Ұлыбритания мен Франция Украина және өзге елдермен бірігіп бейбітшілік жоспарын әзірлейді. Бұл жөнінде Ұлыбританияның премьер-министрі Кир Стармер BBC ақпарат агенттігіне мәлімдеді. Оның сөзінше, мұндай шешім Украина басшысы Владимир Зеленский мен АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйде журналистердің көзінше керісіп қалғаннан кейін қабылданған.
“Ұлыбритания, сонымен бірге Франция және тағы бір ықтимал тарап Украинамен бірігіп, әскери қимылды тоқтату жоспарын әзірлеумен айналысады, одан кейін жоспарды АҚШ-пен талқылаймыз” деді Стармер.
Ол BBC-ге сұхбатында "келісім болуі керек екені сөзсіз, әскери қимылды тоқтату керек, ал одан кейін сол келісімді қорғау керек, себебі ең ықтимал нашар сценарийлердің бірі - бұл уақытша үзіліс, одан кейін Путин тағы да келеді" деді.
Оның сөзінше, егер Еуропа Украинада бітімгер операциясын бастауға келіссе, АҚШ Украинаға қауіпсіздік кепілдігін беруі керек.
Ол Зеленский мен Трамптың керісуі жөнінде сұраған кезде "мұндайды ешкім бақылағысы келмейді" деді. Ол Украина мен АҚШ президенттері арасында "көпір" рөлін атқаруды өзінің міндеті санайтынын жеткізді.
"Кейінірек мен президент Трамп пен президент Зеленскийге хабарластым, себебі менің түсінуімше, басты назар Украинада тұрақты бейбітшілік орнату мәселесінде болуы керек" деді Стармер.
Ұлыбританияның премьер-министрі Зеленскийдің Вашингтондағы әрекетін дұрыс емес деп санамайтынын жеткізді.
Ол Трамп пен Зеленскийге сенетінін, ал Путинге сенбейтінін айтты.
Жексенбі күні Лондонда Украинаның қауіпсіздігі мәселелері бойынша саммит басталады. Оған Еуропа елдерінің бірқатар басшылары қатысады. Оған Түркияның сыртқы істер министрі Хакан Фидан, НАТО бас хатшысы Марк Рютте, Еурокомиссияның жетекшісі Урсула фон дер Ляйен және Еурокеңес жетекшісі Антониу Кошта қатысады.