"Сауда және интеграция министрлігі Еуроодақ санкция салған Қазақстандағы компанияларға қандай да бір шара қолдана ма?" деген Азаттық сұрағына министр Арман Шаққалиев "олар салық, экспорт бақылауы бойынша Қазақстан заңын бұзған болса, шара қолданамыз" деп жауап берді.
"Өзімізде экспорттық бақылау бар. Ол бақылауды тиісінше жасаймыз. Оған кіретін болса, онда министрлік НПС (ұлттық төлем жүйесі) арқылы тауар тасымалдауға рұқсат бермейді" деді 26 ақпан күні журналистердің сұрақтарына жауап берген министр.
Шаққалиевтің сөзінше, министрлік экспорт бақылауын бұзған компаниялардың лицензиясын қайтарып, тауар экспорттауға рұқсат бермейді. Министрдің сөзіне қарағанда, өз еркімен жабылатындары да бар.
Оның айтуынша, бұған дейін АҚШ пен Батыс елдерінің санкциясына іліккен елдегі кей компания қазір жұмыс істемейді.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметіне сүйенген министр Еуроодақтың Ресейге қарсы 16-санкция пакетіне іліккен Қазақстандағы компаниялар "сыртқы саудамен айналыспайды" деді.
Ол тізімге енген компаниялар машина жасау саласындағы жабдық түрлерін жеткізумен айналысқан деді.
"Олар тек Қазақстан аумағында жұмыс істейді. Бұл компаниялар жабылмады, бірақ қызметін өзгертті. Қолда бар ақпаратқа қарағанда, олар экспорт бойынша жұмыс істемейді" деді Шаққалиев.
Еуроодақтың жаңа санкциясына Алматыда шоғырланған Kazstanex және "Металлстан" компаниялары ілінген еді. Оның алдында қазақстандық Elem group және DA Group компаниялары да ЕО санкциясына ілінген еді.