Украина әлі де АҚШ-пен конструктивті диалог жүргізіп, пайдалы қазбалар жөнінде келісімге қол қоюға дайын. Бұл туралы 2 наурыз күні Лондондағы еуропалық самиттен кейін Би-би-сиге сұхбат берген Украина президенті Владимир Зеленский мәлімдеді.
АҚШ-Украина қарым-қатынасы жайлы пікір білдірген Зеленский Киевтің әріптестері бұл соғыста нағыз агрессор кім екенін ұмытпағаны абзал деді.
Зеленскийдің сөзінше, Ақ үйдегі кездесудің дауға ұласқанынан АҚШ та, Украина да ұтпағанын, оның тек Ресей президенті Владимир Путинге ғана пайдалы болғанын айтты.
Сондай‑ақ ол АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесуде айтылған сөздері үшін өкінбейтінін мәлімдеді. Оның сөзінше, АҚШ пен Украина арасындағы байланыс 28 ақпан күнгі кездесуден соң үзілмеген, бірақ байланыс президенттер деңгейінде жүріп жатқан жоқ.
Зеленский Вашингтон шақырса, Ақ үйге әлі де баруға дайын екенін, бірақ сирек минералдар келісімі аясында Путинге Украина жерін беруге көнбейтінін айтты. Оның сөзінше, Трамп әкімшілігі осындай ұсыныс айтқан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Зеленский мен Трамптың дау-дамайы: төрт түйінАқ үйдегі аты шулы кездесуден кейін америкалық республикашыл сенатор Линдси Грэм: "Зеленский не өзгеруі керек, не отставкаға кетуі керек және басқа адамды жіберуі керек" деген. Украина басшысы бұл жөнінде де пікір білдірген.
"Мені НАТО-ға алмастыруға болады" деді Украина президенті.
Зеленский Украинаның НАТО-ға кіргені "президент ретіндегі миссиям аяқталғанын" білдіреді деді.
Еуропа лидерлерінің Лондондағы саммитінің нәтижесі жайлы сұраққа ол: "Ең жақсы қауіпсіздік кепілдігі – мықты украин әскері" деп жауап берді. Оның сөзінше, бұл соғыста Украинаның жеңілгені – Еуропа мен АҚШ-тың жеңілгені.
Зеленский мен Трамптың Ақ үйде журналистер алдында дауласуы 28 ақпанда болған. Украина басшысы Вашингтонға сирек минералдар жөніндегі келісімге қол қоюға барған. Бірақ сол бір кикілжіңнен кейін тараптар құжатқа қол қоймады.
Кездесуден кейін Трамп Зеленскийді АҚШ-ты сыйламайды деп айыптап, Украина президенті "бейбітшілікке дайын болғанда орала алады" деді.
Зеленский АҚШ-қа қолдауы үшін алғыс білдіріп, FoxNews телеарнасына берген сұхбатында Трамп пен америкалықтарды құрметтейтінін айтты. Ол сондай-ақ мұндай "ашық әңгімені" тараптар бір-бірінің ұстанымын дұрыс түсіну үшін содан ертерек өткізу керек еді деді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Трамп пен Зеленский сирек минералдар келісімін пысықтады. Құжатта қауіпсіздік кепілдігі бар ма?Кездесудің алдында Трамп Зеленскийді "сайлау өткізбейтін диктатор"деп айыптап, Украинада оны халықтың тек 4 пайызы ғана қолдайды деген. 25 ақпан күні Украина Жоғарғы радасы Зеленскийдің президент ретіндегі құзыретін келесі сайлау өткенше бекітіп берді. Қаулыда сайлау өткізу мүмкін болмағаны Ресей президенті Владимир Путиннің мойнында екені жазылған.