Киев соғысты тоқтату үшін АҚШ-пен және еуропалық серіктестерімен жұмыс істеп жатыр, сонымен бірге "бейбітшілікке жету жолында Американың қолдауына" үміт артады. Украина президенті Владимир Зеленский Х әлеуметтік желісінде осылай деп жазды.
"Біз дипломатиямызды шынайы мағыналы етіп, соғысты мүмкіндігінше тезірек аяқтауға тырысып жатырмыз. Америкамен және еуропалық серіктестермен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз, бейбітшілікке жету жолында Американың қолдауына зор үміт артамыз. Бейбітшілік керек – мүмкіндігінше тезірек", – деген Зеленский.
Оның алдында АҚШ президенті Дональд Трамп жоғары лауазымды адамдармен кеңес өткізіп, онда Вашингтонның Киевке беріп жатқан әскери көмегін тоқтата тұруды немесе доғаруды жариялауы мүмкін деген хабар тараған еді. Ондай ақпаратты Ақ үйдегі аты-жөні аталмаған дереккөзге сүйеніп The New York Times жазды, Axios басылымы да жариялаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ The New York Times: Трамп Украина мәселесі жөнінде кеңес өткізедіThe Wall Street Journal газеті өз дереккөзіне сүйеніп, Трамп әкімшілігі Киевке жаңадан қару-жарақ жөнелтуге қаржы бөлуді тоқтатқан деп жазды. Ондай ресми ақпарат болған жоқ. Дүйсенбі күні Ақ үйде журналистермен болған әңгімеде президент Трамп Украинаға әскери көмек жөнелтуді тоқтатуды әзірше талқыламағанын айтқан.
3 наурызда Трамп Зеленскийдің соғыс аяқталатын мерзім "өте, өте алыс" деген сөзін "ең нашар мәлімдеме" деп сынға алған.
"Бұл Зеленскийдің ең нашар мәлімдемесі, және де Америка бұған ұзақ уақыт төзе алмайды! Айтып жүргенімдей, бұл жігіт бейбітшілікті қаламайды, себебі оның Америкадан қолдауы бар, ал Еуропа бұл жұмысты АҚШ-сыз орындай алмайтынын Зеленскиймен кездескен кезде тікелей айтқан болатын", – деп жазды Трамп Thuth Social әлеуметтік желісінде.
Сейсенбі, 4 наурыз күні кешке президент Трамп Конгресс палаталарына үндеу жасамақ. Президент өзінің екінші мерзімінің алғашқы 43 күнінде атқарылған жұмыстар туралы, сондай-ақ алдағы уақытта не істелетіні жөнінде айтып бермек.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ БАҚ: Трамп Украинаға әскери көмек беруді тоқтата тұруды бұйырған