АҚШ президенті Дональд Трамп 21 ақпанда Украина президенті Владимир Зеленскийдің Ресеймен соғысты тоқтату бойынша келіссөздерге қатысуы аса маңызды емес деп санайтынын жеткізді.
"Шынымды айтсам, оның жиындарға қатысуы маңызды емес деп ойлаймын" деді Трамп Fox News Radio-ға берген сұхбатында.
Оның айтуынша, Зеленский Ресей басқыншылығы басталғалы бері үш жыл бойы кездесулер өткізіп келеді және әлі күнге дейін соғысты тоқтата алған жоқ. "Осы күнге дейін ол келіссөздерді жақсы жүргізген жоқ" деді Трамп.
Bloomberg агенттігінің жазуынша, Ақ үйдің бұл мәлімдемесі ол Ресеймен Украинамен бірге немесе бөлек те, байланыс орнатуға ниетті екенін көрсетеді.
Жұма күні ақпарат құралдары Дональд Трамптың Ақ үйде губернаторлармен жиында жасаған мәлімдемесінен де үзінді келтірді. Трамп соғысты бітіруге бағытталған келіссөзге қатыспақшы украин басшыларының қолында "ешқандай да карта жоқ" деп мәлімдеді.
"Президент Путинмен келіссөзіміз жақсы болды, Украинамен келіссөзіміз аса жақсы бола қойған жоқ. Олардың қолында ешқандай карта жоқ, бірақ олар қатаң ойнайды. Алайда біз мұның жалғасқанына жол бере алмаймыз" деді ол.
Reuters агенттігі Трамптың "келіссөз үстеліндегі карталар" туралы сөзіне сүйене отырып, АҚШ президенті Киевті Вашингтонның қаржылық қолдауына айырбас ретінде Украинада өндірілетін пайдалы қазбалардан түсетін кірістер туралы негізгі келісімге қол қоюға итермелеп отыр деп болжайды.
Трамптың Зеленский мен оның айналасындағыларға қатысты қатаң мәлімдемелері кейінгі күндері Вашингтон мен Киев арасында қарым-қатынас біраз ушыққан шақта жасалып отыр. Бұған дейін Трамп Зеленскийді "диктатор" деп атаған, ал украин басшысы АҚШ президенті "жалған ақпарат кеңістігінде өмір сүріп жатыр" деп реакция білдірген.
Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майк Уолц жұма күні Зеленский Украинадағы соғысты тоқтатуға бағытталған іс-шаралар аясында АҚШ-пен пайдалы қазбаларды игеру туралы келісімге қол қояды деп мәлімдеді.
Украина президенті кеңсесінің өкілі Михаил Подоляк BBC ақпарат агенттігіне Украина сирек металды игеру ісінде АҚШ-тың инвестициясына ашық, алайда Киевке аталған келісімнен экономикалық пайда түсуі керек және қауіпсіздікке кепілдік алуы керек деді. Подоляктің сөзінше, Украинаны Вашингтонның "біртүрлі" және "рационалды емес" мәлімдемелері таңғалдырған.
- Украина билігі мен Еуропа жетекшілері Дональд Трамп Украинадағы үш жылға созылған соғысты мүмкіндігінше тезірек тоқтатуға уәде беріп, Мәскеумен байланыс орната бастағаннан кейін келіссөздер процесінен тыс қалуымыз мүмкін деп алаңдаушылық білдірген.
- 18 ақпанда Эр-Риядта Ресей мен АҚШ-тың жоғары лауазымды өкілдерінің келіссөзі өтті. Ресей Украинаға басып кіргелі бері осындай ауқымды кездесу алғаш рет өтіп отыр. Украина мен Еуропа елдерінің өкілдері кездесуге шақырылған жоқ. Эр-Риядтағы келіссөздің нәтижесі туралы айтқан АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Марко Рубио ЕО мен Украина келіссөзден аулақтатылмайды деді. Оның сөзінше, барлық тарап бірқатар шарттарынан бас тартуға дайын болуы керек.
- Кейінірек президент Трамп "Ресейдің өз аумағына басып кіруіне Украинаның өзі жауапты болуы мүмкін" деген сарында мәлімдеме жасады. «Украинаның келіссөзге қатыспағанына ренжігенін естідім. Олардың орны үш жыл бос болып тұрды және оған дейін ұзақ уақыт та болды. Мұның бәрін өте оңай шешуге болатын еді. «Тіпті жартылай тәжірибелі келіссөз жүргізушінің өзі менің ойымша, көп жерден айырылмай және адам өмірін қимай ақ мұны көп жыл бұрын жасай алған болар еді», - деді Трамп.