"Орталық Азияда еркіндік нығаймаған". Freedom House есебі жарық көрді

Қаңтар оқиғасында қаза тапқан азаматтардың аты-жөні жазылған плакат ұстап, Тәуелсіздік ескерткіші алдында тұрған адамдар. Алматы, 5 қаңтар, 2024 жыл.

Freedom House халықаралық адам құқықтары ұйымының "Құқық үшін күрес" деп аталатын жылдық есебінде әлемде еркіндік тағы шектеле түскені айтылған. Зерттеушілер кейінгі 19 жылда еркіндік нығаймай келеді дейді. Ұйым Орталық Азия елдерін "еркін емес" деп бағалаған.

ҚҰҚЫҚ ҮШІН КҮРЕС

Freedom House халықаралық адам құқықтары ұйымының "Құқық үшін күрес" атты жылдық есебіне сүйенсек, 2024 жылы әлемдегі 34 елде еркіндік элементтері жақсарған, ал 60 елде керісінше, нашарлаған. Осымен кейінгі 19 жылдан бері әлемде еркіндік көрсеткіші төмендеп келеді, деп жазады ұйым сарапшылары.

Салыстырар болсақ, еркіндік көрсеткіші төмендей бастаған 2006 жылы "еркін ел" болуға талпынған елдер қатарында 83 мемлекет болған, ал адам құқықтары қысымға ұшыраған елдер саны 53 еді. Содан бері еркін емес елдер көбейіп келеді.

Freedom House ұйымының "Құқық үшін күрес" атты есебінде 2024 жылы әлемдегі 34 елде еркіндік элементтері жақсарғаны, ал 60 елде керісінше, нашарлағаны айтылған.

Былтыр әлемдегі елдердің 40 пайызында сайлау өткен. Сондықтан саяси үміткерлерге қысым және олардың өміріне қауіп төндіретін қастандық әрекеттері жиілеген. Одан бөлек, Африкадағы азаматтық соғыстар мен Еуразиядағы еларалық жанжалдар жалғасып, адам құқықтарын шектеуге себеп болған.

Әлемдегі еркін елдер қатары азайса да, прогресс байқалып, көзге түскен аймақтар да бар. Әділ сайлауды талап еткен азаматтардың арқасында ұзақ уақыт бойы ел билеген авторитар басшылар орнынан кеткен.

Freedom House ұйымы Біріккен ұлттар ұйымының адам құқықтары жөніндегі декларациясына негізделген 25 индикатор бойынша зерттеу жүргізіп, елдер рейтингін дайындайды. Индикаторлар әр елдегі азаматтық және саяси құқықты анықтауға негізделген. Әр елдің еркіндік өлшемінде 100 балл жинау мүмкіндігі бар. Сол балға сәйкес, елдерге "еркін", "жартылай еркін" және "еркін емес" статус беріледі.

Биыл да еркін елдер тізімінде 100 баллмен Финляндия көш бастап тұр. Ал одан кейінгі орындарға Скандинавия елдері – Швеция (99 балл), Норвегия (99 балл) және Дания (97 балл) орналасқан. АҚШ былтырғыға қарағанда бір ұпай иемденіп, 84 балл жинаған. Ресей (12 балл) мен Қытай (9 балл) "еркін емес" елдер қатарында тұр. Ресейде еркіндік көрсеткіші былтырғыға қарағанда бір ұпай төмендесе, Қытайда жағдай өзгермеген.

"Біз әлем халқының 42 пайызында еркіндік деңгейі төмендегенін, ал небәрі 15 пайызында ол артқанын көрдік. Бүгін әлем халқының 20 пайызы еркін ел деп бағаланған мемлекеттерде тұрады", – деді Freedom House ұйымының зерттеу жөніндегі директоры Яна Гороховская 26 ақпанда есепті таныстыру кезінде.

Ұйым зерттеушілері әлемде еркіндіктің азаюына үш фактор әсер еткен: сайлау кезіндегі манипуляция мен қастандық әрекеттері, авторитаризмнің күшеюі және әскери қақтығыстар.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН

Адам құқықтары жөніндегі ұйымның есебінше, Орталық Азиядағы мемлекеттер "еркін емес" деп бағаланған. Өңірдегі ешбір елде былтыр еркіндік нығаймаған. Керісінше, Қырғызстан (26 балл) мен Түркіменстанның (1 балл) бір ұпайы кеміген. Ал Қазақстан (23 балл), Өзбекстан (12 балл) және Тәжікстандағы (5 балл) жағдай былтырғымен салыстырғанда өзгеріссіз қалған.

Freedom House Қазақстанды "жеке-дара тұлғаның уысына шоғырланған авторитаризм" деп бағалаған. Бұл Орталық Азияның барлық еліне тән жағдай.

Қазақстан демократиялық статус санаты бойынша небәрі 5 балл жинаса, Қырғызстан 11 баллмен шектелген. Ал Өзбекстан 3, Тәжікстан 1 және Түркіменстан 0 баллмен рейтингінің ең төменгі жағына түскен.

Freedom House ұйымы Орталық Азиядағы постсоветтік бес елді "еркін емес" деп бағалаған.

Қазақстан интернет еркіндігі бойынша да "еркін емес" деп бағаланған. Бұл да былтырғымен салыстырғанда өзгермеген. Freedom House 26 ақпанда жариялаған есебінде Қазақстан туралы қосымша мәліметтер жазылмаған. Ұйымның коммуникация қызметінің жетекшісі Азаттыққа әр ел бойынша қосымша мәліметтер наурыз айының басында жарияланатынын мәлімдеді.

Freedom House зерттеушілері Өзбекстандағы сайлаудың қорытындысы бойынша парламентке билік бақылауындағы азаматтар өткенін жазады. Сондай-ақ Ташкент сайлау ережелерін де өзгерткен және мемлекет ресурсын басқа мүддеге жұмсаған.

Қырғызстан кейінгі он жылда еркіндік ең көп төмендеген елдер қатарында 31-орында тұр, яғни 2014 жылдан бері 10 ұпайы кеміген. Ал бұл теріс трендте Тәжікстан 19-орында тұр, яки кейінгі 10 жылда 17 ұпайдан айырылған. Кейінгі 19 жылда Тәжікстандағы еркіндік 33 баллдан 5-ке дейін құлдыраған.

Түркіменстан рейтингте бір ұпай иемденіп, бір ұпайынан айырылып отырған. 2005 жылы бұл ел мүмкін болған 100 баллдан 1 балл ғана жинаса, 2024 жылы да сол 1 баллмен қалып отыр.