АҚШ Украинамен табиғи ресурстар бойынша келісімді талқылаған кезде елде Starlink спутниктік интернетін өшіру мәселесін де қозғаған. Бұл жөнінде келіссөз процесінен хабардар үш дереккөзге сүйенген Reuters жазды.
Мәселе Украина аумағынан Starlink-ке қосылуды өшіру жөнінде болып отыр ма, әлде АҚШ-тың Starlink қызметін төлеуден бас тартуы жөнінде болып отыр ма, белгісіз. Bloomberg агенттігінің жазуынша, ай сайын Пентагон Starlink пен Украина арасындағы келісімшарт үшін 2,3 млн доллар қаражат төлейді.
Reuters-дің жазуынша, Зеленский Ақ үй ұсынған келісімге қол қоюдан бас тартқаннан кейін АҚШ Starlink-ті өшіреміз деп сес көрсеткен.
Украинаның Вашингтондағы елшілігі, Ақ үй, АҚШ қорғаны министрлігі, SpaceX компаниясы Reuters-тің сұрақтарына жауап бермеді.
АҚШ Украинаға ұсынған және Зеленский қол қоймаған алдын ала келісім жобасын британдық The Telegraph газеті қайта жариялады. Басылымның мәліметінше, келісім тек пайдалы қазбалар ғана емес, сонымен қатар мұнай мен газ ресурстарын, порттар мен Украинаның басқа да инфрақұрылымдарын қамтиды. Ол сонымен бірге болашақта қандай салалар мәміле нысанасы болуы мүмкін деген сұрақты да ашық қалдырады. Болашақта ресурстарды монетизациялау үшін АҚШ Украинаның ресурстарды өндіруден түсетін қазіргі кірісінің 50% және «үшінші тарапқа берілген барлық жаңа лицензиялар» құнының 50% алуды жоспарлап отыр. Яғни, АҚШ пайдасына қарай «осындай табысқа салық» енгізіледі. The Wall Street Journal мәліметінше, екі жақ келісімге бүгін қол қоюы мүмкін.