Қаржы мониторинг агенттігі (ҚМА) "ақша жымқырды" деген күдікке ілініп, қазір қамауда отырған кәсіпкер, блогер, Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қорының жетекшісі Перизат Қайраттың ісіне қосылған жаңа эпизодтың жай-жапсарын айтты.
Ведомствоның хабарлауынша, іс Ақмола облысындағы "Батыр" қоғамдық бірлестігіне 2021 жылы оңалту орталығын салу мақсатында ақша жинау акциясымен байланысты.
"Перизат Қайрат тарапынан таратылған жалған деректер бойынша 48 миллион теңге жиналып, құны 100 миллион теңге ғимарат сыйға тартылған. Алайда, аукцион кезінде шын мәнінде 22 миллион теңге түскен, осы ақшаны ол өзінің жеке қажетіне жаратқан" деп жазылған ресми хабарламада.
Ведомствоның айтуынша, күдікті ұйымға құны 30 млн теңге тұратын жер телімін сатып алғанын мәлімдеген, алайда ол жер телімін бірлестіктің өзі 2019 жылы сатып алған.
"Оңалту орталығының құрылысы әлі басталмаған қалпында тұр. Орталықтың қажеттілігіне берілді деген ғимарат мүлдем жоқ болып шықты" деп жазылған ресми хабарламада.
Екі күн бұрын ҚМА қаңтардың соңында Перизат Қайрат ісіне жаңа эпизод қосылғанын, мүгедектігі бар балаларға арналған оңалту орталығын "ашу" ісімен байланысты екенін хабарлаған. Дәл сол кезде ҚМА Перизат Қайраттың анасының үстінен де қылмыстық іс қозғалғанын айтқан.
ҚМА-ның хабарлауынша, жүзден астам том болатын қылмыстық істі тергеу аяқталып қалған, наурыздың басында іс материалдарымен танысу басталады.
Перизат Қайрат былтыр көктемде су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтарға және Таяу Шығыстағы палестиналықтарға гуманитарлық көмек көрсетуге деп жиналған 1,7 млрд теңгеден астам қаржыны жымқырды деген күдікке ілініп, 2024 жылы қарашада қамауға алынған.
Оның отбасымен жақын араласқан достары бұған дейін әлеуметтік желіде Перизат Қайраттың кінәлі екеніне сенбейтінін жазған.
Былтыр заңгер Жангелді Сүлейменов "Экслюзив" басылымына берген сұхбатында заңға сәйкес, сот үкімі шықпайынша адамды қылмыскер атауға болмайтынын жеткізіп, қоғамда айтылып жатқан жалаң айыптауларды сынаған. Оның сөзінше, Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қор емес - қоғамдық бірлестік, ал заң бойынша қоғамдық бірлестік жинаған қаражатты ұйым өз еркімен пайдалана алады. Заңгер "ақшаны мақсатты түрде пайдаланбау" бұл қылмыстық іс емес, азаматтық ретте арқылы қаралуы керек екенін айтқан.
Былтыр желтоқсанда сот кәсіпкердің мүлкін бұғаттады. Қаржы мониторинг агенттігі былтыр Перизат Қайраттың үйін тінту кезінде "қайырымдылыққа жиналған қаражатқа сатып алынған" қымбат техника, танымал брендтер шығарған киім, аяқ киім, зергерлік бұйымдар, сөмкелер табылып, тәркіленді деп хабарлаған.
Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қоры былтыр сәуірде су тасқыны кезінде 55 мың қазақстандықтан 80 миллион теңге жинағанын хабарлаған. Перизат Қайрат тасқын кезінде "қор қаржысының жұмсалу барысы – мемлекеттің қаржы министрлігі мен Ұлттық банктің тікелей бақылауында" деп жазған.