Қазақстан үкіметі елдегі бірінші атом электр станциясы салынатын орын ретінде Алматы облысындағы Жамбыл ауданын ресми түрде бекітті. АЭС салуға қолайлы орын деп айтылып жүрген Балқаш көлі жағалауындағы Үлкен ауылы осы өңірге қарайды.
"Атом электр станциясы" ядролық қондырғысы салынатын аудан туралы қаулыға былтыр 30 желтоқсанда қол қойылған. "Алматы облысының Жамбыл ауданы – "Атом электр станциясы" ядролық қондырғысы салынатын аудан туралы шешім қабылдансын", – деп жазылған құжатта. Қаулы 25 ақпаннан бастап қолданысқа енді.
Қазақстанда АЭС құрылысын салуға ниеттілер тізімінде Ресей ("Росатом"), Қытай (CNNC), Франция (EDF) мен Оңтүстік Корея (KHNP) компаниялары бар. Биыл қаңтарда энергетика министрлігі елде АЭС-ті кім салатыны әлі нақты шешілген жоқ деп мәлімдеген. Оның алдында "Росатом" басшысы "Мәскеу мен Астана АЭС бойынша ортақ шешім қабылдауға бет бұрды" деп хабарлаған еді.
Министрлік Қазақстан атом электр станциясын салуға қатысатын вендорлерді "ұлттық мүддені, халықаралық норманы ескере отырып таңдайды" деді. АЭС бойынша энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев бастаған Қазақстан делегациясы 21 қаңтарда Ресейге барған. Былтыр Оңтүстік Кореяға, Францияға және Қытайға сапарлап, келіссөз жүргізген.
Биыл қаңтардың басында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Ана тілі" мемлекеттік басылымына берген сұхбатында АЭС құрылысын тездету қажет деп айтқан. Бұған қоса ол елде "жақын болашақта екіншісін, бәлкім үшінші АЭС-ті де сала бастауымыз мүмкін" деп мәлімдеген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ АЭС референдумы: халықтың экологиялық құқығы сақталып жатыр ма?Қазақстанда АЭС салу туралы жалпыхалықтық референдум былтыр 6 қазанда өтті. Байқаушылар референдумға дауыс беру кезінде заң талаптарын бұзу фактілері тіркелгенін, мысалы, референдум бюллетеньдерін дауыс беру жәшігіне топтап тастау секілді жайттар анықталғанын хабарлаған.
Орталық референдум комиссиясының ресми қорытындысына сай, дауыс берген азаматтардың 71 пайызы Қазақстанда АЭС салуды қолдаған. Президент Тоқаев АЭС-ті халықаралық консорциум салуы керек деп мәлімдеген.
Экологтардың көбі елде АЭС салуға қарсы. Олар атом электр станциясын салуға қолайлы орын деп айтылып жүрген аймақтағы Балқаш көліне АЭС кері әсер етеді деп есептейді. АЭС салуды жақтаушылар негізінен энергия тапшылығын алға тартады. Қоғам белсенділері мен саясаттанушылар АЭС-ті Ресей салатын болса, Қазақстан оған энергия жағынан тәуелді болып қалады деп алаңдайды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Жалпыұлттық диалог" па, "автократтың сценариі" ме?