Алматыда Украинаны қолдап пикетке шыққан Ресей азаматын полиция алып кетті

Ресей азаматы Тимофей Морозов Алматыдағы Республика алаңында Украинаны қолдап пикет өткізді. 24 ақпан 2025 жыл.

24 ақпанда Алматыдағы Республика алаңына Ресей азаматы Тимофей Морозов Украинаны қолдап жалғыз адам пикетіне шықты, жарты сағатқа жуық уақыттан соң оны полиция алып кетті.

Морозовтың қолында "Украина жеңеді. Ресей азат ел болады" деген жазуы бар плакат болды. "Украина үшін әділ бейбітшілікті талап етемін", – деді ол Азаттыққа.

25 жастағы Морозовтың сөзінше, ол Қазақстанға былтыр келген. Айтуынша, университетті аяқтаған соң Ресейден кетуді шешкен. "Қазақстанда өзімді қауіпсіз сезінемін. Бірақ пикетке шыққаным үшін қудалау қаупі бар екенін білемін", – деді ол.

Морозов "пикет өткізу туралы әкімдікке хабарламадым, ешқандай рұқсат алған жоқпын" деді.

20 минуттан соң алаңға полицейлер келіп, Морозовтан пикетті тоқтатуды талап етті. Бастапқыда полиция оған ескерту жасап, босатқан. Кейін оны қайта тоқтатып, құжатын тексеріп, алаң маңынан алып кетті. Полицейлер Морозовты қай басқармаға алып баратыны туралы сұраққа жауап бермеді.

24 ақпанда Ресейдің Украинаға басқыншылық жасағанына үш жыл толды. Осы датаға орай әлемнің көптеген қаласында акциялар өтіп жатыр.

БҰҰ-ның гуманитарлық мәселелер бойынша басқармасының мәліметінше, 2025 жылғы ақпандағы дерек бойынша, үш жыл ішінде Украинада 12 мыңнан астам бейбіт тұрғын қаза тауып, 29 мыңнан астам адам жараланған. Қаза тапқандар мен жараланғандар арасында кемі 2400 бала бар. 12,7 миллион адам гуманитарлық көмекке мұқтаж.

Украинадағы соғыстың 3 жылы: суреттер сөйлесін