2025 жылғы 21 ақпанда Алматыда жазушы, драматург Дулат Исабеков 83 жасқа қараған шағында қайтыс болды.
Your browser doesn’t support HTML5
Даулы оқиғадағы Дулат Исабеков
ДЕРМЕНЕ ІЗДЕГЕН ЖАЗУШЫ
Дулат Исабеков 1942 жылы туған. Қазақ мемлекеттік университетінің түлегі. Әр жылдары Телевизия және радиохабар жөніндегі мемлекеттік комитетте аға редактор, Қазақ совет энциклопедиясы бас редакциясында аға ғылыми редактор, "Жұлдыз" журналында, "Жалын" баспасында қызмет атқарды. Қазақ телевидениесінің бас директоры, "Жазушы" баспасының басшысы, Жазушылар одағының хатшысы, Мәдениеттану ғылыми-зерттеу институтының директоры болды.
Жазушының "Гауһар тас", "Дермене", "Қарғын" және басқа да шығармалары оқырман ықыласына бөленген. Әр жылдары "Ақырамаштан наурызға дейiн", "Ескерткiш", "Социализм зәулiмi", "Конфронтация", "Талахан-186", "Бонапарттың үйленуi", "Ай-Петри ақиқаты" секілді және т.б. шығармалары жарық көрген.
30 шамалы драмалық шығарманың авторы. Оның туындылары негізінде кино түсірілген, пьесалары сахналанған.
Дулат Исабеков (сол жақта) мемлекеттік тілді қолдау жиынында сөйлеп тұр. Алматы, 19 қыркүйек, 2010 жыл. Азаттық архивіндегі сурет.
НАЗАРБАЕВТЫҢ "ІШКІ СЫРЫ"
2010 жылғы 16 қарашада Алматыда сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев жазушы, драматург Дулат Исабековті қабылдады. Кездесу сол күні түстен кейін болған. Ертесіне Азаттық радиосының журналисі Кенжебек Нұрқасенұлы жазушыға телефон соғып, жедел-сұхбат алған. Онда жазушының президентпен кездесуде не талқылағаны баяндалған.
"Көп нәрселердің басы шарпылды. "Сізден кейін кім [президент] болуы керек, біздің қабырғамызға осы батады" дедім. Бір жағымыз – Қытай, бір жағымызда – орыс. Осындай жағдайда біз екі ортада шыбын өлген сияқты болып қалмаймыз ба, халқымыздың саны аз, міне, осындай жайттар сөз болды, ішкі сырын да айтты. Бірақ оның бәрін айта беруге менің қақым жоқ" деген жазушы Азаттық тілшісінің "Мұрагер туралы сөз болды ма?" деген сұрағына "Айтылды, бірақ оны мен сізге айтпаймын", – деп жауап берген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Дулат Исабеков кездесуде президент Назарбаевқа не айтты?Жазушының сұхбатта президент айтты деп отырған саммиті 2010 жылғы 1 желтоқсанға белгіленген, Астанада ұйымдастырылған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) алқалы жиыны болатын. Қазақстан сол жылы осы халықаралық ұйымның кезеңдік төрағалығын атқарған еді.
Және сол жылғы шаралардың көбі, сөздің басы осы ЕҚЫҰ болғаны жасырын емес. Қазақстанның ұйымға төрағалығы сол кезде көп жарнамаланып, жырға айналған кез болатын.
Жазушының сөз ләміне қарағанда, президент Назарбаев ЕҚЫҰ саммиті өткен соң кеңінен кездесейік деген ишара білдірсе керек.
"МЕМЛЕКЕТІМІЗДЕН АЙРЫЛЫП ҚАЛМАЙЫҚ!" ҚАЗАДАҒЫ ҚАЙЫРМА
Дулат Исабеков – азаматтық ұстанымымен танылған жазушы. Бұл туралы жазушымен 2025 жылғы 22 ақпанда Алматыда Жазушылар одағында өткен қоштасу рәсімінде замандастары мен қатарластары айтты. Олардың кейбір айтқандары Дулат Исабековтің көзқарасымен үндесіп жатқандай көрінді.
"Халыққа қызмет ету керек. Халқың аман болса, сен де амансың. Халқың жоқ болса, сенің данышпандығың мен мықтылығың кімге керек? Бұл – ұлы идея. Халық болса, бәріміз боламыз. Біріміз кетеміз, біріміз келеміз. Бірақ ұлы діңгек – ұлтты сақтау керек. Сол үшін бәрін аямай жұмсау керек. Дулаттың ұлы мүддесі, ұлы мұраты – осы. Ол халқының жоғын мақаласы арқылы түгендеуге тырысты. Күйініп жүрегімен жазатын. Тәуелсіздік алғаннан кейін 2000 жылдарға дейін бәріміз теңселіп қалдық. Мемлекетіміз де жолын таба алмай шайқалып қалды. Сондайда ол халыққа сөзі керек кезінде – сөзі, жігері керек кезінде – жігері болды".
Бұл – жазушы Бексұлтан Нұржекеевтің пікірі.
Жазушымен қоштасу рәсімінде театр қайраткері Асанәлі Әшімов те таусыла сөйлегендей болды.
"Халықты халыққа таныстыратын – әдебиет пен мәдениет. Елдің әдебиет, мәдениет, ғылымы өспей, ел өспейді. Дулаттың осы бағыттағы еңбегі ұшан теңіз. Жас кетті деп айта алмаймыз. Бірақ осындай азаматтың кеткені ауыр тиеді. Биылғы жыл ауыр жыл болды. Жақында Мұхтар Мағауиннің кетуі қандай қайғы?! Бірақ осының бәрі халықты дүр сілкіндіріп, алға қарай ұмтылып, басымызды біріктіріп кетсе жақсы болар еді. Жақсылыққа ұмтылайық. Ел қатарына қосылайық. Мемлекетімізден айрылып қалмайық!" – деді Асанәлі Әшімов.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Шәкерім, тарих және Жаңаөзен. Мұхтар Мағауин мұрасына тарихшы көзқарасыХАЛЫҚ ҚАЙҒЫСЫНА ОРТАҚТАСУ
Жазушы сұхбаттарының бірінде әдебиет айналасындағыларды сынап, қоғамға нағыз азамат керек дейді. "Өтірік ақындардың уайымы ішінде баласы жоқ әйелдің толғатқаны сияқты" дегені бар еді сол кезде. Ал жазушы Смағұл Елубай Дулат Исабековтің Жаңаөзен оқиғасы кезіндегі әрекетін еске алды.
– Өмірден озған Дулат Исабеков ағамыз тек қана жазушы емес, драматург емес, сонымен бірге халқына қамқор болған қайраткер еді. Ол даулы оқиға болса, қашан да халық жағында тұратын. Жаңаөзен оқиғасы кезінде биліктің көңіліне тием деп алаңдамай, "айлық сұраған адамдарды атып тастай береміз бе?" деген әлі күнге естен кетпейді. Осы жолда ол мінезімен де елден ерекшеленіп тұрды, – деді Смағұл Елубай.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Эфирдегі және оның сыртындағы Жаңаөзен оқиғасыРесми мәлімет бойынша, кемінде 16 адам қаза тауып, жүздеген адам жараланған 2011 жылғы желтоқсандағы Жаңаөзен оқиғасынан кейін сонда құрбан болғандардың отбасына қайырымдылық көмек қоры ашылған. Есепшот жария болған күнгі Алматыдағы шара журналистер назарына да іліккен. Ниет еткендер хал-қадірінше қаржы аударған. Алғашқылардың бірі болған Дулат Исабековтен сол кезде Азаттық пікір сұраған-ды.
"Көп түкірсе, көл" деген. Бір адамның бергенінен ешкім байып қалмас, бірақ осы қорды ашқандарға ризашылығымды білдіре отырып, өзім де үлесімді қосқым келеді және басқаларды да соған шақырамын. Әсіресе, бізден гөрі қалтасы қалыңдау азаматтар шетелдің әншілеріне миллиондаған қаржысын арнағаннан гөрі, осындай өз халқының қайғысына ортақтасқанын қалар едім", – деген еді жазушы.
"ОРАЛМАНДАР МӘСЕЛЕСІНДЕГІ СЕРГЕКТІК"
Дулат Исабеков оралмандар мәселесінде де белсенді болды. Олардың елдегі мәселесі, немесе Қытайдың Шыңжаң аймағында қысым көрген аз ұлттардың жағдайына бей-жай қарамай, басқа да әріптестерімен бірге көп алдына шығып, баспасөз мәслихатын өткізіп, қиянат жасап жатқандардың іс-әрекеттерін айыптаған.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жазушылар Бексұлтан Нұржекеев, Дулат Исабеков (сол жақта шетте) және Смағұл Елубаймен кездесіп отыр. Астана, 20 сәуір, 2017 жыл.
– Ол оралмандар мәселесіне сергек қарайтын. Оралмандар ісінде шеттеп тұрмай, мәселенің шешілуіне қолынан келгенше септесетін, – деді Смағұл Елубай Дулат Исабеков жайлы.
Оралмандарға қатысты мәселенің бірін жазушы Дулат Исабеков бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан жиында көп алдында айтқаны бар. Ол Моңғолиядан келген 800 оралманның елдегі жемқорлық кесірінен қайтадан кері қайтуға мәжбүр болғанын жеткізген. Және оларды осыған душар еткен шенеуніктер мәселесін қарастыруды сұраған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ 800 қазақ Моңғолия азаматтығын қайта сұрадыСол жиында сөзге араласқан Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев көп алдында мәселені түсіндіруге тырысқан. Сол жиында президент Назарбаев аяқ астынан айтылған бұл жайтты анықтап, тиісті шара қабылдайтынын айтып уәде берген.
"АЛАҢДАҒЫ ЕСКЕ АЛУ – АҚОРДАДАҒЫ ТОЙ"
Кейін, 2019 жылы наурызда президенттік өкілетін мерзімінен бұрын доғарған Нұрсұлтан Назарбаевтың орнына билік басына Қасым-Жомарт Тоқаев келді.
Екінші президенттің тұсында тәуелсіз ел тарихындағы ең үлкен қантөгіс, ресми дерек бойынша, кемінде 238 адам қаза тапқан Қаңтар оқиғасы болды. Бұл оқиға Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында қымбатшылық пен жұмыссыздыққа наразы халықтың үкіметке талабын айтып, бас көтеруінен басталған еді. Мұнайға бай өңірде тұрғанымен, оның игілігін көре алмай, жылдан жылға қордаланып жатқан әлеуметтік проблемалардан қажығанын айтып, әділдік талап еткен жұртқа жазушы Дулат Исабеков қолдау білдірген.
Мәдениеттанушы Мұрат Әуезов (сол жақта) пен жазушы Дулат Исабеков "Абай" деректі фильмінің тұсаукесерінде отыр. Алматы. 6 маусым, 2012 жыл.
2022 жылы күзде Қазақстан кейінгі 13 жыл бойы аталмай кеткен Республика күнін ұлттық мереке ретінде қайта жаңғыртқан. Содан беріде Қазақстанның елшіліктері мен дипломатиялық өкілдіктерінде 16 желтоқсандағы Тәуелсіздік күнінде емес, 25 қазанда, Республика күнінде ресми шаралар өткізіліп келеді.
Сол жылғы Республика күнінде Ақордада озаттарды марапаттау рәсімінде жазушы Дулат Исабековке Еңбек Ері атағы табыс етілген. Жазушыға бұл марапат әлеуметтік-гуманитарлық дамудағы аса үздік жетістіктері үшін берілгені айтылды. Сол шарада жазушы Исабеков президент Тоқаевқа қарата сөз сөйледі.
"1986 жылғы қасіретті күнді қасиетті күнге айналдыру сіздің қолыңыздан келді. Бұл көпшіліктің көкейінде жүрген. Бұрын алаңда гүл шоғын қойып, қасіретті еске алғанда, Ақордада тойлап жататын. Міне, осы екі шараны бөлу көптің көкейіндегі арман еді", – дей келіп, Дулат Исабеков президентке алғысын білдірген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тоқаев Республика күнін ұлттық мереке етті. Неге?"ОТЫЗ ЖЕТІНШІ ЖЫЛДАН ҚАЛҒАН ҮРЕЙ"
Дулат Исабековтің азаматтық бейнесі жайында жазушы Смағұл Елубай жазушының ортасы, жалпы зиялы қауымға тигізе былай сипаттайды.
Жазушы Смағұл Елубай
– Әдетте, совет кезінде қалыптасқан үлкен жазушылар ұлттық мәселеге келген кезде үндемей бұғып қалады. Өйткені оның сыртында 1937 жылғы қуғын-сүргін оқиғасы тұрады. Отыз жетінші жылдың оқиғасы зиялы қауымды жаншып, жасытып тастады. Дулат Исабеков те көп ғұмыры совет заманында өткен жазушы ғой. Соған қарамастан, құдай берген мінезі болуы керек, Дулатта батылдық пен батырлық бар еді, – деді Смағұл Елубай.
Дулат Исабеков 2015 жылы Азаттық студиясында журналист Қасым Аманжолға берген сұхбатында советке дейінгі Алашорда зиялыларын бүгіннен іздейді.
"Әлі күнге Алашорданың бағасын бере алмай жатырмыз. Мысалы, Мағжанды алайық. Саналы түрде өмірін қиюға дейін барды. Қазір және бұдан кейінгі заманда ондайлар бола ма, болмай ма – білмедім. Бірдеңе дейін десең, тәуелсіздікке тіл тигізіп алмайын деп, тереңдеп көп айта бермейміз", – деген еді жазушы Дулат Исабеков азаматтық ұстаным, қоғамдық белсенділік жайлы.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ 44 жасында қыршын кеткен. Мағжанның бір ғасырыБұл хабардың подкаст нұсқасын Азаттық сайтынан, подкаст платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан тыңдау мүмкіндігі бар.