Алматының Алмалы аудандық соты Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебекке қозғалған қылмыстық іс бойынша негізгі сотты тағы кейінге шегерді. Бұл жөнінде Азаттыққа оның адвокаты Жанар Балғабаева хабарлады.
Оның сөзінше, 21 ақпан таңертеңгі сағат 10-ға белгіленген сот "істе төрағалық ететін судьяның отбасылық жағдайына байланысты" кейінге қалдырылған. Бұл сот алғаш рет кейінге шегеріліп жатқан жоқ.
Бастапқыда сот отырысы 14 ақпанда өтуі тиіс болған, кейін ол 21 ақпанға шегерілді. Енді тағы кейінге қалдырылып отыр.
Соттың қашан өтетіні әлі хабарланбады.
Темірлан Еңсебек - Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы. Instagram-да 70 мыңдай фоллоуері бар бұл парақша көбіне саяси тақырыпта шындыққа жанаспайтын әзіл пост шығарумен танылған.
Бірақ Алматы қаласының полиция департаменті 21 қаңтарда оның үстінен іс қозғауға сатиралық жазбалары емес, автордың "бүтін бір этнос өкілін қорлайтын, ұлтаралық алауыздық қоздыратын белгілері бар материал жариялағаны" себеп болды деп мәлімдеді.
"Қазақстан – көпұлтты ел, сондықтан мұндайға жол берілмейді, Конституцияға сәйкес, ешкімді шығу тегі, ұлты, тілі, дінге көзқарасы я кез келген басқа жағдай бойынша кемсітуге болмайды. Мұндай іс-әрекеттер Қазақстанның негізгі қағидаттарының бірі саналатын этносаралық келісім мен халық бірлігіне нұқсан келтіреді". Полиция баспасөз қызметі осылай деген.
Адвокат Жанар Балғабаеваның айтуынша, Темірлан Еңсебектің қамалуына "Йоу, орыстар" деген ән түрткі болған. Еңсебек бейәдеп сөздерден тұратын әнді ресейлік тележүргізуші Тина Канделаки туралы постына қосқан. Былтыр жазда Алматыдағы рэп-фристайлда "Йоу, орыстар" әнін айтқан видео желіде тарап кеткеннен кейін Алматының әкімшілік соты әнді айтқан белсенді Мария Кочневаны 10 күнге қамаған еді.
Темірлан Еңсебекті полиция 17 қаңтарда үйіне тінту жүргізгеннен кейін ұстап әкеткен. 18 қаңтарда тергеу соты оны екі айға қамауға алды. Оның үстінен Қылмыстық кодекстің "Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздық қоздыру" деп аталатын 174-бабы бойынша іс қозғалған. Бұл бапта айыппұл, шектеу немесе бас еркіндігінен айыру жазасы қарастырылған.
Медиа саласына маманданған заңгерлер арасында іс қозғауға себеп болған былапытқа толы әннің өзі Интернетте бұрыннан бар екенін, оған тыйым салынбағанын айтқан. Еңсебек те өзіне тағылған айыпты жоққа шығарады және істің саяси астары бар деп санайды.
Бұған дейін International Partnership for Human Rights, Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен "Журналистерді қорғау комитеті", Article 19 ұйымы Қазақстан билігін Темірлан Еңсебекті босатуға үндеген. Сатиралық паблик авторының үстінен іс қозғалғанын тәуелсіз сарапшылар да сынға алған. Белсендінің жақтастары Темірлан саяси астармен қудалауға түсіп жатыр деп біледі.
Қазақстанның бірнеше қаласында журналистер мен белсенділер Темірлан Еңсебекке қолдау білдіріп, жалғыз адам пикетін өткізген. Олардың арасында екі журналист 15 күн әкімшілік қамауда отырып шықты, бірнеше белсендіге сот айыппұл салды.
Темірлан Еңсебектің істі болып, қудалауға түскені алғаш рет емес. 2021 жылы мамырда полиция оның пәтеріне тінту жүргізген. Ол жолы тергеу орындары "көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған еді. Сол іс бойынша "қорғауға құқығы бар куәгер" атанған Еңсебек өзіне тағылған айыпты жоққа шығарған. Кейін бұл іс тоқтатылған.