БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі АҚШ ұсынған Украина бойынша қарарды қабылдады

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Ресейдің Украинаға басып кіргеніне үш жыл толғанына орай өткізген отырысы, Нью-Йорк, 24 ақпан, 2025 жыл.

24 ақпанда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Ресейдің Украинаға басып кіргеніне үш жыл толғанына орай АҚШ дайындаған қарарды қабылдады. Reuters агенттігінің жазуынша, қарар АҚШ-тың қақтығысқа байланысты бейтарап ұстанымда екенін көрсетеді, себебі АҚШ президенті Дональд Трамп бейбітшілікке араағайын болғысы келеді.

Осы уақытқа дейін кеңестің 15 мүшесі Украинадағы қақтығыс бойынша ешқандай әрекет жасай алмаған еді, өйткені Ресейде вето құқығы болды.

АҚШ қарарына 10 ел қолдап дауыс берді. Франция, Ұлыбритания, Дания, Грекия және Словения қалыс қалды.

"Бұл қарар бізді бейбітшілік жолына алып шығады. Бұл – бәріміз мақтан тұтуымыз керек бірінші, бірақ маңызды қадам, – деді АҚШ-тың БҰҰ-дағы елшісінің міндетін атқарушы Дороти Ши кеңесте сөйлеген сөзінде. – Енді біз оны Украина, Ресей және халықаралық қауымдастыққа бейбіт болашақ құруға пайдалануымыз керек".

Қарардың қысқа мәтінінде "Ресей-Украина қақтығысының" құрбандарына көңіл айтқан, БҰҰ-ның мақсаты – халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау делінген. Қарар тезірек бейбітшілік орнатуға шақырады.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, Трамптың араағайын болуға деген әрекеті Еуропадағы одақтастары мен Украинаны алаңдатып қойды, олар бейбіт келіссөзден тыс қаламыз ба деп қауіптенді.

Қауіпсіздік кеңесі отырысында Ұлыбританияның БҰҰ-дағы елшісі Барбара Вудворд Украинадағы бейбітшілік бойынша шарт маңызды екенін айтты және ол "агрессия ақталмайтыны жайлы белгі болуы керек" деп мәлімдеді.

Елші Ұлыбританияның ұстанымын былай түсіндірді: "Қауіпсіздік кеңесі мүшелері Украина мен Ресейдің соғысқа деген көзқарасын тең дәрежеде қарастыра алмайтыны осыдан. Біз тұрақты бейбітшілікке жол тапқымыз келсе, кеңес соғыстың қайдан басталғанын нақты анықтауға тиіс".

Украинадағы соғыстың 3 жылы: суреттер сөйлесін

Бұған дейін 193 мемлекет мүше БҰҰ Бас ассамблеясы Украинаның егемендігін, тәуелсіздігін, бірлігі мен аумақ тұтастығын қолдайтын дүниежүзілік ұйымның ұзақ мерзімді ұстанымын жұмсарту туралы АҚШ ұсынысын қабылдамады.

Бас ассамблея екі қарар қабылдады, бірін – Украина мен еуропалықтар, екіншісін АҚШ дайындады, оған ассамблея Украинаны қолдауға байланысты түзету енгізді. Reuters агенттігінің жазуынша, бұл дауыстардан соң Украина мен Еуропа елдері Вашингтонды дипломатия жағынан жеңді.

"Бұл соғыс ешқашан Украина үшін болған емес. Кез келген елдің өмір сүруге, өз жолын таңдауға және агрессиясыз өмір сүруге хақы бар", – деді Украина сыртқы істер министрінің орынбасары Мариана Беца ассамблеяда дауыс берер алдында.

Бас ассамблеяда 93 ел АҚШ дайындап, өзгерген қарарды қолдап дауыс берді, 73 мемлекет қалыс қалды, сегізі қарсы дауыс берді. Ресей қақтығыстың "түпкі себебіне" сілтеп, АҚШ-тың мәтініне түзету енгізе алмады.

Украина мен Еуропа елдері дайындаған қарарды 93 ел қолдап, 65-і қалыс қалып, 18-і қарсы дауыс беріп қабылдады. АҚШ, Ресей, Солтүстік Корея және Израиль оған қарсы дауыс берді.

"Америкалық әріптестеріміз бүгін Украинадағы бейбітшілікке апаратын жол оңай болмайтынына көз жеткізді, бейбітшілікке жетуді созуға тырысатындар да табылады. Бірақ бұл бізді тоқтатпауы керек", – деген Ресейдің БҰҰ-дағы елшісі Василий Небензяның сөзін Reuters агенттігі жариялады.

Your browser doesn’t support HTML5

«Украинаны қолдаймын», «Ресейге жақпын» | Қазақтар соғыс жайлы не ойлайды?