The New York Times: Трамп Украина мәселесі жөнінде кеңес өткізеді

Украина президенті Владимир Зеленский (сол жақта) мен АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйде пікір таластырып отыр. АҚШ, Вашингтон, 28 ақпан, 2025 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамп дүйсенбі күні өз әкімшілігінің жоғары лауазымды қызметкерлерімен, қорғаныс пен қауіпсіздікке жауапты шенеуніктермен кездесіп, Украинаға қатысты саясатты талқыламақ. Мұны Ақ үй әкімшілігінің аты-жөні аталмаған өкіліне сүйеніп, The New York Times хабарлады.

Оның айтуынша, әртүрлі іс-әрекеттер, соның ішінде бұрынғы президент Джо Байденнің әкімшілігі тұсында мақұлданған Украинаға әскери жәрдем беруді, оқ-дәрі мен құрал-жабдықтар жеткізуді тоқтата тұру немесе толық доғару мәселесі талқыланатын кездесуге АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мен қорғаныс министрі Пит Хегсет те қатыспақ.

Ақ үй ондай кездесу жайлы ресми түрде ештеңе жариялаған жоқ.

28 ақпанда Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленскийдің Ақ үйдегі алдын ала жоспарланған келіссөзі көптің көзінше өрбіген дау-дамайдың кесірінен аяқсыз қалғаннан кейін Украина делегациясы Ақ үйден дереу кетіп қалған. Пайдалы қазбаларды өндіру және инвестициялық қор құру туралы алдын ала дайындалған келісімге қол қойылмады. Осыдан кейін АҚШ президенті мен жоғары лауазымды шенеуніктері Украина президентінің Ресеймен бейбіт келіссөздер жүргізуге ықыласты екеніне күмән келтірді. Бұған қоса олар Зеленскийді Трамппен сөз таластырып, оған құрмет танытпады деп сөкті.

Дүйсенбі, 3 наурызда Трамп Truth әлеуметтік желісінде АҚШ енді Ресей президенті Владимир Путиннің іс-әрекетіне алаңдауды азайтып, басқа мәселелерге көбірек көңіл бөлгені жөн деп жазды.

"Біз Путин туралы мазасыздануды азайтуымыз керек, одан гөрі елге келетін зорлықшы мигранттар, наркобарондар, кісі өлтірушілер мен психиатриялық клиникадан шыққан адамдар туралы көбірек ойлануымыз керек, сонда біз Еуропаға ұқсамайтын боламыз!" – деп жазды Трамп. Оның бұл мәлімдемесі Вашингтон мен Мәскеу арасындағы байланыстар жиілеп жатқан шақта жарияланды.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио ABC арнасына берген сұхбатында АҚШ-тың мақсаты әлі де Украинадағы соғысты тоқтату екенін және Ресеймен кейінгі болып жатқан байланыстар да осы мақсатты көздеп жасалғанын айтты.

Рубионың сөзінше, Трамп "бұл қақтығысты тоқтатудың әдісі барын анықтау үшін Ресейді келіссөз үстелінің басына отырғызуға тырысып жатыр".

"Президент айтқандай, үш жыл бойы жалғасып жатқан бұл сұмдық соғыс, қантөгіс тығырыққа тірелді. Ол оның аяқталғанын қалайды. Оны доғарудың жалғыз жолы – Владимир Путинді келіссөз үстелінің басына отырғызу", – деді Рубио.

АҚШ-тың Ресейге қатысты риторикасының неге өзгергенін осылайша түсіндірген Рубио Вашингтон Мәскеуге "жанжалды бастады" деп кінә тағудан бас тартқанын айтты.

"Біз Владимир Путинге ат қойып, айдар тағуға үш жыл жұмсадық. Қазір бұл маңызды емес. Оларды соғысты тоқтатуға қалай көндіруге болатынын анықтап алуымыз қажет. Ал мұны істеудің жалғыз жолы – ресейліктерді келіссөзге қатысуға мәжбүр ету", – деген Рубионың сөзін келтірген "Америка дауысы" арнасы.

Рубионың айтуынша, АҚШ президенті соғыстың жалғасқанын, мыңдаған адам қаза тауып, миллиардтаған доллар шығын келгенін, адам өлімі мен қиратып-бүлдірулер одан ары көбейгенін қаламайды.

Украина мен Еуропа елдері АҚШ Ресеймен соғысып жатқан Украинаға әскери, қаржылай және саяси қолдау көрсетуден бас тарта ма деп алаңдайды. Еуроодақ бұл мәселеде АҚШ-тың бейбітшілікке кепілдікті қамтамасыз етуі маңызды екенін айтып, Киев пен Вашингтон арасында диалогты қайта бастауға үндеп отыр. Сонымен бірге, жақында Франция мен Ұлыбритания өздерінің бейбітшілікке қол жеткізу жоспарын әзірлеп жатқаны белгілі болды, ол жоспарда Украинада еуропалық күштерді орналастыру қарастырылады.