Халықтың өсімі баяулады: қорқынышты белгі
Орталық Азияда кейінгі онжылдықтарда халық саны тұрақты өсумен болды. 1950 жылдан бастап аймақтағы халық саны айтарлықтай артты, ал қазір өсу қарқыны біртіндеп баяулап келеді. Халықтың көбеюі бірінші кезекте Өзбекстанға тән, елдегі халықтың саны ХХ ғасырдың ортасында 7 миллион болса, 2024 жылы 37 миллионға жеткен.
Қазақстанда да халық саны тұрақты әрі бірқалыпты өсумен келеді, аталған кезеңде халық саны 6,5 миллионнан 20 миллионға жеткен.
Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан секілді аймақтағы басқа елдерде өсу қарқыны бұдан гөрі баяу. Бұл елдердегі халық саны 1950 жылы 1,5-2 миллион болса, 2023 жылға қарай 6-9 миллион адамға жеткен.
Өсу қарқынының біртіндеп төмендеуі Орталық Азияның барлық еліне дерлік тән. Әсіресе, аймақтағы халық саны ең көп ел саналатын Өзбекстанда қатты байқалады.
1950-2023 жылдары Орталық Азия елдеріндегі халық санының өсімі: UN, World Population Prospects (2024).
Туу көрсеткіші 8 жылдағы ең төмен деңгейде
Өзбекстан тұрғыны, 45 жастағы Карима – отбасындағы тоғызыншы бала. Ол дүниеге келген уақыт үлкен әпкесінің тұңғышын босанған сәтімен тұспа-тұс келіпті. Осылайша тумай жатып кішкентай жиеніне нағашы әпке болып шыға келген.
Кариманың өзі тұрмысқа 29 жасында шыққан. Қазір екі баласы бар: ұлы 16-да, қызы 12 жаста. Тағы да перзент сүйгісі келгенмен, асырап-бағу оңай емесін ойлап іркіледі.
"Қазір баланы бағып-қағуға, оқытуға қыруар ақша керек. Бұрын мектеп те, қосымша үйірмелер де тегін болатын, қазір мемлекеттік білім беру мекемелерінің өзінде қосымша сабақтың ақысын төлеу керек. Балаларым дамуға қажетті тегін курстарды іздеп табуға тырысады, бірақ, мәселен, жоғары оқу орнына түсуге ол жеткіліксіз. Оларды оқытуға несие алсаң да, шығын толық жабылмайды. Балаларды мектепке дайындағанда туған-туыс көмектеспесе, күйеуім екеуіміздің шамамыз жетпес еді", – деді ол.
Карима балабақшада тәрбиеші болып істейді, күйеуі азық-түлік дүкенінде сатушы. Айтуына қарағанда, тапқан-таянғанның бәрі тамаққа және несиелерін жабуға жұмсайды. Несиені тұрмыста бірінші кезекте қажет желдеткіш, тоңазытқыш, теледидар сияқты бұйымдар үшін алған.
Кариманың жағдайына қарап, кейінгі жылдары Өзбекстан бетпе-бет келіп отырған демографиялық ахуалды бағамдауға болады. 2024 жылы елде кейінгі сегіз жылда бірінші рет туу көрсеткіші төмендеген. Қазір бұл деректі қоғам қызу талқылап жатыр.
Туу көрсеткішінің төмендеуімен бірге, өлім-жітім көрсеткіші артты. Статистика мекемесінің дерегі бойынша, 2024 жылы 174,4 мың адам қайтыс болған, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 1,6 мың адамға көп. Өлімнің негізгі себептері – қан айналым жүйесі аурулары (57,6%), жаңадан пайда болған ісіктер (9,4%), тыныс алу мүшелерінің ауруы (6,3%) және оқыс жағдайлар (5,8%) болып отыр.
2024 жылы Өзбекстанда 271,8 мың неке тіркелген, бұл – кейінгі 10 жылдағы ең төмен көрсеткіш. Салыстыру үшін айтсақ, 2020 жылы карантин шектеуі болғанына қарамастан, тіркелген неке саны 25 мыңға артық болған. Мұнымен бірге ажырасу да көйбейіп барады: 2024 жылы ажырасқандар саны 45,1 мың болып, 2020 жылғы көрсеткіштен 59,9%-ға асып түскен.
"Өзбекстанның күні таяу деген сөз емес"
Мемлекеттік статистика комитетінің 2024 жылғы дерегі бойынша, былтыр Өзбекстанда 926,4 мың бала дүниеге келген, яғни 2023 жылмен салыстырғанда, 35,6 мың балаға аз. Жылдық көрсеткіштегі төмендеу үлесі 3,7% болды. Сарапшылар мұның себептері қатарында орташа некелесу жасы өскенін айтады: ер адамдардың орташа некеге тұру жасы 27,1 болса, әйелдердікі – 22,3 жас. Кештеу шаңырақ көтеру туу көрсеткішінің төмендеуіне тікелей әсер етеді.
Темур Умаров.
Берлиндегі Карнеги орталығының Ресей мен Еуразия аймағын зерттеу жөніндегі сарапшысы Темур Омаров бұл құлдырауды демографиялық құрылыммен түсіндіреді.
"Өзбекстанның демографиялық пирамидасын ашсаңыз, қазіргі 23 жастан 29 жасқа дейінгі буынға сәйкес келетін тұстағы ойысты байқайсыз. Бұл – қазір некелесіп, балалы болып жатқан толқын. Олардың саны алдағы жылдардан аз болғандықтан да туу көрсеткіші төмендегенін байқап отырмыз", – деді ол.
"Бұл таяу жылдары, тіпті алдағы онжылдықта Өзбекстанның күні таяу деген сөз емес. Себебі Өзбекстандағы орташа туу коэффициенті кейбір көршілес елдермен және тіпті постсоветтік елдермен салыстырғанда, өте жоғары", – деп қосты сарапшы.
Темур Омаровтың айтуынша, Өзбекстанда орташа туу коэффициенті әлі де жоғары – әр әйелге 3,3 баладан келеді.
"Бұл халық санын қазіргі күйде ұстап тұруды былай қойғанда, оны арттыруға да жеткілікті. Статистикаға назар салсақ, 80-жылдардың соңынан бері қарай Өзбекстан халқының саны екі есеге дейін өскен. Демография тұрғысынан бұл өте жақсы көрсеткіш", – деп толықтырды сарапшы.
Туу көрсеткішінің төмендеуі таяу арада Өзбекстан халқының санына айтарлықтай кері әсер етпейді, алайда ұзақ мерзім тұрғысынан алғанда, елдің экономикалық үлгісін қайта бейімдеуге тура келеді.
"Әйелдердің білім алу деңгейі көтерілген сайын, соның ішінде жоғары білімді әйелдер көбейген сайын орташа туу коэффициенті біртіндеп төмендей береді. Таяу арада демесек те, жалпы болашақта Өзбекстан бұл мәселеден қашып құтыла алмайды", – деп түсіндірді Омаров.
БҰҰ Халық саны жөніндегі қорының болжамына сәйкес, 2050 жылға қарай Өзбекстанда туу коэффициенті ауылдық жерде бір әйелге 2,2 баладан келіп, қалада екі баладан да аз болу ықтималдығы өте жоғары. Десе де, сарапшылар қала тұрғындары арасында да, ауылдықтар арасында да туудың айтарлықтай "қартаю" "ықтималдығы төмен" деп отыр.
Осыған орай ел экономикасын қайта қарастыруға тура келеді. Темур Омаровтың пікіріне сүйенсек, жаңа экономикалық құрылымға көшу келесі саяси буынның міндетіне айналады.
Алтын Уалтаева.
Тарих ғылымдарының кандидаты, Алматы қаласының тұрғыны Алтын Уалтаева халық санын қайта көтеру үшін орташа коэффициент 2,1 болуы керегін айтады. Қазір Орталық Азия елдеріндегі орташа туу коэффициенті халық санын ұлғайту көрсеткішінен жоғары. Тәжікстанда бұл көрсеткіш 3,1 болса, Қазақстанда – 3,0, Қырғызстанда – 2,9, Өзбекстанда – 2,7 және Түркіменстанда – 2,6.
Көші-қон: екіұдай әсер
Өзбекстанның демографиялық өсіміндегі маңызды фактордың бірі – көші-қон. 2014 жылдың қаңтар–желтоқсан айларында елден 250,4 мың адам кеткен. Мигранттар арасында әйелдердің үлесі басым (142,9 мың), бұл да демографиялық жағдайға қосымша әсерін тигізеді.
Темур Омаров көші-қонның әсер-ықпалы екіжақты екенін айтады: "Бір жағынан, көшіп кету ел ішіндегі туу көрсеткішін төмендетеді, сыртқа кетіп жатқандар Өзбекстанда қалып, елдің болашағы тұрақты екеніне сенсе, халық саны тезірек өсер еді. Екінші жағынан, еңбек мигранттарының шетелден жіберетін ақшасы елде қалғандардың тұрмыс деңгейін белгілі бір шамада ұстап тұруға көмектеседі. Ақылға сыйымсыз болып көрінсе де, көші-қон үй шаруашылығының қаржы жағдайын көтере отырып, демографиялық жағдайды жақсартуға да оң әсер етуі мүмкін".
Экономиканың жағдайы мен бала санын жоспарлау
Ташкентте тұратын, аты-жөнін атамауды өтінген әлеуметтанушы туу көрсеткішінің төмендеуі мен өлімнің артуы Өзбекстанның болашағына айтарлықтай қауіп төндіреді деп санайды. Халықтың табиғи жолмен өсу көрсеткішінің баяулауы еңбекке жарамды халықтың құрамы нашарлауына, зейнетақы жүйесіндегі жүктеменің көбеюіне және денсаулық сақтауға жұмсалатын шығынның артуына әкелуі мүмкін.
Әлеуметтанушы әлеуметтік бағдарламалардың маңызды екенін де атап өтті. "Балалы отбасыларға салық жеңілдігін қарастырып, көпбалалы отбасыларды қолдау бағдарламасын дайындау керек. Мұндай шаралар туу көрсеткішінің артуына ықпал етуі мүмкін", – деп санайды маман.
Бұған қоса аймақтарды дамытудың маңызды екенін айтады. "Жұмыс орындарын ашып, ауылдық жердегі өмір сүру жағдайын жақсарту көші-қонды азайтып қана қоймай, елдегі демографиялық жағдайды реттеуге де көмектеседі", – деп қорытты әлеуметтанушы.
Карима жағдайға басқаша көзқараспен қарайды. Оның айтуынша, ел экономикасының қазіргі жағдайы бала санын жоспарлауда мұқият болуды талап етеді.
"Бұрын жағдай жақсырақ еді, қазір тұрақты жұмысымыз болса да, қарыздан көз ашпаймыз. Тағы бір бала тууды емес, бар баланы жеткізіп, оларға білім беруді ойлайсың, болашақта күнін көріп кетсе дейсің", – деді ол.
Карима мемлекет қолдау көрсетпесе және экономикалық жағдай өзгермесе, жас отбасылар балалы болуды кейінге ысыра береді немесе бір-екі баламен шектеледі деп санайды. Бұл елдегі демографиялық ахуалға кері әсер жалғаса береді деген сөз.
Қазақстандағы жағдай
Қазақстанның Ұлттық статистика бюросының кейінгі деректерінде 2025 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша Қазақстанда 20 286 084 адам тұратыны айтылған. Оның 48,9 пайызы – ер адам, 51,1 пайызы – әйел.
12,7 млн адам – қалада, 7,5 млн астам адам ауылдық жерде тұрып жатыр.
Ресми мәліметке сай, 2024 жылы халық саны 252 242 адамға өскен.
"Былтыр жыл басынан бері елде 368 670 бала дүниеге келіп, сырттан 29 948 адам көшіп келген", – деп көрсетілген ресми мәліметте.
Халық өсімінің қарқыны бойынша Астана (6,91%), Алматы(2,86%) мен Шымкент (2,80%) қалалары алда тұр. Бұл үшеуі тұрғын саны миллионнан асатын қалаға жатады.
Ресми есеп бойынша, 2024 жылы Қазақстанға 17 мың адам көшіп келген.
2050 жылға қарай аймақ халқының саны 100 миллионнан асады
Алтын Уалтаеваның айтуынша, Орталық Азия елдеріндегі халық саны тұрақты түрде артып келеді, жыл сайынғы өсім орта есеппен бір миллион адамға тең. Ал 2024 жылдың аяғында бұл көрсеткіш 80 миллионнан асты.
Өмір сүру деңгейінің төмендігі мен жекелеген елдердегі өлім-жітім көрсеткішінің жоғары болуына қарамастан, сарапшылар халық саны алдағы уақытта да өсе береді деп болжап отыр. БҰҰ дерегі бойынша, 2050 жылға қарай аймақ халқының саны 100 миллионнан аспақ.
Орталық Азия әлемдегі ең жас аймақтардың біріне жатады, мұнда халықтың орташа жасы 27,6 болуының өзі демографиялық өсім үшін қолайлы жағдай туғызады.
Дегенмен, Уалтаева қалаға үдере көшу мен әлеуметтік инфрақұрылымға түсетін салмақтың артуынан 2030-2035 жылдары туу қарқыны төмендеуі мүмкін деп қауіптенеді. Аймақтың экономикалық әлеуеті айтарлықтай жоғары: кейінгі жиырма жылда Орталық Азия елдерінің жиынтық ЖІӨ-сі төрт есе өскен. Ал халық санының өсімі экономикалық дамуды жеделдетеді. Қазақстан, Өзбекстан, Түркіменстан секілді аймақтағы үш ірі экономикаға жиынтық ЖІӨ-нің 95%-ы тиесілі, әрі бұл елдер көмірсутек экспорттайтын негізгі елдер қатарында. Ал Қырғызстан мен Тәжікстанның экспорты металл және басқа да кеннен тұрады.
Мұнымен қоса, егде жастағы тұрғындар санының айтарлықтай артуы сияқты демографиялық өзгерістер әлеуметтік және экономикалық саясатқа жаңа қиындықтар тудырады.
БҰҰ Халық саны қорының болжамы бойынша, 2050 жылға қарай Өзбекстан халқының саны 45 миллионға дейін жетеді, соның ішінде 60 жастан асқан ерлер мен 55 жастан асқан әйелдер саны 3,2 миллионнан 9,8 миллионға дейін артады. 80 жастан асқан азаматтар саны 4,5 есе артып, 1,5 миллионнан асып кетеді. Бұл жағдай аймақтың тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін денсаулық сақтау жүйесін, зейнетақымен қамтамасыз етуді және еңбек нарығын бейімдеуді талап етеді.