Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті Украинада Ресей жағында соғысып, Донецкіде қаза болған Өскеменнің екі тұрғынына қатысты хабарлама таратты.
Комитеттің хабарлауынша, олардың үстінен "Шетелдегі қарулы қақтығысқа қатысу" (172-бап) бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Биыл Өскемен соты олардың қайтыс болуына байланысты қылмыстық істі тоқтатқан.
"Аталған азаматтар 2024 жылы Ресейге барып, Украина аумағындағы шетелдік қарулы қақтығысқа қатысып, Донецк облысында ауыр жарақат алып, қайтыс болған. Олардың денелері Өскеменге жеткізілді. Сараптама қорытындысына сәйкес, өлімнің себебі – "жарылыстар мен жарықшақтардан болған зақымданулар салдарынан жедел массивті қан жоғалту" деп жазылған комитеттің ШҚО бойынша департаменті таратқан хабарламада.
Ресми хабарламада азаматтардың аты-жөні, жасы және нақты қашан қайтыс болғаны жөнінде мәлімет жоқ.
Ресейдің Украинаға қарсы ашқан соғысына қазақстандықтардың қатысқаны жөнінде ақпарат ара-тұра шығып қалады. Олардың кейбірі қаза болған.
Қазақстан заңы бойынша шетелдегі қарулы қақтығысқа қатысқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Қазақстанда шетелдегі қарулы қақтығыстарға қатысқан азаматты қылмыстық жауапқа тарту 2014 жылы Украинаның Донецк және Луганск облыстарында соғыс басталғаннан кейін енгізілген. Қазақстан заңы бойынша, шетелдегі қарулы қақтығыстарға қатысу, жалдамалы әскер қатарына қосылу, ондай топтарға адам жинау, материалдық көмек беру және оларды оқыту қылмыс болып есептеледі. Ондай қылмыс жасаған адам 12 жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленеді. Ал егер жағдайын ауырлататын себептер болса, ол адам азаматтығынан айырылып, өмір бойына түрмеге қамалуы мүмкін.
Бұған дейін Украина үкіметі Орталық Азиядан шыққан, Ресей күштері қатарында соғысқан 50-ден аса адам тұтқынға түскенін хабарлаған. Олардың арасында 1 қырғыз, 21 қазақ, 18 тәжік және 14 өзбек бар деп хабарлады Украина жағы. Кейбірінің қолында Ресей төлқұжаты бар. Мысалы, 21 қазақ тұтқынның алтауы ғана Қазақстан азаматы, қалғаны – Ресей азаматы.
Азаттық бұған дейін ресейлік "Вагнер" жеке меншік жалдамалы әскер тобы Қазақстанда да хабарландыру жариялап, соғысқа адам тартумен айналысқанын жазған. Ресейлік жалдамалы әскер қатарында Украинада соғысқан қазақстандықтардың нақты саны белгісіз. 2023 жылы ақпанда Азаттық Донбасста өлген екі қазақстандықтың елге жеткізіліп, Қарағандыда жерленгенін жазған. Сол жылы наурызда Семейде 33 жастағы азамат жерленген. Ол Бахмут түбіндегі шайқаста қаза тапқан.
Украинадағы соғыста украин күштерінің қатарында да соғысып жүрген қазақстандықтар бар, олардың да саны белгісіз.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Орталық Азия ұлты өкіліне жататын 50-ден аса адам Украинада соғыс тұтқыны болып отыр