Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер жексенбі күні Лондонда өткен Еуропа саммитіне қатысқан мемлекеттер лидерлерін өз елдерінің қорғаныс әлеуетін белсенді түрде нығайтуға үндеді. Оның сөзінше, бұл Украинада бейбітшілікті қамтамасыз етуге жәрдемдесу үшін ғана емес, сонымен бірге бүкіл құрлықтың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қажет. Бұл туралы Лондоннан Азат Еуропа / Азаттық радиосының арнайы тілшісі Рэй Фурлонг хабарлады.
Лондондағы екі сағатқа созылған саммитке Нидерланд, Дания, Швеция, Норвегия, Германия, Италия мен Польша үкіметтерінің жетекшілері, Франция мен Финляндияның президенттері, сонымен бірге Канаданың премьер-министрі мен Түркияның сыртқы істер министрі, НАТО бас хатшысы, Еурокомиссияның, Еуропа кеңесінің басшылары қатысты.
Саммитке АҚШ-тан ұшып барған Украина президенті Владимир Зеленский де қатысты. 2 наурызда Лондонда бас қосқан елдердің басшылары президент Зеленскийді жылы қарсы алып, оған қолдау білдірді, деп жазды Reuters. Трамп пен Зеленскийдің қарым-қатынасын қайта қалпына келтіру мүмкіндігі Лондон саммитінің негізгі тақырыптарының бірі болды, деп хабарлады Азат Еуропа / Азаттық радиосының тілшісі.
Өткен жұмада Вашингтонда АҚШ президенті Дональд Трамп пен Зеленскийдің алдын ала жоспарланған келіссөзі екі ел басшылары жиын алдында БАҚ өкілдерінің көзінше пікір таластырып, онысы дау-дамайға ұласып кеткендіктен аяқсыз қалды. Минералдық ресурстар бойынша екіжақты келісімге қол қойылған жоқ, бірлескен баспасөз мәслихаты да өтпей қалды. Ешкім күтпеген бұл жайт АҚШ әкімшілігінің Еуропаның қорғанысына қатысты ұстанымына кері әсер етіп жүрмей ме деген алаңдаушылықты күшейтіп жіберді.
Лондондағы саммиттен кейін президент Зеленскийді Ұлыбритания королі ІІІ Чарльз қабылдаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Зеленский бейбітшілікке дайын болғанда орала алады". АҚШ пен Украина арасындағы келіссөз сәтсіз аяқталдыСаммиттен кейінгі баспасөз мәслихатында Кир Стармер Ұлыбритания Украинаға 1,6 миллиард фунт стерлинг бөлетінін, ол қаржы Украинаға 5 мыңнан астам әуе шабуылына қарсы зымыран сатып алуға жұмсалатынын хабарлады. Бұл зымырандар Белфастта жасап шығарылмақ. Мұндағы мақсат – Киевтің [бейбітшілік жөніндегі] келіссөздердегі позициясын нығайту, деді Стармер. Британ премьер-министрі Еуропаның "әрекет қылатын уақыты келді" деп мәлімдеді.
"Бүгін біз тарихи жол айырығында тұрмыз", – деді Стармер. Оның сөзінше, Ұлыбритания, Франция және басқа елдер Украинамен "соғысты тоқтату жоспары" бойынша жұмыс істеуге келіскен. Бұл жоспарды кейін АҚШ-пен бірге талқылап, бірге жүзеге асыру көзделіп отыр.
Кир Стармер Лондондағы саммитке қатысушылардың төрт маңызды мәселе жайлы келісіп алғанын айтты. Олар: соғыс жалғасып жатқан кезде Украинаға әскери көмек жеткізіле бермек және Ресейге экономикалық қысым күшейтіледі. Екінші мәселе – бейбітшілік туралы кез-келген келісім Украинаның тәуелсіздігі мен қауіпсіздігіне кепілдік беруі керек және кез-келген бейбітшілік келіссөзіне Украина да қатысуға тиіс. Үшіншіден, егер бейбіт келісім жасалса, еуропалық лидерлер Ресейдің болашақта Украинаға басқыншылық жасауына жол бермейтіндей тосқауыл қоюы керек. Төртінші – Украинаны қорғауды және осы елдегі бейбітшілікке кепіл болуды "қалаушылар коалициясын" құру.
"Еуропа ауыр жұмысты өз мойнына алуы керек, бірақ АҚШ-тың қолдауы қажет", – деп есептейді британ премьер-министрі. Страмер "АҚШ сенімді серіктес емес" деген пікірге келіспейтінін білдірді.
"Біздің екі елдің арасындағыдай тығыз байланыс жоқ", – деді Кир Стармер Ұлыбритания мен АҚШ арасындағы қарым-қатынастар жайлы сөзінде.
Ол Лондонда жексенбі күні өткен талқылаулар Украина бойынша жоспарды АҚШ-пен бірлесіп және Вашингтонның қолдауымен іске асыру мақсатын көздеп ұйымдастырылғанын айтты. Стармер бұл жөнінде сенбі күні АҚШ президенті Дональд Трамппен сөйлескенін жеткізді.
"Еуропаның қауіпсіздігі үшін маңыздысы – құрлықтың АҚШ-пен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеу", – деді британ үкіметінің басшысы.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ұлыбритания мен Франция Украинамен бірігіп бейбітшілік жоспарын әзірлейді