Әкесі соғыстан зардап шеккендерге көмектеседі, ұлы ел қорғайды. Украинада тұратын Дәрменовтер отбасы қалай өмір сүріп жатыр?

Ерікті Марат Дәрменов Украинаның Херсон облысы Чернобаевка ауылындағы соғыстан қираған әуежайдың алдында тұр.

Қазақстанда дүниеге келген, ұлты қазақ Марат Дәрменовтің Украинада тұрып жатқанына 20 жылдан асты. Ресей әскері басып кіргеннен кейін Дәрменовтер екінші отанына айналған Украинаны тастап кеткен жоқ. Марат Дәрменовтің ұлы Украина қарулы күштері қатарына кіріп, майданға аттанды. Әкесі еріктілер қатарына қосылып, ресейліктер басып алған елді мекендерге барды, "Юрт Незламності" ("Мызғымастық киіз үйін") тігуге қатысты. Соғыс басталғанына үш жыл толар қарсаңда Азаттық Азия редакциясы Марат Дәрменовпен сөйлесті.

"Менің елім, менің елім, гүлің болып егілемін..." Қазақ даласынан мыңдаған шақырым қашықта, Украинаның көк аспанында Қазақстанның әнұраны қалықтап тұр. Оны украиндер шырқап жатыр. Хордан кейін сәні келіскен қазақтың ұлттық киімін киген қыздар "Қамажай" биін биледі. Украинаның батысындағы Нововолынск қаласында 2025 жылдың қаңтарында қазақтың киіз үйі осылай ашылды. Оны орнатуға Киевтен келген ерікті Марат Дәрменов жетекшілік етті.

– Нововолынск менің ауылым Белогородтан 500 шақырым қашықта орналасқан. Палау пісіру үшін бусқа (Украинада шағын автобусты осылай атайды – ред.) қазанымды, самауырды тиедім. Пеш, отын, үстелдер, бір рет пайдаланатын ыдыс алдым. Асханамды сайлап алып, жолға шықтым. Киіз үйдің ашылуында үнемі тегін палау таратамыз, – деді 55 жастағы Марат Дәрменов.

Your browser doesn’t support HTML5

Гимн Казахстана и казахский танец: «Юрта Незламності» в Нововолынске

Украинадағы "Юрт Незламності" орнатылуын қадағалап жүрген қазақстандықтарға Мараттың жүзі жақсы таныс. Қазақстандық кәсіпкердің ақшасына алынған алғашқы киіз үй 2023 жылы соғыс бастала салысымен қатты зардап шеккен Бучада тігілді. Ресей әскері кеткеннен кейін Буча көшелерінде адам мүрделері шашылып жатты, арасында қолы қайырылып байланғандары да болды. Киев Ресей әскері Бучаны басып алған 33 күн ішінде қалада 1400 бейбіт тұрғын қаза тапқанын хабарлады. Қаладағы инфрақұрылымның бір бөлігі қирады. Киіз үйді халық шәй ішіп, бой жылытып, телефон қоректендіріп алуы үшін тікті.

Бірінші киіз үй 2023 жылғы 9 қаңтарда Бучада тігілді

Бучадан кейін тағы бір киіз үй патшалық Ресей тұсында көп жыл Қазақстанда айдауда болған украин ақыны Тарас Шевченконың атымен аталатын Киевтегі саябаққа тігілді. Одан кейін Харьков, Днепр, Одесса, Николаев, Славянск және Львов қалаларында киіз үй бой көтерді. Украинада киіз үй тігудің басы-қасында Марат Дәрменов бастан-аяқ жүрді. Ағашын құрып, киізін жапты. Ол мұның өзінше бір челлендж болғанын айтады.

– Бір танысым маған айтпай нөмірімді қазақ бизнесмендеріне беріп, менің киіз үй тіге алатынымды айтыпты. "Марат, сіздің қолыңыздан келеді екен" деп хабарласып тұр. "42 жыл бұрын, бала кезімде, үй тігуге көмектескенім бар. Жеке өзім тігіп көрмегем, бірақ үй тіккенді көргенмін" деп шынымды айттым. Олар қолымнан келетінін айтып, сенім артты. Сөйтсем, 40 жылда киіз үй тігудің ережесі өзгермепті. Үйлерді тіктік. Барлығы көз тоярдай әдемі. Бизнесмендер киіз үй жабдықтарынан, кілемнен ақша аяған жоқ. Керегеге де кілем ілдік, еденге де төседік. Кеудемді мақтаныш сезімі кернеді. Кірген адам аузы ашылып, киіз үйдің көркіне тамсанумен болды.

Марат Дәрменов "Мызғымастық киіз үйін" ашу рәсімінде палау басып, жұртқа ұсынды. Нововолынск, 18 қаңтар, 2025 жыл

Украинада киіз үй тігіле бастауын Мәскеу ашықтан-ашық жақтырған жоқ. Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі жауабында киіз үй тігу жеке адамдардың бастамасы екенін, онда тұрған ештеңе жоғын айтты.

– Ресей HIMARS-тан біздің киіз үйден қорыққандай қорықпаған шығар, – дейді Дәрменов. – Қызылордада тұратын туыстарым хабарласып, "абайлап жүр, көзге әбден түстің" деп ескертті. Қуанбасам, ренжіген жоқпын. Демек, бәрін дұрыс жасап жатырмыз деген сөз.

"ҚАЗАҚТАРҒА МЫҢ АЛҒЫС, СЕНДЕРДІ ЖАҚСЫ КӨРЕМІН!" МАРАТ ДӘРМЕНОВ ҚАЛАЙ ЕРІКТІ БОЛДЫ?

Марат Ресей әскері басып кіргеннен кейінгі алғашқы күндер ауыр болғанын еске алды. Ресей әскері Киевтің іргесіне таяды. Дәрменовтер отбасы қаланың шетінде тұратын, ол жерде үздіксіз жарылыс болып жатты.

Наурыз айының аяғында, Украина қарулы күштері Ресей әскерін Киев түбінен ығыстырып шығарғаннан кейін қазақ диаспорасының өкілдері бұғаудан босаған қалалар мен ауылдарға барып, халыққа қолдау білдірмек болды. Гостемель қаласында Марат үлкен қазанға палау басты, әйелдер бауырсақ пісірді.

– Қалаға құдды ақырзаман келгендей еді. Не газ, не жарық, не су жоқ, дым жоқ. Үлкен супермаркеттер түгі қалмай жанып кеткен. Әскери адамдар алаңға апарды да, сол жерден ешқайда кетпеуді бұйырды. Бүкіл жерде мина барын айтты, – деп еске алды ерікті. – Халық кезекке тұрды, біз тамақ тарата бастадық. Ұлтымыз қазақ, өзіміз Украина азаматы екенімізді айттық. "Мен Қазақстанда тұрғанмын", "күйеуім Қазақстаннан", "туысым Қазақстанда әскерде болған" деп бізді келіп құшақтап жатты. Телефоныма түсіріп, Астанада тұратын қарындасыма, сыныптас достарыма жібергенмін. Жарты сағатқа жетпей, "Жарайсыңдар!" деп қоңырау соғушылар қаптап кетті. Бәрі риза болды. Қазақстанда туып, Америкаға көшіп кеткен украин әйел біреулер арқылы хабарлама жіберіпті. "Қазақтарыма мың алғыс, сендерді қатты жақсы көремін!" деп жазыпты.

Гостомельдегі қираған тұрғын үйлер. Украина күштері Киев түбіндегі бұл кентті Ресей әскерінен 2022 жылы наурызда азат еткен

Ирпень, Буча, Гостемель қалаларындағы сұмдықтан есеңгіреп қалған халыққа көмек қолын созған қазақтардың фото, видеосы желіде тарап кетті. Қолұшын бергісі келгендер Украинадағы қазақ диаспорасының өкілдеріне ақша аударып жатты. Марат Дәрменов Қарағандыда туып-өскен, қазір Германия тұратын бейтаныс адамның YouTube желісіндегі видеоны көргеннен кейін жарма, қант, сұйық май секілді 10 тонна азық-түлік алып бергенін еске алды.

– Күріш пен майдан кішкене алып қалдым, бауырсақ пісіріп, палау басып жүрдік. Қалғанын халыққа таратып бердім. Оңалту орталықтары мен госпитальдерге апарып бердім. Шығыстағы мекен-жайын тастап бассауғалауға мәжбүр болған мұқтаж жандарға жібердік.

Қазақстаннан және басқа да елдерден келген көмектің арқасында Украинадағы қазақтар қара күз түскенше азат етілген аумақтарға апта сайын шығып жүріпті.

– Қарашада бауырсақ пісіре алмадық, күн суық, май қызбайтын. Ал аяз түскеннен кейін ешқайда бармайтын болдық. Одан кейін барлығы жолға қойылып, мемлекет азық-түлікпен қамтамасыз ете бастады, біздің қажетіміз болмады.

Ыстық бауырсақ, сүтті шай. Украинадағы қазақтардың Бучада тіккен киіз үйі

"СОҒЫС БАСТАЛА САЛЫСЫМЕН БІРЛІК ОРНАДЫ"

2023 жылғы маусым айының басында Днепрдегі Каховка су қоймасындағы бөгет бұзылып (апаттың нақты себебі белгісіз, Мәскеу мен Киев нысанды әдейі құртты деп бір-бірін айыптап отыр), мыңдаған үй су астына кеткеннен кейін ерікті Марат Дәрменов Херсон облысына барған.

Бірінші барғанында Херсондағы Корабельный ауданында су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек қалдырған. Әрі қарай әскери адамдар жібермей қойған. Өйткені тасқын көтеріп тастағандықтан, су басқан аумақтарда мина жарылуы мүмкін деп ескерткен. Ерікті қайткенде де қайтып ораламын деген оймен су басқан Ингулец ауылында тұратын әйелдің телефон нөмірін жазып алыпты.

– Ол күрек, резеңке етік, суды зарарсыздандыратын құралдар керегін айтты, – деді Марат Дәрменов. – Үйге келіп, керек заттарды жинай бастадым. 250 адам отыратын көршілер чатына: "Херсон облысына барып келдім, халық зардап шегіп жатыр. Мәшинемді балалардың ойын алаңының қасына қоямын, беріп жіберетін заттарыңыз болса, әкеліңіздер", – деп жаздым. Таңертең көлігімді қойып, суретке түсіріп, чатқа салдым. Кешке келсем, бусты толтырып тастапты. Тұла бойым шымырлап кетті. Үйге келгеннен кейін "Көршілерім, сіздер керемет адамсыздар!" деп жазып алғыс айттым.

Марат Дәрменов "Мызғымастық киіз үйін" тігуге барған Нововолынскіде. 17 қаңтар, 2025 жыл.

Дүкеннен жетпеген дүниені сатып алған Марат Дәрменов Ингулецке аттанған. Ерікті мұның ең ауыр сапар болғанын айтады.

– Біздікілер ресейлік танкілер өтпесін деп көпірді жарып тастапты. Айналма жолмен, айдаламен жүрдім. Жаңбыр, лай батпақ. Көлік қисалаңдап зорға жүреді. Ұзақ жүрдік, ығырымыз шықты. Не жолды білмейміз, не байланыс жоқ. Ресей әскері бір-бірімен байланыспасын деп әдейі үзіп тастаған. Жол бойы тоқтап, жол сұраумен болдым. Сөйтіп зорға жеттік. Көлігіміз құдды Париж – Дакар раллиіне барып келгендей. Әкелген заттарымызды таратып бергенде халық қатты қуанды.

Содан кейін күзге дейін тағы бірнеше рет барған. Марат Дәрменов киевтік еріктілермен бірге Ингулецтегі алты отбасына құрылыс материалдарын жеткізген. Өздерінше оларға қамқорлық жасауды мойнына алыпты. Мараттың көршісі зардап шеккендерге электр генераторлары мен су тартатын сорғы беріп жіберіпті.

– Киевтен гипсокартон, кескіштер, басқа да құрылыс материалдарын тиеп алдық. Николаевқа дейін барып, сонда тұратын павлодарлық украин азаматының үйінде түнедік. Херсонға шабуыл борап тұрған. Николаевқа да шабуыл жасалып жатқанмен, Херсондағыдай қатты болған жоқ. Таңертең құрылыс материалдарын түсіріп кеттік. Кейін бір бөтелке таза су алайық деп Николаевқа бардым. Ингулецке келсем, жұрт судың кезегінде тұр екен, – деп еске алды ол.

Киевтен келген еріктілер көмектескен алты отбасы күзде үйлерін жөндеп бітіп, кіріп алды. "Олар алғыс айтты, біз де риза болдық", – дейді Марат Дәрменов.

Дәрменов басқалар бас тартқан соң, майдан шебіне жақын елді мекендерге дәрі-дәрмек те апарған. Краматорскідегі дәрігерлердің өтінішімен қалалық ауруханаға шприцтер мен дәрі-дәрмек жеткізген.

Днепр қаласындағы "Мызғымастық киіз үйі". 7 наурыз, 2023 жыл

Соғыс жүріп жатқан үш жылда Мараттың телефонында елдің әр аймағынан шыққан, ұдайы байланыста болатын еріктілердің телефон нөмірлері жиналып қалған. Марат ел басына түскен қасірет украиндерді біріктіргенін айтады.

– Соғысқа дейін украиндер бір-біріне неге көмектеспейді, бір-біріне бөтен сияқты деп таңғалатынмын. Соғыс басталып еді, бәрі біріге салды. Өзара араз болып жүрген достарым бір сәтте бірлігі жарасып шыға келді.

"ҰЛЫҢЫЗДЫҢ ТАБЫТЫН АЛЫП КЕТІҢІЗ ДЕЙ МЕ ДЕП ҚОРҚАТЫНМЫН"

Қызылорда облысында туып-өскен Марат Дәрменов Украинада 20 жылдан бері тұрады. Бауырлары да сонда. Үлкен бауыры (бүгінде марқұм болған) Киев түбінде әскери борышын өтегеннен кейін украин қызымен бас қосып, Украинада қалған. Совет одағы құлағаннан кейін бизнеспен айналысып, жиһаз жасаумен айналысқан. Қазақстаннан туыстарын шақыра бастаған, сөйтіп Дәрменовтер әулеті Киев облысында тамыр жайған. Қазір бауырлары, олардың отбасы, бала-шағасы, барлығы 27 адам тұрады. "Тұтас бір ауыл", – дейді Марат әзілдеп.

Марат Дәрменов (Украина туын ұстап сол жақта тұр) Киев облысында Ресей әскерінің оккупациясынан зардап шеккендерге көмек апарған еріктілермен бірге.

Мараттың үш баласы бар. Екі ұлы Қазақстанда туған, қызы Киевте дүниеге келген. Барлығы – Украина азаматтары.

Ресей әскері Украина жеріне басып кіргеннен кейін Дәрменовтердің отбасылық бизнесі тоқтап қалды: соғыс кезінде жиһазды ойлайтын шама жоқ.

– Қалай күн көріп жатырсыңдар деп сұрайтындар көп. Өзім де білмеймін. Аздап жиған-тергеніміз болған. Аштан өліп жатқан жоқпыз. Қарындасым көмектеседі, маған жаны ашып, үнемі ақша жібереді. Әйелім жұмыс істейді. Ұлым әскерде. Соғыс басталған кезде үлкен ұлым 22 жаста еді. Ол уақытта әскерге шақыру жасы 27 болатын (қазір 25-ке түсірді).

Дастан Дәрменов әскерге бармаса да болар еді, бірақ ол өз таңдауын жасады.

– Екеуміз көлікте кетіп бара жатқанбыз. Мен көлік айдап, ұлым жанымда отырған. "Мен отан қорғауға барамын" деді. "Саған оның керегі не? Сенің отаның Қазақстан, туған жерің де сонда. Ұлтың қазақ. Соғысқа бармады деп сені ешкім айыптамайды. Соғыс деген ойыншық па саған? Соғыс ешкімді аямайды. Аман келетініңе кім кепіл?" деп едім. Барамын деп ұйғарды да, кетті.

Әкесінің айтуына қарағанда, Дастан Дәрменов Киевтегі әскери комиссариаттарды аралап, ерікті болып баруға тырысқан. Екеуі бас тартып, үшіншісі алыпты. Ата-анасы мұны кейін білген.

Дастан алдымен Украинаның шығысында артиллерия әскері қатарында майданға қатысқан. Талай рет өмірі қыл үстінде болған.

– Ресейдің дроны олардың көлігін көріп, тура түскен. Көліктің күл-талқанын шығарған. Бұл уақытта жауынгерлер орман ішінде отырған. Құдайға шүкір, аман қалды. Бірнеше шақырым жаяу жүріп, аман-сау жеткен. Келесіде артиллерияның көлігін атқылаған. Ол кезде де Құдай оңдап, көліктен алыстау болып, аман қалды. Ұлым кейін телефонын көрсеткенде қарасам, артиллерия құрылғысынан дым қалмапты, – деді Марат Дәрменов.

Киев қаласындағы Тарас Шевченко саябағында қазақ киіз үйін тігіп жатқан адамдар. 2023 жылдың қаңтар айы.

Бір атыс кезінде Дастан Дәрменов жараланып, тізесіне зақым келіп, жамбас сүйегі шытынап, госпитальде жатыпты. Сол жерден қайтадан майдан шебіне алып кетті. Тағы жараланған. Контузия кесірінен көзі нашар көретін болған. Дастанды шабуылдаушы десант әскері қатарынан шығарып, Киев түбіндегі басқа бригадаға ауыстырған. Бірнеше апта бұрын бөлімшені Беларусь – Украина шекарасына жіберді.

– Донбасста жүргенінде күнде ұйқыға жатар алдында: "Ұлыңыздың табытын алып кетіңіз" деп айта ма деп уайымдайтынмын. Бар уайымым мен қорқынышым осы болатын.

Уайым мен күйзеліс әсер етпей қоймайды. 2023 жылдың көктемінде Марат Дәрменов қан қысымы күрт көтеріліп, реанимацияға түскен. Отбасылық досының соғыста қаза тапқаны оған ауыр тиген. 46 жастағы Андрей Бершов Дәрменовтер отбысының туғанындай болып кеткен еді. Мараттың ағасы Андрейді училищеде оқып жүрген кезінде жиһаз цехына жұмысқа алып, содан бастап қамқорлық көрсетіп жүрген. Андрей Мараттың ағасын "батя" деп, оның әйелін "Маша мама" дейтін. Соғыс басталғанда алғашқылардың қатарында майданға аттанған. Соңғы рет қысқа уақытқа демалысқа келгенінде жақындарымен жолығып, "Маша мамасын" туған күнімен құттықтап, таңертең майданға кеткен. Көлігі Дәрменовтердің үйінің жанында қалған.

– Андрей өте жақсы жігіт еді. Оның қазасы есеңгіретіп кетті. Ұлым жаназаға сұранып келді. Жараланып, балдақпен жүрген. Ал бір аптадан кейін Николаевқа киіз үй тігуге кеттім. Сол жерде ауруханаға түсіп қалдым. Бір апта жаттым. 500 шақырым жердегі Киевке жеткізді. Жол ақысын жерлесім төледі. Киевке келгеннен кейін жағдайым жақсарып қалғандай болды. Дәрі-дәрмек жазып берді, уақытымен ішіп, сақтанып жүріңіз деп ескертті.

"ҚОЛ ҚУСЫРЫП ҚАРАП ОТЫРУҒА БОЛМАЙДЫ"

– Бірақ мен қайтадан ерікті болып жолға шықтым, – дейді Марат. – Інім: "Саған дауа жоқ екен. Кеше ғана өлейін деп жатыр едің, енді бүгін кетіп бара жатқаныңды қара", – деді.

Ағзаға салмақ түсті ме, Марат қайтадан ауырып қалды. Биыл күзде Дәрменов ауруханаға инфаркт деген диагнозбен түсті. Дәрігерлер оған алыс жолға шығуға мүлдем болмайды деген.

Бірақ бірнеше айдан кейін еріктіге Еуропадан делегация жиі келетін Нововолынскіге барып киіз үй тігіп берсеңіз деп қолқа салған. Марат келісім беріп, үйінен жүздеген шақырым жерге жолға шығады. Жолай Житомир облысындағы қоймаға соғады: "мызғымастық пункттеріне" қажеттілік азайған соң, 2023 жылы тігілген киіз үйлердің көбін бір жылдан кейін жинап, қоймаға апарып қойған. Біреуін Тарас Шевченко туып-өскен Черкасск облысының Звенигород қаласына апарған. Ол мәдени орталық ретінде қызмет ете бастады, ал Киев пен Днепрдегі киіз үй әлі сол орнында тұр.

Нововолынск елдімекенінде "Мызғымастық киіз үйін" тігіп жатқан адамдар. 17 қаңтар, 2025 жыл.

Ресей Украинаға кең көлемді басқыншылық соғыс ашқанына үш жыл толды, соғыс әлі жалғасып жатыр. Мараттың байқауынша, Украинада халық қажыған, туыс-жақынынан айырылу өшпес қайғы-қасіретке салады, бірақ халық күресті жалғастырып келеді.

Марат Дәрменовтің шағын автобусының алдыңғы терезесінде әлі де "Волонтер" деген жазу ілініп тұр. Жанында киіз үйдің суреті бар, шаңырақ астында Қазақстан мен Украинаның байрағы бейнеленген.

– Кенже ұлым: "Әке, ерікті болудан шаршаған жоқсың ба?" деп сұрайды. Шаршаған жоқпын. Ұнаған соң жүрген адам емеспін ғой. Қолымнан келгені осы. Көмекке мұқтаж адамға жәрдем жасауға барамын. Қол қусырып қарап отыруға болмайды, – дейді Марат Дәрменов.

Украинадағы соғыстың 3 жылы: суреттер сөйлесін