Ұлттық қордан бөлінген қаржының қайда жұмсалғанын бақылайтын комиссия жұмысын қайта бастады

Қазақстанда ұлттық қордан бөлінген қаржының қайда жұмсалғанын бақылайтын комиссия жұмысын қайта бастады. Бұл туралы 24 ақпанда Жоғары аудиторлық палата ресми сайтында хабарлады.

Комиссия 2014 жылы құрылғаннан бастап Ұлттық банк қарамағында істеген. 2020 жылдан бері оның жұмыс органы Жоғары аудиторлық палата болып өзгерген.

Палатаның ақпаратынша, комиссияның қызметі жаңа форматта және құрамда жалғасады. 21 ақпанда аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов комиссия отырысын өткізген.

Смайылов "ұлттық қордан алынатын трансферттерден экономикалық қайтарым болуы қажет. Ұлттық қор мемлекеттік маңызды емес міндеттерге пайдаланылмауға тиіс" деп мәлімдеген деді палатаның баспасөз қызметі.

Палатаның хабарлауынша, ұлттық қордан ел экономикасына жеңілдетілген шарт бойынша бөлінген қаржы тексерілмек, бұдан бөлек, қор қаржысын басым бағыттарға қайта бөлуге немесе оларды қайтаруға ұсыныстар беріледі.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Мемлекет көз жұма қарап отыр". Қазынаны ҚҚС-ті көтеріп толтыруға көпшілік неге қарсы?

Былтыр Халықаралық валюта қоры Қазақстан үкіметі бюджет тапшылығын жабу үшін Ұлттық қорға тым көп арқа сүйейді деген мәлімдеме жасаған. Ұлттық қордан ақша ала беру тәуекелдерді арттырып, экономикаға соққы болып тиюі мүмкін, Халықаралық валюта қоры Астанаға "дискрециялық шығынды азайту үшін" тәуелсіз қазыналық кеңес құруды ұсынған.

Қазақстандағы Халықаралық валюта қоры миссиясының жетекшісі Николя Бланше мемлекеттің жобаларын қаржыландыру үшін бұрын да Ұлттық қордың резервтері жұмсалатын, бірақ қазір ол бұрынғыдан көп көлемде шығындалып жатыр деп айтқан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ұлттық қор триллиондары. Депутаттар шығысы көп бюджет жобасын сынаса да мақұлдады