Вашингтонда Трамп пен Ұлыбритания премьері келіссөз жүргізді

Трамп пен Стармердің Ақ үйдегі кездесуі. 27 ақпан

АҚШ президенті Дональд Трамп бейсенбі күні Вашингтонда Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармермен кездесу кезінде Ресей мен Украинаны бітістіру мәселесінде ілгерілеушілік бар және АҚШ екі елмен қатар жақсы келіссөз жүргізді деп мәлімдеді.

Трамп 28 ақпанда Ақ үйге Украина басшысы Владимир Зеленский келетінін растап, олар Украинаның пайдалы қазбасын бірігіп өндіру туралы келісімге қол қоятынын айтты.

Стармермен кездесу алдындағы пресс-брифинг кезінде "Украина басшысын әлі де диктатор санайсыз ба?" деген сұраққа жауап берген Дональд Трамп "мен солай дедім бе? солай деп айтқаныма сене алар емеспін" деді. Трамп бұған дейін Владимир Зеленскийді "сайланбаған диктатор" деп атап, оның халық арасында беделі "төмен екенін" алға тартқан еді.

Украинаны НАТО-ға қосу туралы сұраққа жауап берген Трамп бұл мүмкін емес, "соғыстың өзі содан басталды" деді.

"Ресей президенті Владимир Путинге сенуге бола ма?" деген сұраққа ол "сенсең де тексер" деп мәтелмен жауап берді. Дегенмен ол Ресей басшысы бейбітшілік келісім шарттарын сақтайтынын және ол қайта шабуылдамайды дегенге сенетінін жеткізді.

Кир Стармермен бірігіп өткізген баспасөз мәслихаты кезінде Трамп кездесу "өте өнімді" болғанын айтып, Ұлыбритания премьері "Украинадағы қанды әрі сұмдық соғыс туралы" жаңа ақпарат бергенін атап өтті.

Трамп өз сөзінде Украинада бейбітшілік "жақын арада орнайды немесе мүлде орнамайды" деді. АҚШ президентінің сөзінше, "бейбітшілік жолында ілгерілеу" жұма күні Владимир Зеленский Ақ үйге келгенде жалғасады. Трамптың сөзінше, Киевпен жасалатын шикізат туралы келісім АҚШ-тың Украинаға берген әскери көмегінің өтеуі болмақ. Ол бір мезетте Украинаны қорғауды "лайықты іс" деп атап, "украиналықтар ерлікпен соғысып жатыр" деді.

Украина бойынша бейбітшілік келісімін жасасу үшін қандай қауіпсіздік кепілдіктерін беруге болатынын айтқан АҚШ президенті "көп жайтты талқылауға ашық" екенін, бірақ алдымен Ресей мен Украина арасындағы келісімнің өзіне қол жеткізгісі келетінін, содан кейін ғана оның сақталуын қамтамасыз ету шаралары туралы сөйлесетінін атап өтті.

Трамп жиын барысында одақ мүшелерін шабуылға ұшыраған одаққа мүше елді қорғауға міндеттейтін НАТО келісімінің 5-бабын қолдайтынын айтты. Дегенмен Трамп одақтастарда бұған ешқандай негіз болмайтын шығар деді. «Менің ойымша, бізді табысты әлем күтіп тұр», - деді Трамп.

Ал Стармер Трамппен бірлескен қорытынды баспасөз мәслихатында Ақ үй басшысымен Украина мәселесі бойынша «қатаң және әділ» болатын бейбітшілік келісімі жөнінде сөйлескенін және Ұлыбритания келісімдерді қолдау үшін өз әскерін бітімгер ретінде жіберуге және «ұшақтарды әуеге көтеруге» дайын екенін айтты. Ол Трампқа «Украинада бейбітшілік орнатуға күш салғаны үшін» алғыс айтты, дегенмен «басқыншыны марапаттайтын бейбітшілік болуы мүмкін емес» деп баса айтты.

«Ұлыбритания мен АҚШ арасындағы қарым-қатынас бүкіл әлемде нақты қауіп төніп тұрған уақытта бұрынғыдан да маңызды», - деді Кейр Стармер.

Ол сонымен бірге Трамптың Еуропаны күшейту қажеттігі туралы тұжырымдарымен келісетінін жеткізді. Трамп Еуропаның қорғаныс шығындарын ұлғайту керек дегені дұрыс, деді Стармер. Ол Лондон биыл Украинаға бұрынғыдан да көбірек көмек көрсетеді деп уәде берді.

Стармер – осы аптада Трамппен екінші кездескен Еуропа жетекшілерінің бірі. Бұған дейін Вашингтонға Франция басшысы Эммануэль Макрон келіп кеткен. Трамп пен Стармердің кездесуінің күн тәртібінде Ресейдің Украинаға қарсы соғысын тоқтату және Еуропаның қорғаныс пен қауіпсіздік мәселелері де бар.

Кир Стармер сапарының алдында Вашингтонды бейбітшілік келісім жасалып жатса, Украинада Еуропаның бітімгер әскерін орналастыруды қолдауға шақырды.

  • 26 ақпанда Дональд Трамп Киевпен жасалайын деп отырған пайдалы қазба туралы келісімнің өзі Украинаның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді деп мәлімдеген. Оның сөзінше, АҚШ Украинаға қосымша қауіпсіздік кепілдігін бермейді. Трамптың сөзінше, ол жақта Америка тұрса, Украинаға ешкім шабуылдамайды.
  • Киев пайдалы қазба туралы келісім арқылы АҚШ-тың қауіпсіздік кепілдігіне қол жеткізгісі келеді. Ақпарат құралдарының жазуынша, келісімнің қазіргі нұсқасында қауіпсіздік кепілдік туралы сөз ғана бар. Зеленскийдің сөзінше, ең бастысы - қазіргі жоба Украинаны АҚШ-қа жүздеген миллион доллар төлеуі керек ел ретінде қарастырмайды.