28 ақпанда бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы наразылық акцияларын өткізбек болған белсенділерге Өскемен әкімдігі рұқсат бермеді. Әкімдік іс-шараны кейінге шегеруді ұсынған. Бұл жөнінде Азаттыққа бүгін, 26 ақпанда белсенді Леонид Карташев хабарлады.
– Біз бірнеше белсенді 28 ақпанда пикет, митинг және шеру өткізбек болдық. Қала басшылығы әдеттегідей әртүрлі сылтау айтып бас тартты. Бізге акцияларды «Наурыз айының басындағы мейрамдар өткен соң» ұйымдастыруды ұсынды. Есіңізде болса, президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселені зерттейтін комиссияға 1 наурызға дейін қорытынды айтыңдар деп тапсырма берген еді, меніңше, әкімдік осы қорытынды шыққанға дейін бізге мүмкіндік бермеуді ойлап отырған сияқты, – деді Леонид Карташев Азаттық тілшісіне.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтарда бірыңғай уақыт белдеуі жөнінде пікір білдіріп, 1 наурызға дейін жаңа өзгерістің азаматтар өмірі мен ел экономикасына әсері зерттеледі деп мәлімдеген еді.
Белсенділер Өскемен әкімдігіне акциялар өткізу туралы хабарландыруды 21 ақпанда берген. Әкімдіктің жауабы 25 ақпанда қолдарына тиген.
«Масленица» мерекесі және 1 наурыз – Алғыс айту күні қарсаңында барлық алаң мерекелік іс-шараларға дайындалып, санитарлық тазалық жүргізіледі. Сіздерге акцияны 17 наурызда өткізуді ұсынамыз», делінген әкімдіктің жазбаша жауабында.
Өскемен әкімінің орынбасары Ирина Смит Азаттық тілшісіне акцияға тыйым салу ойында жоқ екенін білдіріп, «белсенділерге басқа датаны ұсындық» деді.
Белсенділер желтоқсанда да бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы акцияларға рұқсат ала алмаған еді. Әкімдік «алаңдар босамайды» деп келіспеген. Бірақ Леонид Карташев межелі уақытта алаңда ешқандай іс-шара ұйымдастырылмағанын анықтап, әкімдікті «сылтау айтқаны үшін» айыптаған. Бұған әкімдік «біз емес, іс-шараны өткізбей қойған ұйымдастырушылар жауап беруі керек» деген. Бірақ әкімдік өкілі қандай іс-шара өткізілмек болғанын және ұйымдастырушы кім екенін айтудан бас тартқан.
Леонид Карташев қала билігін митингіге рұқсат бермей, «пікір білдіру құқығын шектегені» үшін 30 желтоқсанда сотқа берген. Сот процесі әлі жүріп жатыр.
2024 жылғы 1 наурызға дейін Қазақстанда екі сағат белдеуі болды. Оны өзгертуді ұсынған шенеуніктер бұрынғы уақыт адамның биологиялық уақыт ритмін бұзады деген уәж айтты. Олар бірыңғай уақыт белдеуінің тағы бір пайдасы: бүкіл ел аумағында бизнес процестерді реттеуге және көлікпен тасу қызметін жеңілдетуге септеседі деді.
Уақыт белдеуі ауысқалы Қазақстанда бұл шешімге қарсылық жиі болып тұрады. Уақытты бұрынғы қалпына келтіруді талап еткен петиция да жарияланып, оған мыңдаған адам қол қойған. Бірақ петицияны қараған құзырлы органдар белсенділер ұсынысын негізсіз деп тапқан.
18 желтоқсанда Астана соты Шығыс Қазақстан облысы тұрғындары атынан үкіметтің бірыңғай уақыт белдеуі туралы шешіміне қарсы арыз түсірген адвокаттың меселін қайтарды. Арыз иелері үкіметтің уақытты жылжыту туралы шешімінің күшін жоюды сұраған еді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Уақыт белдеуінің ауысуы Қазақстанға қалай әсер етті? Билік пен жұрттың пікірі