Украинаның Одесса қаласында Ресейдің әскери дрондарының шабуылы салдарынан 500-ден астам үй мен басқа да ондаған азаматтық нысан жарықсыз және жылусыз қалған. Бір адам жапа шекті, деп хабарлады қала мэрі Геннадий Труханов.
Оның айтуынша, ресейлік күштердің шабуылынан зардап шеккен қаладағы ірі аудан қазір жарықсыз, жылусыз отыр, 14 мектеп пен 13 балабақшада жарық жоқ, олар жағдай жақсарғанша жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған.
Бұған қоса ауруханалар мен басқа да әлеуметтік инфрақұрылым нысандары да жарық өшкенін хабарлаған. Бір балалар емханасы мен бір балабақшаға едәуір зақым келді, деп жазды Труханов.
Ресейлік дрондар шабуылынан зардап шеккен ауданда шамамен 250 мың адам тұрады деп жазды "Медуза" басылымы.
Одесса облысының билігі сейсенбінің кешінен бері Ресей аннексиялаған Қырымнан зымыран мен дрон шабуылы қаупі төнгенін бірнеше рет хабарлаған.
ПІКІРЛЕР