АҚШ президенті Дональд Трамп Украинаға әскери көмек көрсетуді тоқтата тұруды бұйырғанын Ақ үй өкіліне сілтеп Bloomberg агенттігі хабарлады.
"Президент бейбітшілікке қол жеткізуге бейіл екенін айқын мәлімдеген. Серіктестеріміздің де осы мақсатқа адал болғанын қалаймыз. Бұл мақсатқа жетуге септесіп жатқанына көз жеткізгенше біз көмекті тоқтата тұрамыз және қайта қарайтын боламыз", – делінген мәлімдемеде.
Ақ үй өкілінің айтуынша, бұл бұйрық Трамп Украинаның Ресеймен бейбіт келіссөзге ықыласты екеніне көз жеткізгенше күшінде болмақ.
New York Times газетінің мәліметінше, [Украинаға] қару-жарақ жөнелту және оларды өндіруге берілген тапсырыстар (миллиард доллардан астам қаржыға) тоқтатылады. Бұған қоса Украина АҚШ-тың қорғаныс саласындағы кәсіпорындарынан қару-жарақты тікелей сатып алу үшін арнайы көмек бағдарламасы аясында бөлінетін жүздеген миллион доллардан айырылып қалмақ. Америкалық БАҚ атап өткендей, АҚШ әскери көмек көрсетуін қайта бастау үшін Украина президенті Владимир Зеленскийдің қандай іс-әрекет жасау керектігі белгісіз.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Зеленский бейбітшілікке дайын болғанда орала алады". АҚШ пен Украина арасындағы келіссөз сәтсіз аяқталдыТрамп бұл шешімді Ақ үйде Зеленскиймен кездесіп, оны Ресеймен бейбіт келіссөзге дайын болмағаны үшін сөккен соң үш күннен кейін қабылдады. Дүйсенбі күні Трамп Зеленскийдің Ресеймен соғыс жалғаса беретін шығар деген сөзін қатты сынға алды. "Бұл Зеленскийдің ең нашар мәлімдемесі. Америка бұған енді келіспейді", – деп жазды Дональд Трамп әлеуметтік желідегі парағына.
Ақпан айында берген сұхбатында Владимир Зеленский америкалық көмек тоқтатылса, оның салдары ауыр болады деген. Оның айтуынша, Украина қолданатын қару-жарақ пен әскери жабдықтардың шамамен 30 пайызын АҚШ қамтамасыз етіп отыр. Украина армиясында бар қару-жарақ қоры шамамен жаздың ортасына дейін қазіргідей қарқынмен шайқасуға жетіп қалады дейді америкалық сарапшылар.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ақпарат құралдары АҚШ Киевке көмекті тоқтатуы мүмкін екенін жазды