Accessibility links

«Тұман түскенде қатты қиналамын». Қаңтарда күйеуінен айырылған Әйгерімнің тауқыметі


Такси, кредит, үш бала. Қаңтаршы жесірінің тіршілігі
please wait

No media source currently available

0:00 0:30:15 0:00

Такси, кредит, үш бала. Қаңтаршы жесірінің тіршілігі

Әйгерім Ниязбаеваның өмірі Қаңтардан кейін астаң-кестең болды. Екі балалы отбасы үшінші сәбиін күтіп жүрген. Қаңтар оны күйеуінен айырды, үш баламен жалғыз қалды. Мұңсыз-қамсыз мектеп мұғалімі Әйгерім рөлге отырып, такси айдап кетті. Нәзік жанды әйелді Қаңтар қатайтты. Ішінде тарқамаған шер қалды.  

33 жастағы Әйгерім Ниязбаева Алматы іргесіндегі Бесағаш ауылында үш баласымен, қарт әжесімен пәтер жалдап тұрады. Күйеуі Қайрат Ниязбаев қаза болғанда үшінші ұлына аяғы ауыр болған. Ол 2022 жылы 5 қаңтарда Алматыдағы президент резиденциясы маңында мойнына оқ тиіп, мерт болған. Үшінші баласының дүниеге келгенін көрмеген. «Өзі армандағандай ұлының атын Арыстан деп қойдым» дейді Әйгерім. Қазір кенжесі екі жастан асқан. Үш ұлының бірі мектепте, екеуі балабақшада.

Қаңтар құрбаны Қайрат Ниязбеков пен әйелі Әйгерім. (Отбасы архивінен)
Қаңтар құрбаны Қайрат Ниязбеков пен әйелі Әйгерім. (Отбасы архивінен)

– Бұған дейін халық көмектесті, ағайын-туыс көмектесті. Үлкен ауыртпашылық сезілмеген еді. Кейінгі бір жылда өзіміз бөлек шықтық. Оған дейін қайын жұртта болдық. Апа, атасы бар. Киімдеріне болса да көмектесетін еді. Қайратымның орны бұрын да ойсырап тұратын еді, қазір біздің қорғансыз қалғанымыз екі есе сезіледі. Ешкімге қажет емессің деп айтайын десең, қажетсің. Бірақ «қазаны бөлектің қайғысы бөлек» дейді ғой. Бөлек кеткеннен кейін «Сен не ішіп жатырсың, балалар тоқ па, киімі бар ма, балабақшаға ақшаң жетіп жатыр ма?» дейтін адам ай санап азайып барады, – дейді ол.

ҚАҢТАР ТАБЫСТЫРҒАН САЯ

Әйгерім бір жылдан бері такси қызметін көрсетіп жолаушы тасып, үш баласын асырап жүр. Былтыр жазда қала арасында такси айдап көрген. Бірақ жол үстінде бірнеше рет ұйықтап кеткеннен кейін ұзақ жолға жүрмейтін болған. Әйгерімге такси айдауды Қаңтарда күйеуі оққа ұшып, қаза болған Сая Есенгелді үйреткен. Екеуі Қордай–Алматы бағытында жолаушы тасымалымен айналысқан.

Марқұм Сая Есенгелді (сол жақта) және Әйгерім Ниязбаева (оң жақта). Екеуі Қаңтар оқиғасынан кейін танысқан. Екеуінің де күйеуі Қаңтар оқиғасында қаза болған. Таксист болып жолаушы тасыған Сая Есенгелді 5 ақпанда жол апатынан қаза тапты. Фото: Әйгерім Ниязбаеваның жеке архивінен
Марқұм Сая Есенгелді (сол жақта) және Әйгерім Ниязбаева (оң жақта). Екеуі Қаңтар оқиғасынан кейін танысқан. Екеуінің де күйеуі Қаңтар оқиғасында қаза болған. Таксист болып жолаушы тасыған Сая Есенгелді 5 ақпанда жол апатынан қаза тапты. Фото: Әйгерім Ниязбаеваның жеке архивінен

– Ол кезде менде машина жоқ еді. Саяның Hyundai Accent машинасы болатын. Сол машинасымен қаланың ішінде жүретін. Арасында «зат жеткізуге» барамыз. «Сая, қанша ақша табасың?» деймін. Қосымшасын ашады да, көрсетеді. «Міне, күніне 12 мың, 14 мың табамын» дейді. Сонда бір айға 12-14 мыңнан санасаң, бензинін алып тастағанда 300 мың теңгедей қалады екен. Жақсы ақша ғой дедім. Былтырдан бастап қала ішінде ақырындап «таксовать» етіп бастадым. Жаздыңгүні Сая «Қордаймен екі ортада такси болып жүрмін» деді.

Бір күні ұйықтап кетіппін. Жолдың ортасындағы бөлікке қарай кетіп бара жатып оянып кеттім. Қарасам, төрт жолаушым да ұйықтап жатыр. Сасқалақтамай, қайтадан түзу жолға түстім. Онда да тоқтамадым. Ертесінде қайта шығып, қайтадан жолда ұйықтап кеттім. Жолдың шетіне шығып кетіп, машинаның астына тықырлап тас тие бастағанда «Қарындасым, ұйықтап кеттің» деп артымдағы жолаушы аға оятты. Үйге келіп, осындай жағдай болды деп едім, ата-анам ұрысты. «Ертең жол бойында бірдеңе болып қалса, мына балаларға кім қарайды? Біз қарамайды емес, қараймыз. Бірақ ешкім өзіңдей болмайды. Онсыз да әкесі жоқ. Енді ананың мейірімінен айырма балаларды» деп ұрысты. Содан кейін трассаға шыққан емеспін, – дейді Әйгерім.

ЖОЛ АПАТЫ

Әйгерім мен Саяны Қанды Қаңтар Қаңтар таныстырды. «Бізді қайғы біріктірді» дейді өзі. Сая Есенгелдінің күйеуі Еркебұлан Сыдықбаев та дүрбелең кезінде оқ тиіп, қаза болған. Саяның өзі биыл 4 ақпанда Алматы–Бішкек тасжолында жол апатынан көз жұмды. Артында төрт баласы қалды. Марқұмның жаназасы болған күні Qazaq Stroy компаниясы Саяның отбасына үш бөлмелі пәтер кілтін табыстады. Бұған дейін ол үш жылдан бері жергілікті әкімдікке барып, пәтер ала алмай жүрген.

– Бір анадан туғандай болып кеткен едік. Ет жақындарымыз емес, бала кезден келе жатқан достарымыз емес, осы қаңтарлық келіншектер түсінеміз бір-бірімізді. Қолымыздан келгенше бәріміз жиналып бір-біріміздің несиемізді жауып жібереміз. Ол жәрдемақысын алып, бәрімізге қайтарады. Менікі келіп қалса, бәрі жиналып менікін жауып жібереді. Сөйтіп бір-бірімізге көмек қолын созып жүріп жатырмыз.

Марқұм Сая Есенгелді (сол жақта) және Әйгерім Ниязбаева (оң жақта).
Марқұм Сая Есенгелді (сол жақта) және Әйгерім Ниязбаева (оң жақта).

ҚАР ЖАМЫЛҒАН БЕЙІТ

Ол Алматы түбіндегі Кемертоған ауылының зиратына жиі келеді. Бұл жолы Қайраттың моласы аппақ қар жамылып жатыр. Құлпытастан күлімсіріген күйеуі қарап тұр. Тағдырдың тауқыметі бір өзінің иығына түскен Әйгерім көз жасын сығып алып, үш баланы асырау қамымен күйбең тіршілікке қайта араласып кете барады.

Әйгерім Ниязбаева Қаңтар құрбаны, күйеуі Қайрат Ниязбаевтың бейітіне келіп тұр. Алматы іргесіндегі Кемертоған ауылындағы зират. Фотоны түсірген: Есдәулет Қызырбекұлы.
Әйгерім Ниязбаева Қаңтар құрбаны, күйеуі Қайрат Ниязбаевтың бейітіне келіп тұр. Алматы іргесіндегі Кемертоған ауылындағы зират. Фотоны түсірген: Есдәулет Қызырбекұлы.

– «Біз мына жақта бірге жүрміз. Ана жақта жарларымыз да бірге жүрген шығар. «Әне, сенікі келе жатыр», «Менікі келе жатыр» деп қарап тұрған шығар» деп кейді қалжыңға басып, күліп қоямыз, – дейді марқұм жолдасының бейітіне барып мұңға батқан Әйгерім Ниязбаева.

«ҚОЛТЫҒЫМЫЗДАН ДЕМЕП ЖІБЕРСЕ...»

Әйгерім кейінгі үш жылда жергілікті әкімдікке бірнеше рет пәтер сұрап барған. Бірақ пәтер ала алмаған.

– Апаттан, басқадан қайтыс болса, кінәлі азаматтан сұрар едім. Жолдасым Қаңтарда қайтыс болғандықтан мен үшін әкімдіктен, үкіметтен сұрау – міндет. Басқа кімге айтамын мен? «Күйеуім өліп қалып еді» деп әлдебір дүкеншіге немесе құрылыс компаниясына барсам «Күйеуіңді мен өлтірдім бе?» дейді ғой.

Артық ешнәрсе сұрамаймын, қолтығымыздан демеп, тұрғызып жіберсе болды. Жалдамалы үй берсін. Пәтер берсін. Бастапқы жарнасын құйып, «Ұмай» деген ипотекамен алайын десем, табысым жетпейді екен. Арамыздағы бір келіншектің табысы асып кетеді екен, – дейді ол.

Қайрат Ниязбаевтың отбасына Қаңтардан кейін құрылған «Қазақстан халқына» қоры жеті миллион (шамамен 13 мың доллар), әкімдік бес миллион теңге (10 мың доллардай) бір реттік әлеуметтік көмек, әр балаға екі миллион теңгеден (4 мың доллар) өтемақы берген. Әйгерім берген өтемақының бір бөлігін (11 миллион теңгені) депозитке салып қойған. Бірақ ол үй алуға жетпейді дейді.

«КЕЗДЕЙСОҚ ҚҰРБАН»

Билік марқұм Қайрат Ниязбаевты «Қаңтар оқиғасының кездейсоқ құрбаны» деп таныған.

Үш жыл өтсе де Әйгерім Ниязбаева қанды дүрбелеңді әлі ұмытпаған. Ол оқиға болған уақытта күйеуін екі күн іздеп, 6 қаңтарда денесін мәйітханадан тапқан.

– Жай күндері есіңе көп түсе бермейді. Қаңтар айы келгенде бәрі есіңе түседі. Тұман түскен кезде қатты қиналамыз. Сол кезде күн күңіреніп тұрған еді ғой.

Алматы, 5 қаңтар 2022 жыл.
Алматы, 5 қаңтар 2022 жыл.

Ол мәйітхананың қоршауына сүйеніп, телміре күтіп тұрған күндерін, қаладағы аурухана мен мәйітхана атаулыны шарлап күйеуінен бір хабар іздегенін еске түсіргенде көзіне жас алады.

– Өлігін таппай қаламыз ба деген ой ма, білмедім. Әйтпесе мәйітханаға олай телмірмейді ғой адам. Мәйітхананың темірін ұстап басымды сүйеп тұра беріппін. [Мәйіттерді] қара қаппен әкеліп тастап жатты, тастап жатты... Сонда мөлдіреп қарап тұрған кезім есіме түседі… Мәйітханаға кіргенде бір әйел «Мені кімге тастадың?!» деп қатты жылап жатты.

Қайраттың денесін Әйгерімнің қайын ағасы тапқан.

– Қайын ағам кіріп кетіп, он бес минуттай жоқ болды. Есікке телмірдім де тұрдым. Басын салбыратып шыққаннан-ақ түсіндім де «Қайроу, Қайроу!» деп бақырып жылай бердім. [Күйеуім] бірінші болып түскен екен. Ең соңғы жәшіктен шығыпты...

Қазақстанның батысында 2022 жылдың алғашқы күндері басталған наразылық акциясы бүкіл ел көлемінде тарап, кей жерлерде тәртіпсіздікке ұласты. Қанды Қаңтар немесе Қаңтар оқиғасы деген атпен тарихта қалған бұл оқиға кезінде әсіресе Алматы, Тараз, Шымкент қалаларында адамдар ғимараттарды басып алып, көліктерді өртеп, тәртіпсіздік жасады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың санкциясымен күш құрылымдары қару қолданды. Ресми мәлімет бойынша, Қаңтар оқиғасы салдарынан 238 адам қаза тауып, мыңдаған адам жараланды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG