Украинада соғысқан қазақстандыққа Ресей пана бермек

Ресей ішкі істер министрлігі Украинада ресейліктер жағында соғысқан қазақстандық Петр Мирошниченкоға уақытша баспана беруге дайын екенін мәлімдеді.

Бұған дейін ол Ресей басшысы Владимир Путиннен өзіне Ресей азаматтығын беруді сұраған. Қазақстан заңы бойынша, шетелдегі қарулы қақтығыстарға қатысқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Мирошниченко Қазақстанда өзін түрме күтіп тұрғанын айтып, ол жаққа орала алмайтынын айтқан. Бұл жөнінде жергілікті БАҚ хабарлады.

Ресей ішкі істер министрлігіне қарасты көші-қон мәселелері жөніндегі бас басқарманың телеграм-арнасында Мирошниченкоға қатысты қысқа хабарлама жарияланды.

"Ресей ішкі істер министрлігі бұл азаматқа еліміздің аумағынан уақытша баспана беруге дайын, бұл туралы бұрын «Восток» еріктілер бригадасының өкілдеріне де хабарланған болатын. Бұл мәселені мүмкіндігінше тезірек шешу үшін азамат өзінің тұратын жері бойынша Ресей ішкі істер министрлігінің аумақтық органының көші-қон бөліміне хабарласуы керек" деп жазылған ресми хабарламада.

"Курсив" басылымының жазуынша, 2024 жылы Ресей Мирошниченконы көші-қон режимін бұзғаны үшін елден депортациялаған. Алайда ол Ресейге қайта заңсыз кірген. Сол үшін оған айыппұл салынып, сот шешімімен елден қайта шығарылған. Бұдан кейін ол былтыр шілдеде "Восток" еріктілер жасағымен келісімшарт жасасып, Украинадағы соғысқа кеткен. Жарты жылдан кейін Ресейге оралып, құжат мәселесіне тап болған. Мирошниченко Путинге бағыттаған видеомәлімдемесінде өзіне азаматтық сұраған.