Ресей ІІМ өз еркімен соғысқа барып, пана сұраған Қазақстан азаматының өтінішін қабылдады

Ресей қарулы күштері сарбаздары. Көрнекі сурет.

Ресей ішкі істер министрлігі Украинадағы соғысқа қатысқан Қазақстан азаматы Петр Мирошниченконың пана сұраған өтініш қабылдады. 24 ақпанда Ресейдің көші-қон мәселелері жөніндегі бас басқармасына сүйенген "РИА Новости" агенттігі Мирошниченкоға депортация қаупі төніп тұрған жоқ деп хабарлады.

Ресей ІІМ бұған дейін Қазақстан азаматына уақытша пана беруге дайын екенін мәлімдеп, оны көші-қон мәселелері жөніндегі бөлімшеге жүгінуге үндеген.

"РИА Новости" агенттігінің жазуынша, өтінішті қарау мерзімі бір айдан үш айға дейін созылады. Оған дейін Мирошниченкоға Ресейде жүруге рұқсаты бар құжат берілген.

"Настоящее Время" арнасының хабарлауынша, 41 жастағы Петр Мирошниченко – Қазақстанның солтүстігіндегі Ақмола облысының тумасы. 2023 жылы Ресей армиясына қосылып, Украинада Ресей жағында соғысуды ұйғарған.

Мирошниченко Ресейде көші-қон картасының мерзімі 2023 жылғы желтоқсанда аяқталғанына байланысты ұсталған. Қаңтарда Ресей полициясы оны көші-қон заңын бұзды деп айыптап, Қазақстанға депортациялаған.

Мирошниченконың сөзінше, Қазақстанда оны ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері шақырып, Қазақстаннан кетуге бір ай уақыт берген.

"Мен мұны заңды түрде істей алмадым, өйткені апелляция өтінішімді орындаудан бас тартты. Сондықтан шекараны заңсыз кесіп өтіп, Ресей шекарашыларына берілдім", – деді ол.

Ресей соты Петр Мирошниченкоға 10 мың рубль айыппұл салып, сот залынан босатқан. 2024 жылы жазда ол "Восток" еріктілер жасағымен келісімшарт жасасып, Украинадағы соғысқа қатысқан. Алты айдан кейін Ресейге оралғанда "құжатқа қатысты мәселеге кез болғанын" айтқан.

Ақпанның ортасында әлеуметтік желіде Мирошниченконың видеоүндеуі тараған, ол Қазақстанға қайтса, сот оны бостандығынан айыруы мүмкін екенін айтып, Ресей президенті Владимир Путиннен көмек сұраған.

Қазақстанда шетелдегі қарулы қақтығыстарға қатысқан азаматты қылмыстық жауапқа тарту 2014 жылы Украинаның Донецк және Луганск облыстарында соғыс басталғаннан кейін енгізілген. Қазақстан заңы бойынша, шетелдегі қарулы қақтығыстарға қатысу, жалдамалы әскер қатарына қосылу, ондай топтарға адам жинау, материалдық көмек беру және оларды оқыту қылмыс болып есептеледі. Ондай қылмыс жасаған адам 12 жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленеді. Ал егер жағдайын ауырлататын себептер болса, ол адам Қазақстан азаматтығынан айырылып, өмір бойына түрмеге қамалуы мүмкін.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Орталық Азия ұлты өкіліне жататын 50-ден аса адам Украинада соғыс тұтқыны болып отыр