Зеленский: Киев табиғи ресурстар туралы келісімге қол қоюға дайын емес

Украина президенті Владимир Зеленский. Киев, 23 ақпан, 2025 жыл.

Украина президенті Владимир Зеленский Киев табиғи ресурстар туралы АҚШ ұсынған келісімге қол қоюға дайын емес деп айтты. Ол келісім шартын әділетсіз деп атап, Вашингтонның бұған дейін Украинаға берген ақысыз көмегін қарыз деп танудан бас тартты.

23 ақпандағы баспасөз мәслихатында Зеленский ресурстар туралы келіссөз Киев ұсынған "Украинаның жеңіс жоспарындағы" пайдалы қазбаларды бірге өндіру туралы ұсыныстан басталған деді.

"Сіз өндіретін боласыз, біз бөлісеміз, бірақ біз үшін әділдікті қалпына келтіруге бәрін істеңіздер. Мына соғысты аяқтаңыздар, Путинді мәжбүр етіңіздер, – деді Зеленский Киевтің ұсынысы туралы. – Онда тежейтін қару, әуе қорғаныс жүйесі және тағы басқалары болды. Бұл кешенді ұсыныс болған еді, бізге қауіпсіздік кепілі қажет, оның ішінде әскер мен әуе қорғанысын күшейту керек, Украина аспанын жүз пайыз қорғай алуы керек".

Зеленскийдің сөзіне қарағанда, АҚШ-пен ресурстарды теңдей бөлу ұсынылған.

"Бұған қол қоймаймыз дедім. Алда не күтіп тұрғанын білмей, теңдей бөле алмаймыз. Тіпті басып алынған нәрсенің бәрін бөлісейік, біз сізге қалпына келтіруге көмектесеміз, бөлісейік деген сұрақ туындаса, бұл тақырыптық талқылау болар еді".

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Bloomberg: Украина пайдалы қазба бойынша келісімнің шарттарын қабылдамады

Зеленскийдің сөзінше, Вашингтонның екінші жоспары Киевтің 500 миллиард доллар қарызбын деп мойындағанын көздейді. Оның айтуынша, Киев Вашингтоннан тек 100 миллиард доллардың көмегін алған. Зеленский оны Вашингтонға қайтару керек деп санамайды, өйткені "олар қайтарымсыз деп берілген" деді.

Украина президентінің сөзінше, Киевке алдағы уақытта берілетін көмекті пайызсыз қайтару мүмкін болмаса, оны төлеуге дайын. Алайда бұл екі еселенген соманы қайтару деген сөз емес деді ол. "Бірақ менің сұрағым бар. Логикалық. Ол сұраққа маған ешкім жауап бере алмай отыр. АҚШ Израильге, Қатарға, Сауд Арабиясына, Біріккен Араб Әмірліктеріне қару сатқанда, олардан 100 пайыз табыс таба ма?", – деді ол.

"Бәрі жақсы, мен президент Трамппен сөйлескім келеді… Украиндердің 10 ұрпағы төлейтін [келісімге] қол қоймаймын", – деді Зеленский.

Зеленскийдің сөзінше, оны диктатор деп атаған АҚШ президенті Дональд Трампқа реніші жоқ. Ол егер еліне бейбітшілік әкелетін немесе Украинаны НАТО мүшесіне айналдыратын болса, онда қазіргі атқарып отырған Украина президенті лауазымынан кетуге дайын екенін мәлімдеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ АҚШ пен Ресейдің жақындасуы Қытайға қалай әсер етуі мүмкін?