Ақ үйде Украина президенті Владимир Зеленский мен АҚШ президенті Дональд Трамп және вице-президент Джей Ди Вэнс арасындағы керіске украиналықтар әртүрлі реакция білдірді.
Президенттің қайсарлығы кейбірінің мақтаныш сезімін оятса, өзгелері АҚШ-Украина қарым-қатынасының болашағына алаңдады. Бұл соғысқа қалай әсер етеді деп майдандағы жағдайға қатысты уайымы күшейгендер де бар.
"ПРЕЗИДЕНТТІҢ КАБИНЕТІНДЕ ДАУЫС КӨТЕРУ..."
Украинаның Еуроодақтағы бұрынғы елшісі Андрей Веселовскийдің айтуынша, оның эмоциясында қорқыныш басым болған.
Веселовский 28 ақпанда Азаттықтың Украина қызметінің эфирінде «Сіздермен тікелей трансляция жасауға келіскеніме өкінемін», - деді. «Өйткені жағдайды көргеннен кейін көңіл-күйім нашарлап кетті».
"Президенттің кабинетінде вице-президент пен президентке дауыс көтеріп, олардың сөзін үзу Украинаның мүддесіне көмектесетін стиль емес" деді дипломат.
Жұма, 28 ақпанда АҚШ және Украина басшыларының келіссөзі сәтсіз аяқталды. Ақ үйдегі президенттің кабинетінде журналистердің көзінше сөз таластырған екі елдің басшылары кездесуді аяқтамай шығып кетті. Трамп Украина көшбасшысының құрметсіздік көрсеткенін алға тартып, Зеленский «бейбітшілікке дайын болғанда орала алады» деді.
Кездесу аяқталмай тұрып, Трамп Украина мәмілеге келуге тиіс және Киев Ресейге қарсы соғыста көрсеткен көмегі үшін АҚШ-қа алғыс айтуы керек деген. Ал Зеленский АҚШ-тан қауіпсіздік кепілдігін сұрап, Ресей президенті Владимир Путинді меңзеп, "қанішермен ымыраға келмеу қажеттігін" айтқан.
Жоғарғы раданың депутаты, оңшыл ұстанымдағы "Еуропадағы ынтымақтастық" партиясының мүшесі Алексей Гончаренко Веселовскийдің эмоциясына ұқсас жағдайды басынан кешкенін айтады. Депутат "Трамппен қарым-қатынасқа нүкте қойылды" деп санайды.
ПРЕЗИДЕНТТІ МАҚТАНЫШ ТҰТУ
Киевте тұратын зейнеткер Наталья Сергиенко AP агенттігіне "Зеленский арыстандай айқасты" деді. "Оларда өте қызу әңгіме, қызу кездесу болды" деді ол. Зейнеткердің ойынша, Зеленский Украинаның мүддесін барынша қорғауға тырысқан.
Ресеймен шекарадағы Харьков облысының жетекшісі Олег Синегубов та Зеленскийдің әрекетін жоғары бағалап, Украина президенті "қауіпсіздікке кепілдіксіз бейбіт келісім жасауға болмайды" деген ұстанымынан айнымағанын атап өтті.
"Біздің басшы қысымға қарамастан Украина мен украиналықтарың мүддесін табанды түрде қорғады. Бізге қауіпсіздік кепілдігі бар әділетті бейбітшілік керек" деді Синегубов.
Украинаның кейбір тұрғындары Вашингтондағылардың Зеленскиймен қарым-қатынас жасау манерасына ашуланды.
"Біз демократияға ұмтылып жатырмыз, ал бізді жауынгерлерімізге, халқымызға деген құрметсіздікпен қарсы алады" деді Украинаның шығысындағы Ресей басып алған Луганскінің тумасы Артем Васильев Reuters агенттігіне.
АҚШ-ПЕН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТЫ ҚАЛАЙ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУГЕ БОЛАДЫ?
Васильевтің сөзінше, Трамп "қалалар қирап, адамдар өліп жатқанын, халық, аналар, балалар, жауынгерлер қасірет шегіп жатқанын түсінбейді".
Мақтаныш та, қорқыныш та сезінген украиналықтар соғыс жағдайында Украинаның маңызды одақтасы АҚШ-пен қарым-қатынасты қалай қалпына келтіруге болады деген сұрақ мазалап отырғанын да айтады.
ЕО-ның бұрынғы елшісі Веселовский Зеленский біршама ұстамды болуы керек деп санайды. Дипломат енді Зеленскийдің Ақ үйге бара алатындығына күмән келтіреді.
Зеленскийдің "Халық қызметшісі" партиясынан парламентке сайланған депутат Александр Мережко Азаттықтың Украин қызметіне қиындықтарға қарамастан Украина Трамппен тіл табысып, жұмыс істеуі керек, себебі жағдай өте күрделі деп санайды.
"Біз керісті азайтуымыз керек. Трампқа ықпалы бар конгрессмендер мен сенаторлар бар... Сол адамдармен шұғыл байланысуымыз керек" деді ол.
Киевтің мэрі Виталий Кличко
Киевтің мэрі Виталий Кличко Telegram арнасында "Украина АҚШ-тың қолдауынан айырылмайтын болар, бұл бізге өте маңызды" деп үміт білдірді.
"Қазіргі кезде тараптардың қай-қайсысы болса да, эмоцияға берілетін кез емес. Бізге ортақ тіл табу керек" деді Кличко.