Соғыстан қашқан Игорь Санджиев Қазақстан президентінен саяси баспана сұрады

Игорь Санджиев

2023 жылы наурызда соғыстан қашып келген ресейлік Игорь Санджиев Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан саяси баспана сұрады. Айтуынша, шамамен екі жылда Қазақстанның ресми орындары оның босқын мәртебесін беру туралы өтінішін орындамаған. Ол шешімді сот арқылы даулағанмен нәтиже болмаған.

"2022 жылы қыркүйекте "арнайы әскери операцияға" қатысу үшін Ресей әскерінің қатарына мәжбүрлі түрде мобилизацияландым. Әскери бөлімді 2022 жылы қарашада тастап кеттім. Одан кейін қудалаудан қауіптеніп, Ресей мен Беларусьте жүрдім. 2023 жылы наурызда босқын мәртебесін сұрау мақсатында Қазақстан мен Ресей шекарасынан заңсыз өттім. Бірақ Қазақстан өтінішімді мақұлдаған жоқ. Қазір маған елден шығару қаупі төніп тұр. Себебі 2024 жылы қыркүйекте Жоғарғы сот босқын мәртебесін беруден түбегейлі түрде бас тартты. Құрметті Қасым-Жомарт Тоқаев, өзіңіздің өкілетіңіздің аясында саяси баспана беруді сұраймын. Мұны тынымсыз еңбекпен, еңбекпен өтеуге үміттенемін" деді Игорь Санджиев президентке жолдаған видеоүндеуінде.

Оның сөзінше, бірнеше беттен құралған жазбаша өтінішті 20 ақпанда Астанадағы ішкі істер министрлігіне апарып, талон алған. Өтініш кемінде үш ай қаралмақ. Министрлік өкілдерінің сөзіне сүйенген оның сөзінше, ведомствоның өзі өтінішті қарастырмайды - олар құжаттарды жинайды. Олар үш ведомство: ұлттық қауіпсіздік комитеті, сыртқы істер министрлігі, еңбек министрлігінің келісімі немесе бас тарту құжатын алмақ. Құжаттарды азаматтық жөніндегі комиссияға тапсырмақ.

Құқық қорғаушылардың сөзінше, Қазақстан президентінен саяси баспана сұрау ел тарихында өте сирек кездесетін жағдай. Бұл совет заманының мұрасындай қалған және саяси қуғын көрген азаматтар көп жағдайда босқын мәртебесін сұрайды. Олар Игорь Санджиевке саяси баспана беретіндігіне де күмән келтіреді.

27-28 ақпанда Азаттық президент және ішкі істер министрлінінің баспасөз қызметіне хабарласып көржді, WhatsApp-тарына сұрақтарды қалдырғанмен әзірге жауап жоқ.

Санджиевтің сөзінше, Ресейде оған қарсы "әскери бөлімді өздігімен тастап кету" және "Ұру" (әкімшілік бап) баптары бойынша іс қозғалған. Ол өзін елге қайтарса, қудаланатынын айтады.

  • Ресей Украинаға басып кіргелі бері соғыстан қашқан кей ресейліктер Қазақстанға заңсыз өтіп, босқын мәртебесін сұраған. Олардың көбінің өтініші орындалған жоқ.
  • Желтоқсанда Қазақстан Ресей билігі халықаралық іздеу жариялаған Евгений Наказненкоға босқын мәртебесін беруден бас тартқан. Ресейде Наказненкоға қарсы "әскер туралы фейк таратты" және "терроризмге шақырды" деген айып тағылып, қылмыстық іс қозғалған. Азаттық радиосының жазуына қарағанда, Наказненко әлеуметтік желіге соғысқа қарсы бейнероликтер салғаны үшін жазықты болып отыр. Ресей билігі оны халықаралық іздеуге берген. Қазір Наказненкоға да экстрадиция қаупі төніп тұр.
  • 2023 жылдың желтоқсан айында Қазақстан соғыстан қашқан ресейлік күзет қызметінің майоры Михаил Жилинді Ресейдің сұрауымен депортация жасады. Ол Қазақстан шекарасын кесіп өткеннің ертесіне-ақ саяси баспана сұраған болатын. Заң бойынша, бұл шекараны заңсыз кесіп өткені үшін деген айыптаудан босатады. Қазақстан заңы адамдарды заңсыз жолмен келген елдің аумағына қайтаруға да тыйым салады. Алайда, Қазақтан соты Жилинді Ресейге депортация жасау туралы шешім шығарды. 2024 жылы Ресей соты Жилинді әскерге жұмылдыру кезінде қашып кеткені және шекараны заңсыз кесіп өткені үшін кінәлі деп танып, алты жарым жылға қатаң режимдегі түрмеге жапты. Жилиннің туыстары Ресейде оны ауыр азаптау күтіп тұр деп мәлімдеген.
  • Бұған дейін соғысқа қарсы шыққан саха белсендісі, панк-музыкант Айхал Аммосов (Игорь Иванов) пен Наталья Нарская ұсталып, Алматыдағы изоляторда отырып шыққан еді. Аммосов былтыр қарашада Германияға қоныс аударды. Былтыр күзде соғысқа қарсы ресейлік белсенді, 19 жастағы Павел Владимировтің Қазақстанда ұсталғаны да мәлім болды. Оның да тағдыры белгісіз.