"Көзім тіріде бір көріп қалсам деймін". Қытай түрмесіндегі ұлын сағынған ананың арманы

Жасы тоқсанға келген Сақыш Ережепқызы Қытайдың Шыңжаң аймағында қамауда отырған ұлы Қанат Ережептің портретін көрсетіп отыр. Алматы, 17 ақпан, 2025 жыл.

Қытай қазағы Қанат Ережептің туыстары бір жылдан бері одан хабар ала алмай отыр. Жасы тоқсанға келген анасы Сақыш Ережепқызы "көзім тірі тұрғанда ұлымды көрсем" деп армандайды. Шыңжаңдағы қазақ тілінде хабар тарататын телеарнаны 20 жыл басқарған Қанат Ережеп былтыр Қытайда қамауға алынған.

"ҚАЙ ЖЕРДЕ ЕКЕНІН БІЛЕ АЛМАЙ ОТЫРМЫЗ"

– Қазіргі күнде бұлғақтап тұрған дүние ғой. Сол үшін не жала табады, не қылады, адам біле ме? Сонсоң уайымдап кетесің. Тірі көреміз бе, көре алмаймыз ба? Бұл неге бұлай созылып кетті? – деп күйзеледі жасы тоқсанға келген Сақыш Ережепқызы.

68 жастағы Қанат Ережепті анасының көрмегеніне бір жыл болған. Туыстары былтыр Қытайдың Шыңжаң аймағында қамауға алынған Қанатқа қандай айып тағылғанын да білмейді. Қай жерде, қандай жағдайда отырғанынан да бейхабар. "Көзім тіріде ұлымды бір көрсем арманым жоқ" деп қатты уайымдайды кейуана.

– Бар байлығым да, дүниеде көргенім де осы төрт бала еді. Бәріңнің ата-анаң солай ойлайды ғой, осылар оқып, қараңғы болып қалмай ел үшін істейтін жақсы адам болып шықса екен деп. Сондай ниетпен жақсы тәрбиеледік, жақсы болып өсті. Неге ұстады, білмеймін. Баланы сағынбайтын ана бола ма? Күнде бір көріп отырсам дейсің. Заманаң да түп-түзу тұрған жоқ. Сосын ойлайсың, бірдемеге ілініп кетпесе екен, аман жүрсе екен деп, – ұлын бір көруге зар болып отырған Сақып Ережепқызы осылай дейді.

"Шыңжаң" телевизиясы басшысының бұрынғы орынбасары Қанат Ережеп

Қанат Ережеп Қытайдың Шыңжаң-ұйғыр автономиялы аймағында қазақ тілінде хабар тарататын "Шыңжаң" телеарнасын 20 жыл басқарған. Ұзақ уақыт диктор болып қызмет атқарған. 2017 жылы зейнетке шыққан. "Қамалды" деген хабар жетерден бұрын Қазақстанға келіп-кетіп жүрген.

– Менің уайымдайтыным – оның денсаулығы. Өзі диабет болатын, – дейді анасы.

Туыстарының айтуынша, Қанат Ережеп қамаларынан бұрын көзіне ота жасатыпты. Алматыда тұратын қарындасы Айгүл Мәуленбайқызы Қанатқа нақты қандай айып тағылғанын білмейді.

– Біз естігенде, қазірдің өзінде сексен я тоқсан неше зиялы қауым [қамауда] деді. Әр аймақтан, облыстан, автономиядан, үгіт-насихат саласынан, телевидение, газеттен деп естідік. Ішінде таныстар да бар. Соның бір-екеуі босап шықты деп тағы естідік. Сонда енді орталықтың саясатын мына жергілікті үкімет асыра сілтеушілік істеп, мысалы жала жабуы да мүмкін ғой. Жала жауып, домалақ арыз жазып, сондайдан ба екен деп ойлаймыз. Әйтпесе енді қандай қылмыс болады? – деді Айгүл Мәуленбайқызы.

"ҚАМАЛҒАНДАР ТІЗІМІНДЕГІЛЕР КӨБЕЙІП КЕТТІ"

2024 жылы шілдеде қазақстандық "Жас Алаш" газетінде "Шыңжаңда ұсталған қазақ зиялыларына араша болар қауқарымыз бар ма?" деген мақала шыққан. Онда Қытайда белгісіз себеппен қамалған 22 адамның аты-жөні жарияланды. Солардың арасында Қанат Ережептің де аты-жөні аталған.

Мақала авторы Жақсылық Қазымұратұлы Азаттыққа Шыңжаңда болып жатқан жағдайды "2017-2020 жылдары болған қудалау саясатының жалғасы" деп атаған. Азаттық осы тізімдегі бірнеше адамның туыстарына хабарласқан еді. Олар туыстарының қамалғанын растағанымен, Қытай билігінің қысымынан қауіптенеміз деп, ашық пікір білдіруден бас тартқан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Ұсталғандардың біразын танимын". Қытайдағы "қазақ зиялылары" қамауда отырғаны рас па?

Қытай қазақтарының мәселесін көтеріп жүретін қоғам белсендісі Ауыт Мұқибек былтыр Қытай басшысы Си Циньпин мен Қазақстанның сыртқы істер министрлігіне хат жолдап, Шыңжаңда қамауда отырған қазақ зиялыларын босатуға сұраған. Астанадан жауап та алған. Онда Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Қытай тарабымен бірлесіп, қамалғандардың отбасымен қауышу тетігін әзірлегені жазылған. Ол үшін қамалған азаматтардың туыстары Қазақстанның Қытайдағы елшілігіне өтініш түсіруі қажет. Мұқибек "Шыңжаңда қамалған азаматтардың туыстары баяу әрекет етіп жатыр" дейді.

Ауыт Мұқибек

– Өкінішке қарай, міне содан бері бір жыл өтті. [Қамалғандар] тізімінде 17 адам еді, кейін көбейіп, 30 адамнан асып кетті. Солардың [туыстарының] бірде-біреуі хат жазған жоқ. Мен соған таң қалдым. Бір үлкен лауазымды тұлғаның, атын айтпай ақ қояйын енді, ағамыз ғой, осы жерде тұратын бауыры бар екен. Соған бес рет қоңырау шалдым. Хат жаз, мен көмектесейін, ең жоқ дегенде барып көріп келсін деп. "Ойбай, жеңгеміз тиіспеңдер, әне шығады, міне шығады деп айтты" деп, – деді Мұқибек.

"ЖАҒДАЙЫ НЕ БОП ЖАТҚАНЫН СҰРАЙЫҚ"

Қанат Ережептің туыстары онымен жүздесу үшін екі елдің ресми органдарына өтініш жазбағанын мойындайды. Олардың сөзінше, "қамауға алынды" деген хабар жеткенде Қанаттың жұбайы бұл іс туралы әзірге жария қылмай тұруды өтініпті. Қысым күшейе ме де қорыққан. Бірақ кейінгі айларда Қытайдағы Қанаттың үй-ішімен де хабар үзілген.

Қанат туралы уайым күшейген тұста туыстары Қазақстанның ресми органдарынан араша сұрауға бекініп отыр.

– Өзіміз жазып, ұмтылуға қорықтық. "Жағдайы тіптен нашар болып кетеді" деп айтты. [Шағымдануды] енді бастадық. [СІМ] хабардар ма, жоқ па, білмедім. Енді ізденейік, не жағдай болып жатқанын сұрайық деп ұйғардық. Сотталса, қылмысын айту керек қой? – деді Айгүл Мәуленбайқызы.

Ол Шыңжаңдағы туыстарымен тілдесе алмай отырғанын, олардың телефоны өшірулі екенін айтты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қамаудағылар ойымнан кетпейді". Шыңжаң лагеріндегі азапты көрген қазақтың шері

Адам құқықтарын қорғайтын Human Rights Watch ұйымы 2017-21 жылдар аралығында Шыңжаңда 540 мыңнан астам адам сотталған деп жазған.

БҰҰ-ның 2018 жылғы есебінде Қытай үкіметі Шыңжаңда бір миллиондай ұйғыр, қазақ, қырғыз, өзбек және басқа да мұсылман адамдарды "қайта тәрбиелеу лагерьлеріне" жапқанын айтқан. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен Батыс елдері Шыңжаңда аз ұлттардың құқығын аяқ асты ететін саясат жүріп жатыр деп Қытай билігін сынаған. Ресми Пекин бұл айыптауларды жоққа шығарып, оны "экстремизммен күрес", ал ұсталғандар қамалған лагерьлерді "кәсіпке баулитын орталық" деп атаған.

Қытай — Қазақстанның ең ірі экономикалық серіктесінің бірі. Кейінгі жылдары Астана мен Пекин арасындағы саяси-экономикалық әріптестік күшейіп келеді. Қазақстандық және шетелдік саясаттанушылар "Қазақ-қытай қатынасында Пекиннің ықпалы басым, Астананы шығыстағы алып мемлекет өзіне кіріптар етіп ұстағысы келеді" деп есептейді. Қазақстан билігі мен елдегі мемлекеттік басылымдар Шыңжаңда қысым көрген қазақтар тақырыбын қозғамауға тырысады. Астана оны "Қытайдың ішкі ісі" деп атаған.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы желтоқсанда "Неміс толқыны" арнасына берген сұхбатында "Шыңжаңда қазақ ұлтының өкілдері қысым көріп жатыр деген ақпараттың көбі шындыққа жанаспайды. Қазақстан геосаяси текетірестің ойын алаңына айналмауға тиіс" деген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Халида Ақытхан. Шыңжаңдағы үш ұлынан тірідей айырылған ананың күресі"Қытайдағы туыстарымызға да қысым басталды". Шыңжаңнан қашқан үш қазақ әлі босқын куәлігімен жүрҚытайда сотталған інісіне араша сұрап жүрген Байболат АҚШ-қа көшіп кетті БҰҰ Қытайдың Шыңжаңдағы саясатын "адамзатқа қарсы қылмыс" деп атады"Лагерь рухымды сындырды". Шыңжаңда қамауда болған қазақ ақынның бастан кешкені