АҚШ-тың Украина және Ресей бойынша арнайы уәкілі Кит Келлог Украина басшысы Владимир Зеленскийді "соғысушы елдің ержүрек көшбасшысы" деп атады. Ол бұл ойын X желісінде жазды.
Бұл 20 ақпанда Киевте Зеленскиймен кездескен Келлогтің жиын жөнінде алғашқы түсініктемесі деп хабарлады "РБК-Украина".
Келлогтің сөзінше, ол Киевтке Украина билігі өкілдерімен "ұзақ әрі мазмұнды" кездесу өткізген.
"Соғысушы елдің жауынгер және батыл көшбасшысы, президент Владимир Зеленскиймен және оның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі талантты командасымен жан-жақты әрі оң пікірталас" [өткіздік] деп жазды Келлог.
Бейсенбі күні кездесу қорытындысы бойынша ортақ баспасөз жиыны өтуі тиіс болған, алайда ол Америка жағының өтінішімен өтпей қалған.
"Америка дауысы" сайтының хабарлауынша, Келлог Киевке сапардың басты мақсаты "украин жағын тыңдау" деп атап өткен.
Украина президентінің сөзінше, Келлогпен кездесу барысында соғыстағы ахуал, украин тұтқындарын қайтару және Украина қауіпсіздігіне кепілдік берудің халықаралық тиімді тетігін табу мәселелері талқыланған.
Кит Келлогтің сапары АҚШ президенті Дональд Трамптың Украина мен Украина басшысына қатысты қатқыл мәлімдемелер жасап жатқан шақта өтіп жатыр. Трамп жуырда Зеленскийді "диктатор" деп атаған. "Қазір Украина президентін қолдаушылар саны 4 пайыздан аспайды" деген Трамптың сөзіне реакция білдірген Зеленский Трамп "жалған ақпарат кеңістігінде өмір сүріп жатыр" деді.
- Украина ақпарат құралдары Трамптың Зеленскийдің рейтингісі жөнінде айтқан сөзінен кейін Киев институтының сауалнама қорытындысын келтірген. Оған сәйкес, биылғы ақпанның бірінші жартысындағы жағдай бойынша украиналықтардың 57 пайызы Зеленскийге сенеді. Ал кейінгі айларда рейтинг артқан. Дегенмен AP агенттігі соғыс жағдайында украиналық әлеуметтік сауалнамалардың мәліметтерін сенімді деп атауға болмайтынын атап өткен.