АҚШ-Ресей сыртқы істер министрлерінің Сауд Арабиясындағы кездесуі қалай өтті?

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марк Рубио (оң жақта), Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров (сол жақта) және Ресей президентінің сыртқы істер жөніндегі көмекшісі Юрий Ушаков 18 ақпан күні Эр-Риядтағы кездесуде.

АҚШ пен Ресейдің шенеуніктері Украинадағы соғысты аяқтау жөніндегі алғашқы келіссөзін аяқтады. Вашингтон мен Мәскеу дипломатиялық қарым-қатынасты қалпына келтіруге және үш жылға ұласқан соғысты аяқтау жөнінде келіссөз бастауға уағдаласты да, Кремль жаңа талаптарын жариялады.

Your browser doesn’t support HTML5

АҚШ пен Ресей келіссөз өткізді. Еуропа алаңдаулы. Зеленский Түркияда

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Эр-Риядта төрт сағаттан астам талқы өткізгені – АҚШ-тың соғысты дипломатиялық жолмен аяқтауға деген негізгі талпыныстарының бірі. Вашингтон өкілдері бұл талқыны АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путиннің кездесуіне жол ашуы мүмкін алғышарт деп атады.

18 ақпан күні Сауд Арабиясының астанасында журналистермен сөйлескен Рубио бұл талқы Украинадағы соғысты аяқтаудағы "ұзақ әрі қиян жолдың алғашқы қадамы" деп бағалап, АҚШ пен Ресей делегаттары төрт қағидаға келіскенін айтты.

Олар: Вашингтон мен Мәскеу арасындағы дипломатиялық миссияларды жандандыру, Украинадағы соғысты аяқтау жөнінде келіссөз жүргізетін жоғары лауазымды тұлғаларды тағайындау, "Украинадағы қақтығысты аяқтағаннан кейінгі геосаяси және экономикалық әріптестікті" анықтау, АҚШ пен Ресейдің Эр-Риядқа келген делегаттардың одан әрі байланыста болуы.

Лавров кездесу "өте пайдалы болғанын" айтып, Мәскеу арнайы уәкілді мейлінше тез тағайындауды көздеп отыр деді.

"АҚШ тарабы біздің ұстанымымызды түсініп отыр деуге негіз бар" деді Лавров.

Сергей Лавров пен Юрий Ушаков Эр-Риядтағы талқы кезінде.

Ресей президентінің сыртқы саясат жөніндегі көмекшісі Юрий Ушаков та делегация құрамында болған. Ол екі жақ Путин мен Трамп кездесуінің алғышартын талқылағанын мәлімдеді. Бірақ Ресей мен АҚШ-тың Украина жөніндегі келіссөзін бастау туралы шешімді Путиннің өзі қабылдайды деді ол.

"Трамп әкімшілігінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі жоғары лауазымды шенділерінің Ресей ұстанымын естіп, президентке жеткізгені пайдалы" дейді Вашингтондағы Atlantic Council талдау орталығының штаттан тыс сарапшысы Джон Дени. "Бірақ әзірге Ресей неден бас тартып, не нәрсеге табандылық танытатынын айтуға ерте".

КЕЗДЕСУДІҢ НӘТИЖЕСІ ҚАНДАЙ?

Рубио да, Лавров та елшіліктердегі қызметкерлер қалпына келтіретінін айтып отыр, ал Мәскеу Украинадағы бітім келіссөзіне қатысатын, екіжақты қарым-қатынасты қолдайтын дипломатиялық миссия құрмақ.

АҚШ мемлекеттік департаменті мәлімдеме жасап, екі елдің делегациялары өзара қарым-қатынастағы "кедергілерді" жойып, тартысқа толы жылдардан соң дипломатиялық әріптестікті жандандыруға келіскенін айтты.

Мемлекеттік департаменттің баспасөз хатшысы Тэмми Брюс екі ел "алдағы әріптестіктің" алғышартын анықтайтынын айтып, бірақ мұның нақты уақыты әлі белгісіз екенін ескертті. "Бір телефон қоңырауынан соң болған бір кездесу тұрақты бейбітшілік орнатуға жеткіліксіз" деді ол.

Марко Рубио Ресей делегаттарымен талқы өткізген соң журналистерге баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Эр-Рияд, 18 ақпан.

Баспасөз хатшысы Эр-Риядтағы кездесу ұзақ процестің алғашқы қадамы екенін мәлімдеді.

Лавров болса, қос тарап дипломатиялық миссиялардың жұмысы жөніндегі мәселелерді шешуге келіскенін хабарлады.

Украина мәселесіне келгенде ол мәселенің шешіміне екі жақ та мүдделі, Ресей АҚШ-тың арнайы өкілдер тағайындағанын күтеді деді.

"Содан соң қажет келіссөздер басталып, тұрақты өтіп тұрады" деді ол.

Ресей сыртқы істер министрі сондай-ақ НАТО әскерін Украина жеріне орналастыру мәселесіне Кремль үзілді-кесілді келіспейтінін айтты.

Бұдан бөлек, Ресей шенеуніктері Украинадағы ұзақ мерзімді бейбітшілік үшін Еуропадағы қауіпсіздік жөніндегі бірқатар мәселелер қозғалуға тиіс екенін мәлімдеді.

"Құрлықтағы қауіпсіздік мәселелерін кешенді түрде қарастырмай, ұзақмерзімді кешенді келісім мүмкін емес" деді 18 ақпан күні Кремль баспасөз хатшысы Дмитрий Песков.

Песков сондай-ақ Путин қажет болса, Украина президенті Владимир Зеленскиймен сөйлесуге дайын деді. Бұған дейін Путин Зеленскийді легитимсіз президент деп атап, онымен сөйлесуге құлықсыз екенін айтқан. Украинада үш бұрын басталған соғыс кезінде президент сайлауы өтпеген.

Ресей сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Мария Захарова Мәскеудің ұстанымын баяндап, НАТО 2008 жылғы уәдесінен, бір күні Украина осы әскери одаққа кіреді деген сөзінен бас тартып, Киев бейтарап болуға көнуі қажет деді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ АҚШ пен Еуроодақ арасында сауда соғысы болуы мүмкін бе?

ЕНДІ НЕ БОЛМАҚ?

Қос тарап арнайы уәкіл тағайындап, талқыны жалғастыруға келісті. Рубио алда бұл талқыға Еуроодақ та қатысатынын меңзеп, "санкциялары бар өзге де тараптар бар, Еуропалық Одақ белгілі бір межеде үстел басында отыруы қажет болады, өйткені олар жариялаған санкциялар да бар" деді.

Еуропа кеңесінің сыртқы істер жөніндегі сарапшысы Яна Пульерин АҚШ пен Ресей шенділерінің Эр-Риядтағы кездесуін Киев те, оның Еуропадағы серіктестері де демін ішке тарта отырып қадағалады дейді. Оның сөзінше, Украина мен Еуропа елдері Трамп Мәскеумен асығыс келісім жасап, қауіпсіздік жөніндегі мүдделерді елеусіз қалдыра ма деп қатты алаңдап отыр.

Сарапшының айтуынша, Еуропа лидерлері Ресей 2022 жылы ақпанда Украинаға басып кіргелі және АҚШ шенділерінің Еуропа қауіпсіздік мәселесінде кеңірек рөл атқаруы қажет деп мәлімдеме жасағаннан кейін көптеген бетбұрыстарға тап болып отыр.

"2022 жылғы ақпан Ресеймен қауіпсіздік жөнінде тәртіпке келуге болады деген сенімді жойып, Ресей мен Қытайға стратегиялық салалар бойынша түбегейлі тәуелді болудың қараңғы жақтарын көрсетсе, 2025 жылғы ақпан АҚШ бұдан әрі Еуропа қауіпсіздігіне жауапкершілік арқалығысы келмейтінін, олардың мүдделері біздікінен түбегейлі басқаша екенін көрсетті" дейді Яна Пульерин.

17 ақпан күні Еуропа лидерлері төтенше кездесу өткізіп, Украинадағы соғысты және Еуропадағы қауіпсіздік мәселесін талқылады. Бірақ ортақ шешімге келе алмады.

Сауд Арабиядағы екіжақты талқыдан соң, АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майкл Уолц соғыстан кейінгі бейбітшілікке кепіл болудың басында Еуропа тұруы қажет деді. Ол осылайша АҚШ әкімшілігінің Еуропа қорғаныс саласына бөлетін қаржысын ұлғайтуы қажет деген сөзін қайталады.

Зеленский Эр-Риядтағы талқыны Украина өкілдері қатыстырылмағаны үшін сынай сөйлеп, соғысты аяқтауға бағытталған "әділ" келіссөзге үндеді. Ол бұл келіссөзге Еуроодақ, Түркия және Ұлыбритания қатысуы қажет деп мәлімдеді.

Atlantic Council орталығының сарапшысы Джон Дени бейбітшілік жөніндегі қандай да бір келісімге келетін күн әлі алыс екенін, алда бұл талқыға Украина мен Еуропа елдерінің қатысуы керек болатынын айтады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Украина майданында да, саясатында да тартыс күшейді. Жағдай қалай ушықты?

Оның сөзінше, Эр-Риядтағы кездесуді АҚШ-тың Ресеймен дипломатиялық қарым-қатынасты жандандырудың ең кейінгі талпынысы деп қарастыру керек. 2001 жылы президент қызметіне кіріскен Джордж Буш та, 2009 жылы президент қызметіне кіріскен Барак Обама да осындай қадамдар жасаған. Бірақ дипломатияны қалпына келтіру жөніндегі осы бастамалар Грузия мен Украинадағы геосаяси қақтығыстармен аяқталды.

"Белгілі бір межеге жеткенде қарсыласпен сөйлесу қажет, АҚШ қоржынында дипломатия дейтін құрал болғаны абзал" дейді Дени. "Жандандыру талпыныстарының қисыны бар-ақ, бірақ осыған дейінгілері көңіл қалдырған".

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Трамп пен Путин кездесуі, Қазақстанның мүддесі және санкция қатері