Қарағанды облысының прокуратурасы 2023 жылғы қазанда Костенко шахтасында 46 адамның өмірін қиған апат бойынша іс сотқа жіберілді деп хабарлады. Қылмыстық іс 106 томнан тұрады, 74 адам жәбірленуші деп танылған.
Прокуратураның мәліметінше, тергеу барысында "жазатайым оқиғаға тау-кен жұмыстары кезінде қауіпсіздік ережесі сақталмағаны" себеп болғаны анықталған, көмір өндіретін аумақта көмір шаңының мөлшері "шекті шамадан асып кеткен", бұл шахтадағы жарылыстарға әсер еткен.
Прокуратураның хабарлауынша, шахта басшылығы мен инженер-техниктер құрамынан 10 адам айыпкер деп танылған, бәрі қамауда отыр. Оларға "Тау-кен жұмыстары кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу" бабы бойынша айып тағылды. Қылмыстық кодекстегі бұл бап бойынша 8 жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Күнде өліммен бетпе-бет келеді". Қара жамылған Қарағанды2023 жылғы қазанда Қарағанды облысындағы Иван Костенко атындағы шахтада өрт шығып, жарылыс болған. Кеншілердің көбі жер бетіне өз бетінше шығып үлгерген. Биліктің хабарлауынша, алты адамды құтқарушылар шығарған. Апат салдарынан 46 кенші қаза тауып, тағы 28 адам жараланған.
2023 жылғы желтоқсанда үкімет комиссиясы шахтадағы өртке не себеп болғанын тергеуді аяқтап, апатқа жұмыс беруші кінәлі деп мәлімдеді.
Костенкодағы апаттан кейін Қазақстан билігі Қарағанды облысындағы көмір шахталарының және Теміртаудағы ірі металлургия комбинатының иесі "АрселорМиттал Теміртаумен" инвестициялық келісім-шарт үзілетінін мәлімдеген. Тегі үнді британ миллиардері Лакшми Митталдың компаниясы 1990 жылдары Қазақстандағы жекешелендіру кезінде кен орнының барлық активін сатып алған.
2023 жылы желтоқсанда Қазақстан билігі "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы активтері 286 миллион долларға сатылғанын, қазақстандық авторетейлер Андрей Лаврентьев деген азамат кәсіпорынның жаңа қожайыны атанғанын мәлімдеген. Сол кезде компания атауы Qarmet болып өзгертілген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Бәрінің көкейінде кек қайнап тұр". Костенко шахтасында қаза тапқандардың туыстары әділетсіздікке шағымданды