Қарағанды облысы Шахтинск қаласының соты "Қазақстан" шахтасындағы кеншілер өліміне себеп болған апатқа байланысты айып тағылған адамдарға үкім шығарды. Сотқа тартылған шахтаның төрт қызметкері 4 жылға бас еркіндігінен айырылды.
Оларды "тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік қағидаларын бұзып, оның салдары абайсызда екі және одан көп адамның өліміне алып келді" деп айыптады. Жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде айыпкерлердің кәмелетке толмаған балалары бары ескерілген. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Прокурор соттан айыпкерлерді кінәлі деп тануды, үш жылға тау-кен және құрылыс саласында басшылық қызметте істеуге тыйым салуды, төрт жылға бостандығынан айыруды сұраған. Шахтинск қаласы сотының баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, жәбірленуші тарап заң бойынша жаза тағайындауды, ал қорғаушы тарап айыпкерлерді ақтауды сұраған.
Бұған дейін сотталушылар мен олардың қорғаушылары кінәсіз екенін мәлімдеп, прокуратурадан қылмыстық істі қосымша тергеуге жіберуді сұрап арызданған.
Былтыр күзде Шахтинск қаласының соты "Қазақстан" шахтасындағы кеншілер өліміне қатысты істі қайта қарай бастаған. Істі қарау аяқталуға таяғанда судья ауысып, процеске қатысушылар мен көптеген куә қайта жауап беретін болған.
Жәбірленушілер шахтаның және компанияның жоғарғы басшылары да сот алдында жауап беруге тиіс деген. Тараптар қылмыстық істі қосымша тергеп-тексеріп, "Қазақстан" шахтасының лауазымды басшыларына қатысты да процестік шешім қабылдауды сұраған. Сот ол өтінішті қанағаттандырмады. Өтініш берушілер прокуратураға шағымданғанмен, одан да түк шықпады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Басшылықтан ешкім жауапқа тартылмады". "Қазақстан" шахтасындағы кеншілер қазасына қатысты сот қайта басталдыҚарағанды көмір бассейні – әлемдегі ірі көмір бассейндерінің бірі. "Қазақстан" шахтасы аса қауіпті шығарындысы бар шахтаға жатады, онда кенеттен көмір мен газ шығарындысы болуы мүмкін әрі шаң-тозаңы да қауіпті саналады. Д6 қабатының көмір тозаңының жарылу қаупі бар, бұл қабаттың көмірі өздігінен жануға бейім болады.
Соттың мәліметінше, конвейердің Д6 беткейін игеруде металл арка тіреуінің ажырағаны және біртұтас болмағаны анықталған. Айыптау қорытындысында бұған байланысты жұмысты тоқтату бойынша шара қабылданбағаны, тұтануы орташа жанғыш конвейер таспасын пайдалануға рұқсат етілгені, үгітіліп тұрған материалды тазалап, конвейер көлігінің сырғымасын ауыстыруға тапсырма берілмегені, салдарынан шахтаның көмір конвейер қимасында өрт шыққаны айтылған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Ұлым үшін аяғына дейін жеткізем". "Қазақстан" шахтасындағы апаттан кейін жағдай өзгере ме?"Қазақстан" шахтасындағы апат 2023 жылғы 17 тамызда болған. Онда шыққан өрт салдарынан бес адам қаза тапқан: 26 жастағы Илья Старовойт, 29 жастағы Артур Халиков, 45 жастағы Денис Стешин, 56 жастағы Виктор Бургун және 58 жастағы Виталий Слюньков. Тергеу бес кеншінің де көмірқышқыл тотығынан уланып қайтыс болғанын анықтаған, кеншілер тұншығып өлген.
Апат кезінде шахтада істейтін 17 жұмысшының денсаулығына орта және жеңіл дәрежедегі зиян келген. Олар улы газдармен, соның ішінде көмірқышқыл газымен уланған, бұған қоса көпшілігінің жанары күйіп, уытты гепатит және басқа да ауруларға душар болған.
Билік бұл жағдай толықтай жұмыс берушінің кінәсінен болған деп мәлімдеген.
Ол уақытта шахта британдық миллиардер Лакшми Митталдың иелігіндегі "АрселорМиттал Теміртау" компаниясына қарайтын. Кәсіпорынға тиесілі шахталарда апат азаймай тұрған соң, инвесторларды ауыстырып, компанияның атын Qarmet деп өзгертті. Қазір оған қазақстандық бизнесмен Андрей Лаврентьев иелік етеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Арселордың" Қазақстандағы 28 жылы мен Митталдың болат қорыту империясының өрлеуі