Сейсенбі, 18 ақпанда АҚШ президенті Дональд Трамп пен оның үкіметіндегі тиімділік департаментінің (Department of Government Efficiency, DOGE) басшысы, кәсіпкер Илон Маск бірге Fox News телеарнасына сұхбат берді.
Телеарна эфирінде прайм-таймда көрсетілген сұхбат шамамен бір сағатқа созылды. Оның басым бөлігінде DOGE қызметі жайлы сөз болды. Масктің айтуынша, департаменттің мақсаты – "бюрократияны әлсіретіп, демократияны қалпына келтіру" болмақ.
Fox News телеарнасының жүргізушісі Шон Ханнити сұхбатты Илон Маскті елге және әлемге танымал ең табысты кәсіпкерлердің бірі ретінде атап, президент Трамптың ең жақын кеңесшісі, мемлекеттік аппаратты қысқарту және оңтайландыру жөнінде ұсыныстар дайындайтын департамент басшысы деп таныстырды.
Илон Маск президентке "технологиялық қолдау көрсететін" көмекшінің рөлін атқаратынын айтты. Ол өзі басқарған департамент "президент жарлықтарының орындалуын қамтамасыз ететін болады" деп мәлімдеді. Президент Трамп өзіне Илон Масктей "ең ақылды" көмекші тапқанын, оның тобы жүктелген міндетті – мемлекеттік аппараттың жөнсіз шығындарын анықтап, қысқартуды іске асыруға қабілетті екенін айтты.
Дональд Трамп DOGE жүздеген миллиард доллар болатын мемлекеттік қаржының заңсыз жұмсалғанын анықтайды деп сенеді. Президент DOGE жұмысының нәтижесінде бір триллион доллар үнемдеуге болады деп есептейді.
Сұхбат барысында Трамп пен Маск АҚШ президентін үкіметтің тиімділік департаментіне жетекші федералды басқармалардың қызмет құжаттарымен танысуға ауқымды құқық беріп, өкілеттігін асыра пайдаланды деген айыптауларға жауап қатты. "Біз Дональд Трампты президент етіп сайлаған халықтың қалауын орындап, бюрократияны қысқартуға тырысамыз", – деп мәлімдеді Илон Маск.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Әлемдік гуманитарлық көмектің 40 пайызы. USAID төңірегінде не болып жатыр?