Qaznews24 паблигі авторы Темірлан Еңсебек ісі тағы кейінге қалды

Qaznews24 паблигінің авторы Темірлан Еңсебектің соты. Алматы, 27 ақпан 2025 жыл.

"Алауыздық қоздырды" деп айыпталған Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебектің ісін қарау тағы да кейінге қалды. Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының ұйғарымы бойынша іс алдын ала тыңдау кезеңіне қайтарылып, қаланың Наурызбай аудандық сотына жіберілді.

27 ақпанда Алмалы аудандық соты ғимаратындағы залға күдікті Темірлан Еңсебектің өзі әкелінбеді. Оны сотқа тергеу изоляторынан онлайн қосты. Алайда Темірлан Еңсебек дыбыс сапасы нашар екенін, судьядан басқа ешкімді естімей тұрғанын, тіпті адвокаты Жанар Балғабаеваны да естімей отырғанын айтты. Алайда судья оның сөзін назардан тыс қалдырды.

Кейінірек қорғау жағының Темірлан Еңсебекті сотқа офлайн қатыстыру туралы өтініші қаралып, судья қанағаттандырды. Келесі сот отырысына Темірлан Еңсебек сот залынан қатысатын болды. Сот отырысы кезінде ол "маған күлкілі емес" деген жазуы бар қағазды камераға көрсетіп отырды.

Сот залына белсендінің жақтастары, журналистер жиналды. Сотқа қатысушылар арасында "сатира - қылмыс емес" деген жазуы бар шағын парақ таратылды. Негізгі залға жұрт сыймағандықтан келгендердің бір бөлігі мониторы бар қосымша залға отырғызылған. Олар сотты монитордан бақылады.

Қорғау жағы сотқа қатысқысы келетін дипломатиялық миссия және халықаралық бақылаушыларды процеске қатыстыруды сұрады.

Адвокат "қылмыс құрамы болмағандықтан" Темірлан Еңсебекке қатысты қылмыстық істі жабуды өтінді.

Ал прокурор Айнаш Жуаспаева істі Наурызбай аудандық сотына ауыстыруды сұрады. Ол "қылмыс жасалған уақытта Еңсебек үйінде, Наурызбай ауданында болған" деді. Адвокат Жанар Балғабаева мен Темірлан Еңсебек прокурордың өтінішіне қарсы шықты. Судья бұл бойынша прокурордың өтінішін қанағаттандырды. Енді сот Наурызбай аудандық сотында өтпек.

Темірлан Еңсебек - Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы. Instagram-да 70 мыңдай фоллоуері бар бұл парақша көбіне саяси тақырыпта шындыққа жанаспайтын әзіл пост шығарумен танылған.

Бірақ Алматы қаласының полиция департаменті 21 қаңтарда оның үстінен іс қозғауға сатиралық жазбалары емес, автордың "бүтін бір этнос өкілін қорлайтын, ұлтаралық алауыздық қоздыратын белгілері бар материал жариялағаны" себеп болды деп мәлімдеді.

"Қазақстан – көпұлтты ел, сондықтан мұндайға жол берілмейді, Конституцияға сәйкес, ешкімді шығу тегі, ұлты, тілі, дінге көзқарасы я кез келген басқа жағдай бойынша кемсітуге болмайды. Мұндай іс-әрекеттер Қазақстанның негізгі қағидаттарының бірі саналатын этносаралық келісім мен халық бірлігіне нұқсан келтіреді". Полиция баспасөз қызметі осылай деген.

Адвокат Жанар Балғабаеваның айтуынша, Темірлан Еңсебектің қамалуына "Йоу, орыстар" деген ән түрткі болған. Еңсебек бейәдеп сөздерден тұратын әнді ресейлік тележүргізуші Тина Канделаки туралы постына қосқан. Былтыр жазда Алматыдағы рэп-фристайлда "Йоу, орыстар" әнін айтқан видео желіде тарап кеткеннен кейін Алматының әкімшілік соты әнді айтқан белсенді Мария Кочневаны 10 күнге қамаған еді.

Темірлан Еңсебекті полиция 2025 жылғы 17 қаңтарда үйіне тінту жүргізгеннен кейін ұстап әкеткен. 18 қаңтарда тергеу соты оны екі айға қамауға алды. Оның үстінен Қылмыстық кодекстің "Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздық қоздыру" деп аталатын 174-бабы бойынша іс қозғалған. Бұл бапта айыппұл, шектеу немесе бас еркіндігінен айыру жазасы қарастырылған.

Бейсенбі күні адвокат Темірлан Еңсебектің бұлтартпау шарасын өзгертіп, қамаудан бостандыққа шығаруды сұрады. Ал прокурор соттан адвокаттың өтінішін орындамауды өтінді. Бірақ судья Еңсебекті қамауда қалдыру туралы шешім қабылдады.

Темірлан Еңсебек қазір Алматыдағы N72 изоляторда отыр.

Бұған дейін Темірлан Еңсебектің соты екі рет шегерілген. 27 ақпанда сотқа 1,5 сағат қалғанда соттың офлайн өтетіні айтылды.

Медиа саласына маманданған заңгерлер арасында іс қозғауға себеп болған былапытқа толы әннің өзі Интернетте бұрыннан бар екенін, оған тыйым салынбағанын айтқан. Еңсебек те өзіне тағылған айыпты жоққа шығарады және істің саяси астары бар деп санайды

Бұған дейін International Partnership for Human Rights, Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен "Журналистерді қорғау комитеті", Article 19 ұйымы Қазақстан билігін Темірлан Еңсебекті босатуға үндеген. Сатиралық паблик авторының үстінен іс қозғалғанын тәуелсіз сарапшылар да сынға алған. Белсендінің жақтастары Темірлан саяси астармен қудалауға түсіп жатыр деп біледі.

Қазақстанның бірнеше қаласында журналистер мен белсенділер Темірлан Еңсебекке қолдау білдіріп, жалғыз адам пикетін өткізген. Олардың арасында екі журналист 15 күн әкімшілік қамауда отырып шықты, бірнеше белсендіге сот айыппұл салды.

Темірлан Еңсебек алғаш рет істі болып тұрған жоқ. 2021 жылы мамырда полиция оның пәтеріне тінту жүргізген. Ол жолы тергеу орындары "көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған еді. Сол іс бойынша "қорғауға құқығы бар куәгер" атанған Еңсебек өзіне тағылған айыпты жоққа шығарған. Кейін бұл іс тоқтатылған.