Accessibility links

"Тілдегі үдерістің бәріне үн қосатын". Компартия Шора Сарыбаевтың кітабын неге жойды?


Тілші ғалым Шора Сарыбаев (1925-2018). "Қайрат" футбол клубы сайтындағы фото (fckairat.com)
Тілші ғалым Шора Сарыбаев (1925-2018). "Қайрат" футбол клубы сайтындағы фото (fckairat.com)

"Азаттық толқынында" подкасында тілші ғалым, қазақ лексикографиясы мен диалектологиясын зерттеген, бір кезде зерттеуі баспадан шыға салып жойылған Шора Сарыбаевтың еңбегі жайында айтылады. Ғалым 1994 жылы Түркияда Азаттық радиосына сұхбат берген.

Шора Сарыбаевтың Азаттыққа сұхбатынан кейін туындаған сұрақтарға ғалымның кейінгі толқын шәкірттерінің бірі, ғылым кандидаты Алмас Үдербаев жауап береді.

ҚАЗАҚ ТІЛ БІЛІМІНІҢ ШОРАСЫ

Шора Сарыбаев 1925 жылғы 2 наурызда Ташкентте дүниеге келген. Тіл білімін зерттеуші ғалым, доктор, профессор. ҚазМУ-дың түлегі, кейін аспирантурасын бітірген. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының қазақ тілі тарихы мен диалектологиясы бөлімінің меңгерушісі, институт директорының орынбасары қызметтерін атқарды. Бас ғылыми қызметкер болды. Диалектология, морфология, лексикология, лексикография, библиография, тіл тарихы, аударма, алтаистика бағытында зерттеу жасады. 300-ден астам ғылыми мақалалары мен оқулықтары, арасында монографиялары жарық көрген.

Сәрсен Аманжоловтың тілдегі диалектілерді топтау теориясын әрі қарай дамытты, диалектология саласындағы терминдерді зерттеді. "Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігін", "Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігін" құрастырушылардың бірі. "Қазақтың аймақтық лексикографиясы" монографиясы — осы бағыттағы тұңғыш еңбек.

"Қазақ тіл білімінің библиографиялық көрсеткіші" атты алты томдық зерттеу жинағы тіл білімі тарихындағы шоқтығы биік еңбек аталады. "Түркітану әдебиетінің библиографиясын" құрастырған.

Ғалым 2018 жылы 94 жасқа қараған шағында қайтыс болған. Аталған еңбектерінің ішінде "Қазақ тіл білімінің библиографиялық көрсеткіші" алғаш 1960 жылы баспадан шыққан бетте жойылған. Себебі онда Алаш арыстарының есім, сойы аталып, еңбектері тізбеленген.

Шора Сарыбаев 1994 жылы Анкарадағы екінші Түркі құрылтайына барғанда Азаттық радиосына сұхбат берген. Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхананың Сирек қорындағы Хасен Оралтайдың жеке қорында осы сұхбаттың аудиосы сақталған.

"ПРОГРАММА" ЖӘНЕ "БАҒДАРЛАМА"

Тіл білімінің білгірі Шора Сарыбаев 1994 жылы Анкарада Азаттық радиосының тілшісі Едіге Мұхтарұлына берген сұхбатында пуристік бағыт жайында айтады. Яғни, өзге тілден енген элементтерден тілді тазартуға дайын тұратындармен келісе алмайтынын білдіреді. Мәселен, ол "программа" сөзін көптеген түрктілдестер сол күйі қолданатынын және оның түсінікті екенін, ал қазақшада "бағдарлама" деп аударылғанын еске алады. Ол Анкарадағы Түркі құрылтайында да терминдер жайлы баяндама жасағанын айтады. Баяндамасында барлық түркітілдестерге ортақ терминологиялық комиссия құру жайында тоқталған.

Шора Сарыбаевтың кейінгі толқын шәкірттерінің бірі, Сәтбаев университетінің кафедра меңгерушісі Алмас Үдербаев ғалымның ғылымдағы бағыт-бағдары жайлы былай деді:

– Ол пуризмге, яғни терминдерді жаппай аударуға қарсы болды. Тоқсаныншы жылдары салалық сөздіктер шыққан кезде кей терминдер аударылып, қолданысқа енгенімен, біршама терминдер сол күйі қағазда қалды. Тіл білімінде бір топ барлық терминдерді аудару керек дегенді жақтады. Тағы бірі халықаралық терминдерді сол қалпы қалдырғанды жөн көрген. Үшінші бір топ ыңғайға келетін терминдерді аудару керек, ыңғайға келмейтіндерді аудармасыз қалдыру керек бағытты құп көрді. Менің ойымша, Шора ағай осы үшінші топты жақтаған сияқты.

Алмас Үдербаевтың айтуынша, гуманитариялық салада кей сөздердің аудармасы бірден қалыптасып, айналымға түсіп кететіні бар. Ал техника саласында олай емес.

– Аударма сәтті шықпаған соң, қолданысқа ұсынылған балама сөздер көпшілікті шатастыруы мүмкін. Әсіресе, мұның кері салдарын студенттер тартып жатады. Бұл пәннің мәнін, мазмұнын түсінуде кедергі келтіреді, – деді тіл маманы Алмас Үдербаев.

Ол Шора Сарыбаевтың теориялық еңбекпен, зерттеумен ғана шектелмей, көрген кемшілік, білген білімін бөлісе жүретінін айтты. Өзі қуақы, қалжыңға бейім ғалымның көппен тіл табысуы да қиын болмаса керек.

– Жүрген жерінде билбордтағы немесе кіреберістегі атаулары дұрыс жазылмағанын көрсе, сол мекемелерге ерінбей өзі кіріп, айтып, түзеп жүретін. Шора ағайдың мұнысы енді – табандылық. Жаңа сөздерді жинап, сөздігін шығарғаны өз алдына. Қысқасы, тілдегі құбылыс, үдерістің бәріне үн қосып отыратын, – деді Алмас Үдербаев.

40 ШАҚТЫ "ХАЛЫҚ ЖАУЫ" ЖӘНЕ ШІЛТЕҢДЕГЕН ШЕНЕУНІК

Қазақстан компартиясы 1960 жылы Шора Сарыбаевтың "Қазақ тіл білімінің библиографиялық көрсеткішінің" бірінші томын баспадан шыға салып көзін құртты. Онда Алаш арыстарының еңбектері мен аттары аталған.

Бірінші қатарда солдан оңға қарай: Халел Ғаббасов, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов, Мұхтар Әуезов. Жоғарғы қатарда: Жүсіпбек Аймауытов, Әлкей Марғұлан, Абдолла Байтасов. 1920-жылдары түсірілген сурет.
Бірінші қатарда солдан оңға қарай: Халел Ғаббасов, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов, Мұхтар Әуезов. Жоғарғы қатарда: Жүсіпбек Аймауытов, Әлкей Марғұлан, Абдолла Байтасов. 1920-жылдары түсірілген сурет.

"Қазақ тіл білімінің библиографиялық көрсеткішінің" бірінші томы жайында Шора Сарыбаев өзінің әкесі туралы тарихшы Мәмбет Қойгелдиевке берген сұхбатында әңгімелеген екен.

"1960 жылы менің "Қазақ тіл білімі әдебиетінің библиографиялық көрсеткіші" атты еңбегімнің бірінші томы пышақ астына түсіп туралып кетті. Өйткені онда "халық жауларының" есімдерін қосқан едім. Онда Ахмет Байтұрсыновтан бастап, "А.Б." деп қысқартылып берілген болатын. Ал бірақ та оның Ахмет Байтұрсынов екендігін, оның арғы жағындағы М.Жұмабай, Х.Досмұхамедұлы, Т.Шонанұлы, Қ.Кемеңгеров, А.Байділдин, Байғаскин, Ж.Аймауытов, Ш.Құдайбердіұлы сияқты т. б. қазақ интеллигенция өкілдерінің 40 шақты есімі және олардың еңбектерінің тізімі хронологиялық тәртіпте енгізілген болатын, солар арқылы бірден тануға болатын. Мен материалдарды Мәскеудегі архивтен алып келген едім. Кітаптың редакторы етіп Ісмет Кеңесбаевты жазғанмын. Кітабым шыққанда сүйінші сұрап, І.Кеңесбаевқа кіріп бардым да, "Кітабым шықты. Сіз бас редакторысыз", – дегенімде ол "Құтты болсын", – деп бірінші бетін ашып қалып еді, "А.Б." дегенді көріп шошып кетті. Ісекең дереу Орталық комитетке телефон соқты", – деген Шора Сарыбаев кітаптың рецензенттері Мәулен Балақаев пен Ғали Бегалиев болғанын айтады.

Оның сөзінше, Қазақстан компартиясы орталық комитетіне барғанда ондағылар "халық жауларының аты мында қайдан жүр?" деп шүйліккен. Бас редактор болған соң бірінші соққы Ісмет Кеңесбаевқа бағытталған. "Ол "мынаның бәрін алып таста деп едік, алып тастамапты ғой", – деп маған жаба салды", – деген Шора Сарыбаев сұхбатын былай жалғастырған:

"Ол негізінде кітаптың ішінде "халық жауларының" бар екенін білмейді, қарамаған ғой. "Сіз неге қарамадыңыз?", – деп Балақаевтан сұрап еді, "Мен оны қарап едім, біздің аттарымыз кездеседі екен. Қол қоя салдым", – деп жауап берді. Ол ешкімнен қорықпайтын еді. Ал менен ештеңе сұраған жоқ. Сол жердегі бір философ шілтең-шілтең етіп, М.Балақаевқа да, І.Кеңесбаевқа да әбден ұрысты", – деген Шора Сарыбаев ертесіне сөгіс арқалап, қызметі төмендетілгенін айтады. Және өзі партия мүшесі болмағандықтан, осындай "жеңіл жазамен" шектелгенін ескерте кетеді.

"КІТАБЫМ ТУРАЛЫП ЖАТҚАНДА ҚАРАП ТҰРДЫМ..."

Одан да қызығы мынада. Шора Сарыбаев Мәмбет Қойгелдиевке берген сұхбатында өз кітабы қалай туралғанын және сол жерде үш дана кітабын олжалап әкеткенін айтқан.

"Кітабымның 2000 данасы жертөледе машинамен туралып жатқанда мен бардым. Қарап тұрдым. Типографияда істейтін бір жолдасым "Ал енді сенің кітабыңды турап жатыр, бір қалтаңа "Столичный" сал, екінші қалтаңа балықтан "закуска" ал да бар. Сөйт те кітабыңның 2-3 данасын сұрап ал", – деді. Барсам, үш орыс жігіті кесетін құралмен кітапты үшке бөліп жатыр екен", – дейді ғалым.

Сөйтіп олармен саудаласып, "өлім жазасына" кесілген еңбегінің небәрі үш данасын сақтап қалыпты. "Соның біреуін Ғарифолла Әнес репрессияға ұшырағандардың мұражайына қоямын деп алып кетті. Біреуін А.Байтұрсынов мұражайына қоямыз деп сұрады. Біреуі міне, өзімде сақтаулы тұр", – деген Шора Сарыбаев сол сұхбатында.

Бұл хабардың подкаст нұсқасын Азаттық сайтынан, подкаст платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан тыңдау мүмкіндігі бар.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG