Трамп жақында Зеленскиймен кездесуі мүмкін екенін айтты

Франция президенті Эммануэль Макрон (сол жақта) мен АҚШ президенті Дональд Трамп сөйлесіп отыр. Вашингтон, Ақ үй, 24 ақпан, 2025 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамп 24 ақпанда Вашингтонда Франция президенті Эммануэль Макронмен кездескен кезде Ресейдің Украинаға қарсы соғысын бірнеше аптада тоқтатуы мүмкін екенін айтты.

Трамптың сөзінше, ол осы немесе алдағы аптада Украина президенті Владимир Зеленскиймен Ақ үйде пайдалы қазбалар туралы келісімге қол қою үшін кездесуі мүмкін. Ол АҚШ пен Украина "тоқетер келісімге келуге өте жақын қалды" деген.

АҚШ президентінің айтуынша, қолайлы уақыт болса, ол Мәскеуге баруға дайын, бірақ 9 мамыр тым ерте болуы мүмкін. Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен қашан кездесетінін білмейді, бірақ ерте ме, кеш пе, әйтеуір кездесу болады деді ол.

Макрон Украина аумағына Еуропадан әскер жіберуге дайын екенін тағы да хабарлады. Трамп бұған жауап ретінде, бейбітшілік бітіміне қол жеткен жағдайда Ресей президенті Владимир Путин Еуропадан бітімгерлер жіберу идеясын "қабылдайды" деді.

Украина соғысты тоқтату туралы келісім бойынша Ресей аумағын беруі керек пе деген сұраққа Трамп: "көреміз" деп жауап берді. Ол келіссөз енді ғана басталды деді.

Your browser doesn’t support HTML5

Трампты Путин мақтап, Еуропа лидерлері cөкті

Баспасөз мәслихатында Трамптан Путинді "диктатор" деп атай ма деп сұрады, ол өткен аптада Зеленскийді "диктатор" деген.

"Мен бұл сөздерді жай қолданбаймын. Мұның қалай өтетінін көрейік. Бізде бірнеше ел арасында жақсы келісімге қол жеткізу мүмкіндігі бар", – деп жауап берді Америка президенті. CNN-нің жазуынша, Трамп Путин "диктатор" ма деген сұраққа бірнеше рет жауап бермеген.

Кездесуден кейін АҚШ пен Франция президенттері бірге баспасөз мәслихатын өткізді, онда Трамп АҚШ Украинаға басқа елдерге қарағанда көбірек көмек бөлді деп айтты. Зерттеулерге сүйенген CNN арнасы оны шындыққа жанаспайтын дерек деп жазды: 2024 жылғы желтоқсандағы дерекке сәйкес, Еуроодақ пен Еуропадағы елдер Украинаға АҚШ-қа қарағанда әлдеқайда көп көмек бөлген.

"Макронның бейбітшілік бойынша шығын мен ауыртпалықты тек АҚШ емес, Еуропа елдері де көтеруі керек және Еуропа Украинаның ұзақ мерзімді қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі орталық рөлді алуы керек дегенге келіскеніне қуаныштымын", – деді АҚШ президенті.

Оның сөзінше, қазір басты назар "атысты тоқтатуға және тұрақты бейбітшілікке" аударылып отыр.

"Бұл бейбітшілік Украинаның берілгенін немесе кепілсіз атысты тоқтатуды білдірмеуі керек, ол Украинаның егемендігін қамтамасыз етуі керек", – деді Франция президенті.

Макрон – биыл қаңтарда АҚШ президенті қызметіне жаңадан кіріскен Трамппен кездескен алғашқы Еуропа лидерлерінің бірі. Вашингтонға барар алдында Макрон Ресейге "тосқауыл қоюға" шара қажет деп айтқан, ол Мәскеу бүкіл Еуропаға қауіп төндіреді деп санайды.

Your browser doesn’t support HTML5

Путиннің қылышы, Киевтегі саммит, Алматыдағы пикет – AzatNEWS | 24.02.2025