Reuters: Франция Еуропа лидерлерін Украина мәселесі бойынша екінші кездесуге шақырмақ

Франция президенті Эммануэль Макрон (сол жақта) Украина мен Еуропаның қауіпсіздігі мәселесі жөніндегі жиынға келген НАТО бас хатшысы Марк Рюттемен қол алысып тұр. Париж, 17 ақпан, 2025 жыл.

Франция 19 ақпанда Украина мен Еуропаның қауіпсіздігі мәселесі бойынша осы аптадағы екінші кездесу өткізуді жоспарлап отыр. Бірақ бұл жолы 17 ақпандағы талқылауға қатыспаған Еуропа елдерін де шақырады. Оған қоса НАТО-ға мүше Канаданы да шақырмақ.

Reuters агенттігі дереккөздерге сүйеніп, кездесуге шақырылғандар арасында Норвегия, Литва, Эстония, Латвия, Чехия, Греция, Финляндия, Румыния, Швеция және Бельгия бар деп хабарлады. Келіссөз офлайн және онлайн форматта өтеді деп отыр, тараптар бейнебайланыс арқылы қатысуы мүмкін.

17 ақпанда Франция президенті Эммануэль Макрон Мюнхендегі қауіпсіздік конференциясынан кейін Ұлыбритания, Германия, Италия, сондай-ақ НАТО мен Еуропа одағы басшылығы өкілдерінің қатысуымен шұғыл ұйымдастырылған кездесу өткізді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Еуропа жетекшілері Украинаға көмек мәселесін талқылады

АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігінің кейінгі мәлімдемелері мен әрекеті Еуроодақтың бірқатар елінде АҚШ-тың жаңа әкімшілігі Еуропаның мүдделерімен санаса ма және ол Ресеймен ЕО мен Украинаға қолайсыз болатын келісімге келмей ме деген алаң туғызған.

Парижде 17 ақпанда өткен кездесу бірнеше сағатқа созылды. Данияның премьер-министрі журналистерге бұл кездесу бейресми пікір алмасу болғанын айтты, сөзінше, жетекшілер нақты бір келісім бекітеді деген жоспар болмаған.

Кездесуде Еуроодақ елдеріндегі қорғаныс саласына кететін шығынды көбейту және оған байланысты бюджет ережелерін өзгерту талқыланған.

Кейбір ел 17 ақпандағы Париждегі кездесу Еуропаның бірнеше лидерінің қатысуымен ғана өткізілгеніне және толықтай еуропалық саммит болмағанына наразы болды деді Еуропа Одағы өкілдері.

Елисей сарайы пікір білдіруге бірден жауап берген жоқ деді Reuters.

Your browser doesn’t support HTML5

АҚШ пен Ресей келіссөз өткізді. Еуропа алаңдаулы. Зеленский Түркияда