, Татарстанда!» — дейді ол ренішін жасыра алмай.

Қазіргі жағдайда Татарстандағы татар тілінің болашағы бұлыңғыр деп санайды.

«Татар тілі кітап бетінде қалайын деп тұр, — дейді Алсу. — Мектебі бар кейбір ауылдарда сақталып отыр, әлі де жаңғыртуға болады. Ал кең көлемде қарасақ, республикада тілдің деңгейі түсіп бара жатқанын ғана байқаймын».

XS
SM
MD
LG