Журналист, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Түркістан облысындағы филиалының жетекшісі Мөлдір Нұрман "жалған ақпарат таратты" деген күдікке ілінді. Қалалық полиция департаменті оны тергеп, босатқан.
Азаттық сауалына мессенджерде жауап берген Мөлдір Нұрманның айтуынша, оның телефонын полиция тәркілеген. Ол бұл іске 6 қаңтарда Facebook-парақшасында су мәселесі туралы жариялаған материалы себеп болғанын айтты. Журналист онда Шымкент қаласы әкімдігіне қарасты су арнасы туралы ақпаратты бөліскен. Мөлдір Нұрман қылмыстық іс "осы журналистік зерттеуіне" байланысты қозғалды деп есептейді.
Полиция Қылмыстық кодекстің "Көрінеу жалған ақпарат тарату" деген 274-бабы бойынша іс қозғалғанын мәлімдеді. Тергеу амалдарына сай, сот психология-филология сараптамасы тағайындалған. "Тергеу құпиясына байланысты өзге ақпарат жария етуге жатпайды", – деді полиция.
Мөлдір Нұрман "Қылмыстық іс қозғалған кезде және үйіңізді тінту кезінде заңда көрсетілгендей процедуралық құқығыңыз толық сақталды ма? Шымкент әкімдігіне қарайтын су арнасы туралы әлеуметтік желіде жариялаған материалдағы қай сөзіңіз "жалған ақпарат" деп танылған? Сіздің үстіңізден полицияға кім шағым түсірген?" деген Азаттық сұрағына "Қазір ешнәрсе айта алмаймын. Тапсырыс берген кім, сол сұрақ қызық. Суға бола саяси лауазымды тұлғаның телефонын тергеп, сандалтып жатыр" деп жауап берді.
Мөлдір Нұрман ЖСДП-ның Түркістан облысындағы филиалының жетекшісі екенін партия өкілдері растады. ЖСДП өкілі Мақсұт Бейбітұлы қылмыстық іске байланысты қойылған сауалға "бұл оның жеке мәселесі, партияға қатысы жоқ" деп жауап берді.
Мөлдір Нұрман "Қазақстан-Шымкент" телеарнасы (қазіргі "Оңтүстік"), "Қазақстан-Тараз" телеарнасы, "Қазақстан" ұлттық телеарнасында жұмыс істеген.