Сот Feminita белсендісі Жанар Секербаеваға да айыппұл салды

Feminita-ның негізін қалаушылардың бірі Жанар Секербаева

Алматының әкімшілік соты Feminita бастамасының негізін қалаушылардың бірі Жанар Секербаеваға да 393 мың теңге көлемінде (100 АЕК, қазіргі бағаммен 783 доллар) айыппұл салды.

Сот Секербаеваға "Тіркелмеген бiрлестiк қызметіне жетекшілік ету" бабы бойынша айып таққан. Бұл туралы белсендінің онлайн-сот отырысына қатысқан Азаттық Азия тілшісі хабарлады.

Полиция инспекторы Данияр Әзікенов сот кезінде мониторинг барысында Instagram-нан видео көргенін, соның негізінде әділет департаментіне сұрау салып, Feminita ұйымының тіркелмегенін анықтағанын айтқан. Бұл тұрғыда сот Feminita бастамасының өзге белсендісі, осы апта басында айыппұл салынған Гүлзада Сержанның сотына ұқсас болып шықты.

Полиция инспекторы сот кезінде аталған ұйым "әйелдердің құқығын қорғаймын деп шын мәнінде дәстүрлі емес жыныстық бағытты насихаттайды... ұйымның әрекеті қоғамда тұрақсыздықтың алғышартын тудырады" деді.

Секербаева өзіне тағылған айыпқа келіспейді. Белсендінің сөзінше, ол еш жерде қандай да бір қоғамдық бірлестік басшысы деп көрсетілмеген.

Оның сөзінше, ЛГБТ өкілдері де қоғам мүшесі және кез келген азамат сияқты олардың да конституциялық құқықтары бар, салық төлейді, қоршаған ортаны таза сақтауға үлес қосып жатыр. Ол инспекторды олар "мемлекетке нұқсан келтіреді" деп айтпауға шақырды.

Секербаева бұдан бөлек, сотқа дейін сот материалдарымен танысып үлгермегенін де айтты.

Бұған дейін әкімшілік сот Feminita-ның негізін қалаушылардың бірі Гүлзада Сержанды "тіркелмеген бiрлестiк қызметіне жетекшілік етті" деп айыптап, 393 мың теңге айыппұл салған еді. Ол да жұма күнгі сотта өзін қандай да бір қоғамдық бірлестіктің жетекшісі ретінде көрсетпейтінін айтты.

13-14 ақпанда "Қазақстандық ата-аналар одағы" ұйымының бұрынғы төрайымы Бағила Балтабаева Feminita ұйымдастырған шараға полиция шақырып, шараны өткізуге кедергі келтірген. Осыдан кейін Feminita ұйымының өкілдері Гүлзада Сержан мен Жанар Секербаева ұсталып, Бостандық аудандық полиция басқармасына жеткізілген. Ертесінде Feminita-ның шараларына өзге де белсенділер кедергі келтірген. Ізінше Сержан мен Секербаеваға "тіркелмеген ұйымға жетекшілік ету" бабы бойынша әкімшілік іс қозғалғаны белгілі болды.

Ал Feminita-ның шарасына кедергі келтіргендерді жауапқа тартылғаны-тартылмағаны жөнінде ақпарат жоқ.

Feminita өкілдері Алматы қалалық әділет департаментіне аталған ұйымды тіркеу туралы талай рет өтініш бергенмен өтініштері орындалмаған. Феминистік топ сот арқылы департаменттің әрекеттің даулауға тырысқан, алайда сот ешқандай заңбұзушылық таппаған. Халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігінің Feminita-ны тіркемей отырғандығын сынаған.